«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың тыныс-тіршілігі, күнкөрісі қашан да төрт түлікпен байланысты болған. Бүгінде осы салаға бет бұрып, ата-баба кәсібін алға қарай сүйреп келе жатқан отбасылар бар. Солардың қатарында Айыртау ауданында тұратын Молдекеновтерді атап айтуға болады.

Айыртау ауданының тұрғыны Жо­март Молдекенов – мемлекет қол­дауының арқасында кәсібін дөң­гелетіп отырған жерлестеріміз­дің бірі. Жас жігіт 2001 жылы аға­йын-туыстарымен бірге Өзбек­стан­нан Қазақстанға қоныс аудар­ған. Бір жылдан кейін Жомарттың отбасына Ақмола облысының Көк­ше­тау қаласынан пәтер беріледі. 2008 жылы шаңырақ көтерген ол жеке кәсібін ашуды ойлайды. Мақсат – ата кәсіпті, яғни мал шаруа­шылығын дамыту. “Шешінген су­дан тайынбас” дегендей, қаладағы пәтерін сатып, Айыртау ауданына қоныс аударады.
– Бұл мал шаруашылығын да­мытуға қолайлы жер. Шұрайлы жерде үйір-үйір жылқы, табынды сиыр мен отар-отар қой өсіруге бо­лады. Ауылдастарымның қайсысы болсын өте еңбекқор жандар. Қол қусырып отыру деген мүлдем жоқ. Мен де мал сатып алып, жағ­дайымды түзеуді ойладым. Ақыры арманым орындалды. Құдайға шү­кір, қазіргі уақытта бар жоспа­рымыз ойдағыдай жүзеге асырылуда, – дейді Жомарт Хазидоллаұлы.
Ауылға көшкен отбасы алға­шында жергілікті жерден 30 бас мал сатып алады. Қалған ақша­сына жайлы қора тұрғызады. Қолға алған ісі сәтті болып, бір жылдан кейін мал етін Петропавл мен Көкшетау қалаларында саудалайды. Жыл өткен сайын мал басы көбейіп, шаруашылықтың тынысы кеңейе түсті.
Бүгін нарықтың талабы зор. Сондықтан мал басын асылдан­дыру қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ірі қараның тұқымын жақсартпай, малдан жоғары өнім аламын деу бос әурешілік. Асылдандыру жұ­мыстары – барлық табыстың бас­тауы. Осыны жете түсінген Жо­март тапқан қаражатына етті ба­ғыттағы асылтұқымды қара мал са­тып ала бастайды. Шаруа қожалығы жетекшісінің айтуынша, мем­лекеттік бағдарламалардың көмегі көп тиген.
“Сабақты ине сәтімен” дегендей, 2012 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарлама­сының екінші бағыты бойынша білім алады. Кейін бағдарлама аясында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы­нан жылына 6 пайыздық үстеме­мен 5 жылға 3 миллион теңгенің не­сиесін рәсімдейді. Бұл қаражатқа қорасына 13 бас қара кіргізіп, қажетті жемазық сатып алады. Бір жылдан кейін тағы 3 миллион тең­генің несиесін алып, оны 11 бас ірі қа­ра сатып алуға жұмсайды.
Қазіргі уақытта Жомарттың ша­руа қожалығында 120 сиыр, 40-тан астам қой, 5 жылқы бар. Кә­сіпкер алдағы уақытта мемлекет­тің мал шаруашылығын дамытуды көздеген бағдарламаларының игі­лігін көретін азаматтардың қатары арта түскенін қалайды.
– Ауылдың тіршілігі қауырт, тұр­ғындар таңның атысынан күннің ба­тысына дейін тыным таппайды. Се­бебі, мал шаруашылығы – біздің ата кәсібіміз. Бүгінде мемлекет та­рапынан да ауыл шаруашылығын жандандыруға бағытталған түрлі бағдарлама бар. Мал ұстап, кәсі­бін дөңгелетемін дегендерге жол ашық. Түрлі қорлардан мал ша­руашылығын дамытуға несиелер беріліп жатыр. Бұдан басқа қандай қолдау керек? Мен былтыр “Биз­нестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында тағы 10 мил­лион теңге несие алдым. Оған жа­ңа мал қорасын тұрғызып, электр желісін тартқыздым. Осындай мүм­кіндік беріп отырған мемлекетке алғыстан басқа айтарым жоқ, – дей­ді шаруа қожалығының бас­шысы.
Жомарт еңбекқорлығының арқасында үй салып, мал өсіріп, күн­көрісін жақсартуда. Іске білек сыбана кіріскен азамат жақын жерден құдық қазып алған. Бей­барыс пен Ақжол есімді ұлдары да қолдарынан келгенше әкелеріне қол­ғабыс көрсетуде. Олар жас болғандарына қа­ра­мастан, мал қайыруға жарап қалыпты.
Айтпақшы, зайыбы Оксана Тү­лекова – тіл үйірер дәмді қаймақ, май, ірімшік және құрт дайын­даудың шебері. Ол өнімдерін алдымен ауданның және Петропавл қаласының тұрғын­дарына өткізеді. Табиғи әрі таза өнімдер Нұр-Сұлтан мен Көкшетау, Қарағанды қалаларына да жөнелтіледі. Кәсіпкер алдағы уақытта өз ісін кеңейтіп, мал басын көбейтуді жоспарлауда.
Бүгінгі таңда “Ауылда жұмыс жоқ” деген әңгіме – жалқаудың сылтауы ғана. Өйткені, ерінбей еңбек қылған адамға қай жерде де кәсіп бар. Алақандай елді мекенде жеке шаруашылық ашып, төрт тү­лікті түлетіп отырған Жомарт Молдекенов соның нақты дәлелі. “Еңбек түбі – береке” деген осы.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp