Жақсы менен жайсаңдар еңбек еткен қасиетті қарашаңырақ – “Soltústіk Qazaqstan” газетінің өзіндік дара жолы бар. Басылымның қалыптасуынан бүгінгі күнге дейінгі ғасырлық тарихында талай қарымды, талғамы жоғары тәжірибелі журналистер болғанын көреміз. Солармен қатар басылымда 35 жыл бойы корректор болып еңбек еткен ардагеріміз Әлпеш Смағұловамен сұхбатымыз да сол көз көргендер жайында өрбіді.
– Атылған оқтай зырғып өткен газеттегі еңбек жолым небір қызықты оқиғалар мен кездесулерге толы болды. Өңіріміздің апталдай журналистерімен, от ауызды, орақ тілді ақын-жазушыларымен бірге газетімізді халқымыздың сүйікті басылымына айналдыру жолында тыным таппай еңбек еттік. Бала кезімнен дастан-қиссаларды жаттап, кітап оқуға құмарттым. Анам “Көп оқысаң, көштің соңында қалмайсың” деп, том-том кітаптарды үйге алдыртушы еді. Қиын кезде өсіп, жетілдік қой. Ауылда үнемі жарық болмайтын. Ауыл жастары қазақ зиялыларының туындыларын бір-бірінен сұрап алып оқитын. Қаламгерлердің шығармашылығына құмартып өскендіктен шығар, мектепті үздік бітіріп, қазақ тілі мен әдебиетіне сауатты болдым. Бұл қабілетім мені кейін сөзден сарай салып, ойдан орда тұрғызатын журналистер қауымының ортасына алып келді. Газет табалдырығын аттаған алғашқы күннен бастап небір марқасқа азаматтардың ақыл-кеңесіне құлақ түріп, көркем ой-пікірлерін тыңдай жүріп, әдебиетке деген қызығушылығым одан сайын арта түсті.
Үйде сақталған сүйікті газетімнің сарғайған нөмірлерін қолыма алғанда ерекше бір күйге бөленемін. Бала кезімде Ұлы Отан соғысы жылдары туралы жазылған мақалаларды жиі оқушы едім. Бүгін де сұрапыл жылдардың куәсі газет кейіпкерлерімен емен-жарқын әңгімелесіп, сұхбат құрғандай боламын. Ондағы қорғасын әріптермен өрілген көмескі жолдарда маған замана шежіресі жазылып кеткендей көрінеді.
Басылым әр жылдары отаншылдық рухты, патриотизмді тәрбиелеуге зор маңыз берді. Мәселен, Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Темірғали Нұртазин, Ғалым Малдыбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Молдахмет Тырбиев және басқа ақын-жазушылар газетке жиі мақала жазатын. Майдан мен тыл қаһармандарына жігер беріп, ерлікке үндеген материалдар үзбей жарияланып тұрды. Сол тұстағы редактор Өміржан Оспанов жайында жақсы пікірлер жиі айтылушы еді. Ол жас мамандарды шақырып алып, тәрбиелік мәні зор ақыл-кеңестерін айтып, корректор қызметінің қиыншылығын түсіндіруден, үйретуден жалықпапты. 1957-1963 жылдары газетке басшылық еткен Балтабек Асановтың да азаматтық келбеті ерен еді. Ол көп таралымды “Магнитогор жұмысшысы”, ал Ұлы Отан соғысы жылдары республикалық “Социалистік Қазақстан” газетінің редакторы болған. “Ленин туына” келер алдында Семей қалалық партия комитетінде лауазымды қызмет істепті. Бәкең сол келгеннен тың өлкесі құрылып, газет жабылғанға дейін істеп, кейін Қарағандыға көшті де сол жақта өмірден озды. Тәжірибесі мол басшымыз ізденуден, газет бетіне жаңа өзгеріс әкелуге ұмтылудан жалықпады. Ол үшін нөмірде қате жіберу өте өрескел кемшілік саналды. Журналистерге де, корректорларға қатаң талап қойды. Газеттің жарыққа шығуға әзірленіп жатқан әр бетін мұқият оқитын. Қажет болған жағдайда түнімен отыратын. Бұл үрдіс қызметкерлерге де әсер етпей қоймады. Тілшілер де, газеттің қатесін тексеретін корректорлар да өз жұмыстарына мұқият қарайтын болды. Өзі де, сөзі де биязы, асып-сасуды білмейтін азаматтың журналистік шеберлігіне сүйсінетінбіз, ол екі тілге де жүйрік болды. Үнемі аудармамен шұғылданып, орыс тіліндегі мәтінді де жедел жазып беретін. Кейін газетке Құрмантай Меңдіғожин, Уәп Рақымжанов басшылық етті. Бұл азаматтар да өте қарапайым жандар еді. Уәп Әшімұлы “Ленин туы” газетінің редакторы болып жиырма жыл істеді. Оның басшылығымен газет көркейіп, көлемденді, бүкіл республикаға танылды, марапат, мақтауларға ие болды. “Ленин туының” беттерінде қаламы төселген журналистер республикаға да танылып жатты.
