«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ БІЛІМІНІҢ БІЛГІРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқсан жылдық мерейтойын атап өткен қарт ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы ұлттық педагоги­ка­лық универ­ситет) қарашаңыра­ғынан кімдер түлеп ұш­пады дейсіз…

Республикамыздағы ұлағатты ұстаздар мен тәлімгер тәрбиеші­лердің талай ұрпа­ғын баулып, үлкен өмір жолына аттан­дырған осы алтын ұядан бір кездері біз де балапан құстай қанат қағып, тал­пынып шығып едік. Қазір қа­рап тұрсақ, содан бері де біраз жыл өтіпті.
Біз алғаш институт қабырға­сын­да 1947 жылдың күзінде бас қостық. Сұрапыл соғыстың аяқ­тал­ғанына екі жыл ғана өткен. Ел­дің шаруасы әлі кемелденіп бола қой­маған кез. Киім, тамақ карточ­ка­мен бері­леді. Таңдап киім киіну, сән түзеу деген қиын, бірақ талап зор, оқуға деген ықылас күшті, үлкен де, кіші де білмекке құмар, білімге асығулы.
Бір курста 45 студентпіз. Оның екі-үшеуі от пен ошақтың арасы­нан оралған әскери киімді аза­мат­тар. “Арпа ішінде бір бидай” де­гендей, бес қыз бала бар. Біз­дер оқуға келіп түскеннен бір жыл бұрын ғана Одақ­тық ғылым ака­демиясының қазақ филиалы рес­публикалық дербес Ғылым ор­дасы болып құрылған.
Жұрт Ғылым академиясына толық мүше, корреспондент-мү­ше болып сайлан­ған­дар­дың аты-жөндерін ғана емес, ғы­лым­дағы өмірбаянына шейін жатқа білетін. Олар бір ғажайып жара­тыл­ған жан тәрізді. Сондай кор­рес­пондент-мүшенің бірі біздің факультетте де болды. Ол – қазақ әдебиеті кафедрасының меңге­ру­шісі, профессор Қажым Жұма­лиев. Біз Қажекеңнің лек­циясын селт етпей отырып тыңдаймыз. Ғұ­лама ұстаздың білмейтіні жоқ. Бүкіл қазақ әдебиетін жатқа білетін тәрізді. Майданнан Алтын Жұлдыз тағып қайтқан, елге ке­ліп, аспирантурада оқып, канди­­даттық диссертация қорғаған, Кеңес Ода­ғының Батыры Мәлік Ғабдулин ұстазы­мызға да қызыға қараймыз.
Тіл мен әдебиеттен дәріс оқып, тәлім-тәрбие беріп, сана-сезімімізді байытқан ұс­таздары­мыз: профессор С. Аманжолов, до­центтер А. Ысқақов, Ш. Сары­баев, Т. Қор­дабаев, Т. Нұртазин, Қ. Жармағамбетов, М. Сильчен­ко, Н. Смирнова, О. Ла­рина, М. Глаз­ман (әрі декан) болса, та­рих, партия тарихы, философия, эко­но­мика, педагогика, психология пәндерінен: С. Толыбеков (сол кезде институт дирек­торы), до­цент С. Бақшилов, Б. Аспандия­ров, Н. Әбішев, Ү. Балқашев, А. Яр­муха­медова, Қ. Берімжанов сынды ұстаздар күні бүгінде есі­мізде, еш ұмытылмақ емес.
Курстағы 45 студент бір үйдің, бір ша­ңырақтың балаларындай, аудиторияда да, жатақханада да біргеміз. Бәріміз қол ұстаса жүріп, бірінші, екінші семестрлерде ем­тихандарды да ойдағыдай тапсы­рып, бі­рінші курсты да бітірдік.
Екінші курста студенттерді ғылымға бау­лу бағытында курс­тық жұмыстар және студенттер­дің ғылыми үйірмесіне қаты­суын ұйымдастыру, тақырыптар беру ісі басталды. Профессор Сәрсен Аманжолов группаласым Айтым Әбдірахмановқа (қазіргі Солтүс­тік Қазақстан облысы, Уәлиханов ау­­данының тумасы) қазақ жер-су ат­та­ры­нан, ал маған “Қазақ тілін­де­гі сан есімдер” атты тақырыпты ұсы­нып, осы бойынша із­де­ніс, зерт­теу жасап, студент­тердің ғылы­ми үйірмесіне баяндама жа­сатты. Үшінші курсқа барғанымда “Түркі тіл­деріндегі сан есімдер” деген тақырып бер­ді. Бұл тақы­рып бойынша 23 беттік қол­жазба жұ­мы­сымды оқып шығып, сту­дент­­тердің қала­лық ғылыми үйір­ме­сіне қатыс­тырған еді.