– Өткен ғасырдың 50-інші жылдарында газет шығарудың қиындығы аз болмады ғой. Сол туралы айтып беріңізші.
– Жаңа тұрмысқа шыққан кезім. Осы газетте қызмет еткен Рүстем деген туысқаным корректордың орны бос тұрғанын айтып, редакцияға келуімді өтінді. Жаңа ортаға үйренісіп кетуіме аға корректор Ғалия Юняеваның көмегі көп тиді. Бірінші күннен ол маған жұмыстың барысын түсіндіріп, журналистермен таныстырды. Ғалия апай татар қызы болғанымен, жаны қазақ еді, шіркін! Мәтіндерді анық оқитын. Көз майын тауысып, ылғи әдеби шығармалар оқып отыратын. Менің кітапқа деген құмарлығымды білген соң, қай шығарманы оқу керектігі жөнінде ақылын айтып жүрді. Сондай-ақ, мен қызмет істеген жылдары Бағди Уәлиева, Ғайни Сауытова, Роза Әбжанова, Әйтман Қонтаев, Айгүл Қасымова сынды қыз-келіншектер еңбек етті.
Газет аптасына бес рет шығатын. Ол жылдары газет басу таңғы сағат 5-6-ға дейін созылатын. Кезекшілермен бірге таң атқанша сабылатынбыз. Мәскеу мен Алматыда үздіксіз өтіп жататын түрлі дәрежедегі жиналыстар, шетел басшыларымен кездесулердің материалдары орысшадан қазақшаға аударылып, телетайппен келіп түскенше, журналистермен бірге газет қызметкерлері түгелдей редакцияда жүретін. Шаршау дегенді білмеуші едік. Маған сол күндер өте ыстық.
Жарыққа шығатын материалдардың рухани бағыты мен мазмұндық мәні терең болушы еді, редакторлар әр апта сайын оқырманға ой салатын құнды мақаланың болуын қадағалап отыратын. Ұжым ішіндегі шығармашылық ахуал, журналистердің талпынысы мен ізденісі зор еді. Сол тұста “Ленин туының” беделі асқақтын. Ол облыс жұртшылығының сүйіп оқитын газетіне айналды.
– Өміріңіздің газетке арнаған 35 жылында көп адамдармен бірге қызмет еттіңіз. Сол әріптестеріңізді сағынасыз ба?
– Иә, біздің ұжым мүшелері ауызбіршілікте, сыйластықта қызмет етті. Сырттан келетін тапсырмалар көп, соның салдарынан кешігіп, үлгермей жатқан жағдайларда бір-бірімізге көмекке келіп, жұмысқа жауапкершілікпен қарайтынбыз. Соның нәтижесінде редакцияда жақсы ахуал орнады. Әріптестерім өте жақсы адамдар болды. Мен газетке жұмыс істеуге келген кезде редакцияда Алматыдағы жоғары оқу орнының журналистика бөлімін бітіріп келген Айтжан Беделханов, Мырзағали Серғалиев, Абай Қазиев, Самат Рақымберлин, Кенжебек Есімов, Клара Шәкірова сынды қаламгерлер еңбек етті.
– Жас күніңізде жазушы Сәбит Мұқановтың батасын алғаныңыз жайында әріптес аға-әпкелеріміздің аузынан естіген едік. Өзіңіз әңгімелеп берсеңіз.