1951 жылы біз институтты бі­тіргенде Инс­титут ғылыми кеңесі­нің шешімі бойын­ша Серік Қира­баевты қазақ әдебиеті ка­фед­расына, Айтым Әбдірахманов пен мені қазақ тілі кафедрасына ас­пирантураға қалдырды.
Сол 1951 жылы филология факультетін бітірген студент­тердің бір тобы елімізде белгілі ғалым, ақын, жазушы, журналист ретінде еңбек атқарып, жоғары атақ-дәрежелерге ие болды.
Солардың бірі Айтым Әбдірах­ма­нов соңы­нан Ғылым акаде­мия­сының Тіл және әде­биет инс­титутында аспирантураны жал­ғастырып, профессор С. Аман­жоловтың жетекшілігімен “Қазақ­стан топони­мика­сының кейбір мәселелері” атты тақырыпта 1955 жылы кандидаттық диссер­та­ция қорғады. Құнарлы топырақ­қа егілген жас шыбық бойлап өсіп, бұтақтанып, зәулім бәйтерек болатыны тәрізді Айтым да, оның әріптес, қаламдас замандастары біздер де шарапаты мол ғалым­дар ортасында бой түзедік. Жас талапкер Айтым содан бастап бар өмірін қазақ тіл білімінің өр­кендеп дамуына бағыштап, еңбек еткен еді.
Сөйтіп, алғаш рет 1959 жылы “Қазақ­стан­ның жер-су аттары” деген жаңа моно­графиясын шығарды. Бұған дейін туыстас түркі тілдері мамандары тарапта­ры­нан топонимикаға арналған жеке монография, ғылыми-зерт­теу­лер болмағанды. Ғалым­ның бұл еңбегі Қазақстан топоними­касын тұңғыш рет тарихи-лин­гвис­тикалық әрі географиялық бағытта зерттеген құнды зерттеу болды. Қазақстан топонимдері жөнінде ол Мәскеу, Ленинград, Киев, Баку, Ташкент, Барнаул, Томск, Новосібір, Фрунзе, Алма­ты қалаларында өткен одақ­тық, аймақтық, республикалық конфе­рен­цияларда топонимика бойын­ша баянда­малар жасады. Оның хабарлама, тезис, жарыссөздері өз алдына жарық көрген жинақ­тарда жарияланды.
Филология ғылымдарының кан­­дидаты Айтым Әбдірахманов 1970-1980 жылдары инс­титутта жаңадан ашылған ономастика бө­лімінің меңгерушісі болып, топо­нимика мә­селесімен белсене шұғылданды.
Айтым тыңғылықты жұмыстар атқара жүріп, қазақ топоними­касының өзекті мәсе­лелерін зерт­­теу­мен айналысты. Соның нәтижесінде “Топонимика және этимо­логия” (1975, 206 б.) атты жаңа еңбегін жа­рыққа шығарды. Бұл зерттеуде ұзын-ырғасы 140 жер-су аттарының шығу төркіні талданып анықталды. Бұдан бұрын қазақ тілінде, болмаса басқа түркі тілдерінде мұндай маңызды еңбек жарық көрмегенді.
Бұл жаңа бастама басқа түркі тілдерінде де осындай жұмыс­тар­дың болуына игі әсер етті. Ма­ман ретінде мен де қазақ антро­понимикасы, астронимика, кей­бір топо­нимдер этимологиясы ту­ра­лы мақалалар жазуға кірістім. Биыл жазып аяқтаған “Қазақ ономастикасы. 5 т. Топонимдер эти­мологиясы” атты 480 беттік жұмысымда Айтымның жоғарыда айтылған еңбегінде жоқ үш жүзден астам жер-су атаулары­ның этимологиясын ашып, түркі және басқа тілдер материал­дарымен салыстыра талдаулар жасадым. Бұл зерттеулермен Қазақстан топоним­дерінің этимо­ло­гиясын зерттеу толаста­майды. Келешегі мол ақыл иесі – жаста­рымыз біздердің бұл игі істеріміз­ді жал­ғастыра берері сөзсіз.
Ғалымның үшінші бір мәнді еңбегі “Қа­зақ­стан этнотопоними­касы” (1979, 123 б.) атты кітабы еді. Бұл еңбегінде этнотопо­ним­дерді (ру, тайпа, ұлыс, ұлт, халық атта­ры­нан қойылған жер-су аттары) тарихи-лингвистикалық тұрғыдан талдай отырып, автор қазақ жеріндегі және көршілес түркі елдеріндегі көне тайпа­лардың орналасуын баяндайды және ол атауларға тарихи-эти­мологиялық талдаулар жасаған.
Айтым Әбдірахманұлы қарас­тырып отырған қазақ этнотопо­ним­дерінің емес, мен нақтылай айтқанда, тек этнонимдердің та­рихи-лингвистикалық сыр-сипат­тары эти­мологиясын “Қазақ тілі ономасти­касының негізгі пробле­ма­лары” атты докторлық дис­сер­тациямның 5 тарауында толық талда­ғанмын. Бұл жұмысым 1974 жылы 7 ақ­панда институттың ғы­лыми кеңесінде то­лық талқылау­дан өтіп, докторлық дис­сер­тация қорғайтын кеңеске жіберілген.
Мен қазақ этнонимін, оның құрамын­дағы ірі де басты тайпа аттарын, тайпалық одақ аттарын, үш жүз терминін және т.б. атау­лардың мән-мағынасын, шығу, пайда болу сырларын, тек-төр­кіндерін салыс­тырмалы және салғастырмалы түрде зер­делей зерттесем, Айтым ру, тайпа атта­рынан қойылған жер-су аттарын, яғни этнотопонимдерді, этноним­дердің топо­ним­дерге ауысу құбы­лысын, оның тілдік, этномәдени сипаттарын қоса қарастырған. Сондықтан бұл екі жұмыс бұ­рынғы ғалым­дардың ұстаным­дарымен толық сәйкес те ұқсас келіп отырады.
Айтымның тіл білімі саласын­дағы тағы бір қомақты үлесі тер­ми­нологиямен байланысты. Ол 1956 жылдан 1981 жылға дейін Қазақстан үкіметі жанындағы Мем­лекеттік терминология ко­мис­сиясында мүше болды. Со­ның ішінде он жылдан аса Мем­тер­минкомның ғылыми хатшысы мін­детін атқарды. Ол құрастыр­ған, Мем­­терминком бекіткен атау­­лар­дың ресми тізімдерін 1976 және 1979 жылдары өз ал­дына кітап етіп шығарды. Термин­ком жария­лаған отыздан астам орысша-қазақша терминоло­гиялық сөздік­тердің 20 кітапшасы А. Әбдірах­мановтың редакция­сы­мен жарық көрді, ал алты сөздікке ол автор­ластық құқықпен қатыс­ты.
Оның терминология мәселе­ле­рі бо­йынша жазған түрліше зерттеу жұмыстары (негізінен ма­қалалар) Мәскеуде, Киевте, Ал­ма­тыда құрастырылған әр алуан ғылы­ми жинақтарға енді. Сондай толымды ең­бектің бірі – академик Ә. Қайдаровпен бір­лесіп жазған “Қазақ терминологиясы” атты кө­лемді очеркі 1987 жылы Мәскеу­де ба­сылған “КСРО республика­лары тілдерінде терминология­ның дамуы” атты жинақтан орын алды.
Қазақстан ғылымның геология, тау-кен, фи­зика, металлургия, геог­рафия, машина жа­сау, топы­рақ­тану мен өнеркәсіп сала­лары, іс қағаздары терминдері сөздік­терін жасау, жарыққа шығару, кей­біреулерінде құ­растырушылар­дың бірі ретінде қатысып ат­са­лысу әрі жауапты редактор, бол­маса жа­уапты редакторлардың бірі болу сияқты бел­сенді әрекет­тері Айтым Әбдірахманов­тың сан қырлы ғалым болғанын көрсе­теді.
Айтым екеуміздің бір бөлімде қоян-қол­тық, тату-тәтті әрі оно­маст ғалым ретінде 1981-1993 жыл­дары жемісті еңбек еткені­міз есіме жиі түседі. Айтым 1970-1980 жыл­дары ономастика бөлі­мінің меңгерушісі, мен маман ре­тін­де он томдық “Түсіндірме сөз­дік” жасау шаруасында болдық. 1976 жылы док­торлық диссерта­ция қорғаған соң да сол бөлімнен босатпады. Тек 1981 жылы ғана ономастика, терминология, лек­сика, грам­матика бөлімдерінің бөлім меңгеру­шілеріне конкурс жарияланғанда мен ономас­тика бөлімінің меңгерушісі лауазы­мына, ал Айтым терминология бөлімін бас­қаруға конкурсқа түсті. Мен конкурстан өткен соң оно­мас­тика бөлімінің 5 жылдық жоспарын (1982-1986 ж.ж.) жасау, лайықты та­қырып ұсыну ісі бойынша дирекция нұс­қауын алдым да “Орталық Қазақстан топо­ним­дерін тарихи-лингвис­тикалық тұрғыдан зерттеу” атты тақырып бойынша іс-жоспар, оған қоса қаражат сметасын, қызметкерлер санын, олардың айлықтары мен топони­мия­лық материал жинау бойынша экспе­диция жоспарын, оның қаражат сома­сының толық жоспарын дирекцияға тап­сырдым.