– Ол кісі редакцияға келген сәттер әлі күнге дейін көз алдымда. Көзі тірісінде жыл сайын отбасымен бірге туған жерге келіп, өзі қызмет істеген редакцияға бас сұқпай кетпейтін. Сондай дидарласу кездерінде Сәбеңнің әдебиет, мәдениет, өмір туралы ұлағатты әңгімелерін ұйып тыңдайтынмын. Бірде қадірлі қонақты ортамызға алып табиғат аясына шықтық. Сәбең өте қарапайым адам болатын. Көпшілікпен бірге менің де қадірлі қонаққа қызмет жасап жүргеніме риза болса керек, кейін дастарқан жайылып, астан дәм татқан соң шақырып алып: “Асың дәмді екен, ғұмырлы бол!” – деп, ақ батасын берді. Жазушының бұл сөздерінен кейін журналист аға-інілер кабинетімізге жиі бас сұғып: “Сәбең мақтаған тәтті шайыңнан ауыз тимейміз бе?” – деп әзілдесіп тұрушы еді.
– Отыз бес жыл аз уақыт емес. Газетте сол кезде қызмет еткен журналистердің өмір жолы жайлы сізден артық кім біледі?
– Әр жылдары қызметке қабылданған Амандық Жантеміров, Болат Қожахметов, Мереке Тұралин, Байтұяқ Жанымбетов, Мәлік Мұқанов, Жоламан Шаханов, Зейнолла Әкімжанов, Қошан Қалиев және тағы да басқа талантты жастар кейін төл газеттің көрнекті тілшілеріне айналды. Еңбек майданында шыңдала келе газетіміздің тәжірибелі тілшілерінің қатарынан көріне білген Бақыт Мұстафин, Жарасбай Сүлейменов пен Кәрібай Мұсырман редакторлық қызметті де абыроймен атқарды. Аудандағы меншікті тілшілер де басылымның сапалы шығуына ықылас танытып, оқырманға ой салар шығармаларын газетке ұсынып жүрді. Техникалық тұрғыдан жасақталуына жауапты Күлзайра Мәлікова, Ғазиза Тоғайбаева, Дәмелі Мұстафина, Сәуле Ахмадиева, Ғалия Қасымова, Гүлнәр Қоңқабаева сынды қыз-келіншектер газеттің сапалы әрі мазмұнды шығуына өзіндік көмектерін көрсете білді. Газет қалада, сонымен қатар республикада болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғалардың бәрінен оқырманды құлағдар етіп отырды. Сондай-ақ, ісімізге тілеуқор болып, ізгі ниетті мақалаларын беріп, рухани демеу көрсеткен азаматтардың да еңбегін атап өткен жөн. Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев, облыстың халық ақындары Игібай Әлібаев, Ахметжан Нұртазин, Уахит Темірбеков, жазушы Ермек Қонарбаев, ақын Ғалым Малдыбаев, ауыл тілшілері Қайыркелді Ізтөлин, Тілеген Жетеев, Бақыт Тауқұдіретов, Жақила Жолмұқанов газетпен байланысын үзген жоқ. Ұжымға әр жылдары өздерің сияқты журналистік жолды таңдап келген жастардың арасында Күлбағила Өмірбекова мен Роза Молдақованың есімін де ерекше атап өткен жөн. Бірақ олардың ғұмырлары қысқа болды.
– Ғасыр жастың төріне озғалы отырған басылымға ақ тілегіңіз бар шығар?
– Өңіріміздегі алғашқы газеттердің бірі, һәм бірегейі “Soltústіk Qazaqstan” газетінің жүз жасқа келуі ауыз толтырып айтарлық үлкен оқиға. Газет ұжымы қай кезеңде болмасын қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтеріп келді. Бүгін де сол дәстүр берік сақталып отыр. Қоғам қайраткері, жазушы, қадірлі інім Жарасбай Сүлейменовтің басшылығымен бұл қарашаңырақта үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық таныту сияқты игі қасиеттер берік орныққан. Жылдағы дәстүр бойынша редакция қабырғасында өтетін кездесулерге қатысып, жас ұрпақпен емен-жарқын әңгіме құрамыз. Мұның өзі ұрпақтар сабақтастығы орнағандығының жарқын көрінісі емес пе?! Осы басылымда еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Талай жылдар бойы әр шаңырақтың төрінен табылған газетке деген ықылас пен жанашырлық бүгінгі оқырмандардың да бойынан табылса екен деген тілегім бар.
Әңгімелескен Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Ә.Смағұлова.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.