Осыдан 13 күн өткен соң Ай­тым келіп, терминология бөлімін­де істегісі келмейті­нін, енді ма­ман­дық бойынша ономастика бө­лі­міне ауысқысы келетінін айтты. Пікірің дұрыс екен деп, құшақ жая қарсы алдым да, оған қоятын талабымды да айттым. Ол тала­бым мынау еді.
– Сені бір жыл бойы бөлім қыз­метінен бо­сатам, докторлық дис­сер­тацияңды жазып жүрсің ғой, соны аяқтап бітір, – дедім. Олай болса, бір-екі күн ойланайын дегенді айт­ты. Екі күннен кейін келгенде, мен жұмысқа сейсенбі, жұма күндері келіп, басқа күндері докторлық диссертациямды жа­зайын де­ген ойын білдірді. Осы сөзге тоқтадық. Бі­рақ ойға алған іс орындалмай қалды. Бес­жылдық жоспар бойынша Орта­лық Қазақ­стан облыстарының топоним­дері бойынша ма­териал жинау, бір сөздік, бір ғылыми мо­ног­рафия дайындау ісі бекітіл­генді. Осы­ған орай 1985 жылы “Орталық Қазақ­стан­ның жер-су аттары” атты ғы­лыми моногра­фия­ны жазуды қол­ға алдық. Бұл еңбек (1989, 253 б.) мамыр айында жа­рыққа шықты.
Айтым Әбдірахманов бұл құнды да бағалы еңбектің “Орта­лық Қазақстан топонимдерінің шығуы мен дамуы және қалып­тасуы тарихынан” деп аталатын бі­рінші бөлімін, басқа авторлар 1-5-бө­лімдерін жаздық. Бес жыл ішінде жиналған 40000 атау негі­зінде тағы да “Қазақстан геогра­фия­лық атауларының сөздігі (Жез­қазған облысы)” атты еңбекті (1990 ж. 295 б.) жа­рыққа шығар­дық. Айтым болса осы сөздік­тегі З, И, К әріптерінен баста­латын жер-су аттарын жазып, менімен бірге кіріспе бөлі­мін дайындауға қатысты. Бұл кездерде оның то­понимика бойынша жазған мақа­ла­лары ғылыми журналдар мен республи­калық газеттерде жарық көріп жатты.
Ол 1990 жылдан бастап док­торлық диссертация қорғайтын кеңестің төрағасы, Тіл білімі институтының директоры Ә. Қай­даровтың тапсырмасы бойынша орыс тілінде “Историко-эти­мо­ло­гическое иссле­дование топони­мов и этнонимов Казах­стана, отчетный доклад” атты еңбегін жа­зып, соның негізінде докторлық диссер­тациясын 1991 жылы диссертациялық кеңесте қорғап, филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алды.
Бұдан кейін де оның мақа­лалары Ғылым академиясының журналдары мен басқа да баспасөз беттерінде жарық көріп тұрды әрі жоспарлы жұмыстарды да орындап отырды. Жалпы оның авторлы­ғымен жарық көрген ғылыми еңбектердің ұзын-ырғасы екі жүзден асады. Ол қазақ тіл білімінің белсенді насихатшысы. Өзі қызмет істеген Тіл білімі институтының қоғамдық өмірінен бір сәтке қол үзбейтін ғалым ретінде де белсенді бола білді.
Ана тіліміздің қамқоршысы, қа­зақ тіл бі­лі­мінің қара нары әрі бі­лім­ді ғалым Айтым Әб­дірах­ма­нов­тың зерттеулерінің дені тіл ғы­лымына қосылған елеулі үлес болу­мен бірге халық арасында мәні зор, орта және жоғары оқу орындарында ана тілінен жүйелі білім беруге қажетті де пайдалы еңбектер.
Айтым Әбдірахмановтың Қа­зақ­стан топонимикасы бойынша жазған еңбектері өзінен кейінгі­лер­ге жол ашты. Қазіргі кездегі Қазақстан топонимикасы маман­дары жалпы тіл біліміндегі жаңа да соны жолдар мен бағыт-бағдар­ларға сай терең­дете зерттеу, зерделеу істерін атқарып, өмір­­ге кең құлаш жаюда. Әсіресе, жалпы тіл білімінің когнитив (танымдық) бағытта­ғы зерттеулері мен тари­хи этимология бо­йынша орында­лып жатқан соны да тың әдіс­тер мен қарқынды үрдістерге бой ұруда.
Айтым қазақ топонимикасы­ның басқа да тың, жаңа сала­ларын қолға алуға, оларды дамы­туға, аса қажетті мәселелерін терең­дете зерттеу ісін орындауға көңіл бөлуді ар­мандағанымен, тағдыр жазбады.

 

Телқожа ЖАНҰЗАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

 


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp