Тоқсан жылдық мерейтойын атап өткен қарт ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы ұлттық педагогикалық университет) қарашаңырағынан кімдер түлеп ұшпады дейсіз…
Республикамыздағы ұлағатты ұстаздар мен тәлімгер тәрбиешілердің талай ұрпағын баулып, үлкен өмір жолына аттандырған осы алтын ұядан бір кездері біз де балапан құстай қанат қағып, талпынып шығып едік. Қазір қарап тұрсақ, содан бері де біраз жыл өтіпті.
Біз алғаш институт қабырғасында 1947 жылдың күзінде бас қостық. Сұрапыл соғыстың аяқталғанына екі жыл ғана өткен. Елдің шаруасы әлі кемелденіп бола қоймаған кез. Киім, тамақ карточкамен беріледі. Таңдап киім киіну, сән түзеу деген қиын, бірақ талап зор, оқуға деген ықылас күшті, үлкен де, кіші де білмекке құмар, білімге асығулы.
Бір курста 45 студентпіз. Оның екі-үшеуі от пен ошақтың арасынан оралған әскери киімді азаматтар. “Арпа ішінде бір бидай” дегендей, бес қыз бала бар. Біздер оқуға келіп түскеннен бір жыл бұрын ғана Одақтық ғылым академиясының қазақ филиалы республикалық дербес Ғылым ордасы болып құрылған.
Жұрт Ғылым академиясына толық мүше, корреспондент-мүше болып сайланғандардың аты-жөндерін ғана емес, ғылымдағы өмірбаянына шейін жатқа білетін. Олар бір ғажайып жаратылған жан тәрізді. Сондай корреспондент-мүшенің бірі біздің факультетте де болды. Ол – қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Қажым Жұмалиев. Біз Қажекеңнің лекциясын селт етпей отырып тыңдаймыз. Ғұлама ұстаздың білмейтіні жоқ. Бүкіл қазақ әдебиетін жатқа білетін тәрізді. Майданнан Алтын Жұлдыз тағып қайтқан, елге келіп, аспирантурада оқып, кандидаттық диссертация қорғаған, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдулин ұстазымызға да қызыға қараймыз.
Тіл мен әдебиеттен дәріс оқып, тәлім-тәрбие беріп, сана-сезімімізді байытқан ұстаздарымыз: профессор С. Аманжолов, доценттер А. Ысқақов, Ш. Сарыбаев, Т. Қордабаев, Т. Нұртазин, Қ. Жармағамбетов, М. Сильченко, Н. Смирнова, О. Ларина, М. Глазман (әрі декан) болса, тарих, партия тарихы, философия, экономика, педагогика, психология пәндерінен: С. Толыбеков (сол кезде институт директоры), доцент С. Бақшилов, Б. Аспандияров, Н. Әбішев, Ү. Балқашев, А. Ярмухамедова, Қ. Берімжанов сынды ұстаздар күні бүгінде есімізде, еш ұмытылмақ емес.
Курстағы 45 студент бір үйдің, бір шаңырақтың балаларындай, аудиторияда да, жатақханада да біргеміз. Бәріміз қол ұстаса жүріп, бірінші, екінші семестрлерде емтихандарды да ойдағыдай тапсырып, бірінші курсты да бітірдік.
Екінші курста студенттерді ғылымға баулу бағытында курстық жұмыстар және студенттердің ғылыми үйірмесіне қатысуын ұйымдастыру, тақырыптар беру ісі басталды. Профессор Сәрсен Аманжолов группаласым Айтым Әбдірахмановқа (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданының тумасы) қазақ жер-су аттарынан, ал маған “Қазақ тіліндегі сан есімдер” атты тақырыпты ұсынып, осы бойынша ізденіс, зерттеу жасап, студенттердің ғылыми үйірмесіне баяндама жасатты. Үшінші курсқа барғанымда “Түркі тілдеріндегі сан есімдер” деген тақырып берді. Бұл тақырып бойынша 23 беттік қолжазба жұмысымды оқып шығып, студенттердің қалалық ғылыми үйірмесіне қатыстырған еді.
1951 жылы біз институтты бітіргенде Институт ғылыми кеңесінің шешімі бойынша Серік Қирабаевты қазақ әдебиеті кафедрасына, Айтым Әбдірахманов пен мені қазақ тілі кафедрасына аспирантураға қалдырды.
Сол 1951 жылы филология факультетін бітірген студенттердің бір тобы елімізде белгілі ғалым, ақын, жазушы, журналист ретінде еңбек атқарып, жоғары атақ-дәрежелерге ие болды.
Солардың бірі Айтым Әбдірахманов соңынан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында аспирантураны жалғастырып, профессор С. Аманжоловтың жетекшілігімен “Қазақстан топонимикасының кейбір мәселелері” атты тақырыпта 1955 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Құнарлы топыраққа егілген жас шыбық бойлап өсіп, бұтақтанып, зәулім бәйтерек болатыны тәрізді Айтым да, оның әріптес, қаламдас замандастары біздер де шарапаты мол ғалымдар ортасында бой түзедік. Жас талапкер Айтым содан бастап бар өмірін қазақ тіл білімінің өркендеп дамуына бағыштап, еңбек еткен еді.
Сөйтіп, алғаш рет 1959 жылы “Қазақстанның жер-су аттары” деген жаңа монографиясын шығарды. Бұған дейін туыстас түркі тілдері мамандары тараптарынан топонимикаға арналған жеке монография, ғылыми-зерттеулер болмағанды. Ғалымның бұл еңбегі Қазақстан топонимикасын тұңғыш рет тарихи-лингвистикалық әрі географиялық бағытта зерттеген құнды зерттеу болды. Қазақстан топонимдері жөнінде ол Мәскеу, Ленинград, Киев, Баку, Ташкент, Барнаул, Томск, Новосібір, Фрунзе, Алматы қалаларында өткен одақтық, аймақтық, республикалық конференцияларда топонимика бойынша баяндамалар жасады. Оның хабарлама, тезис, жарыссөздері өз алдына жарық көрген жинақтарда жарияланды.
Филология ғылымдарының кандидаты Айтым Әбдірахманов 1970-1980 жылдары институтта жаңадан ашылған ономастика бөлімінің меңгерушісі болып, топонимика мәселесімен белсене шұғылданды.
Айтым тыңғылықты жұмыстар атқара жүріп, қазақ топонимикасының өзекті мәселелерін зерттеумен айналысты. Соның нәтижесінде “Топонимика және этимология” (1975, 206 б.) атты жаңа еңбегін жарыққа шығарды. Бұл зерттеуде ұзын-ырғасы 140 жер-су аттарының шығу төркіні талданып анықталды. Бұдан бұрын қазақ тілінде, болмаса басқа түркі тілдерінде мұндай маңызды еңбек жарық көрмегенді.
Бұл жаңа бастама басқа түркі тілдерінде де осындай жұмыстардың болуына игі әсер етті. Маман ретінде мен де қазақ антропонимикасы, астронимика, кейбір топонимдер этимологиясы туралы мақалалар жазуға кірістім. Биыл жазып аяқтаған “Қазақ ономастикасы. 5 т. Топонимдер этимологиясы” атты 480 беттік жұмысымда Айтымның жоғарыда айтылған еңбегінде жоқ үш жүзден астам жер-су атауларының этимологиясын ашып, түркі және басқа тілдер материалдарымен салыстыра талдаулар жасадым. Бұл зерттеулермен Қазақстан топонимдерінің этимологиясын зерттеу толастамайды. Келешегі мол ақыл иесі – жастарымыз біздердің бұл игі істерімізді жалғастыра берері сөзсіз.
Ғалымның үшінші бір мәнді еңбегі “Қазақстан этнотопонимикасы” (1979, 123 б.) атты кітабы еді. Бұл еңбегінде этнотопонимдерді (ру, тайпа, ұлыс, ұлт, халық аттарынан қойылған жер-су аттары) тарихи-лингвистикалық тұрғыдан талдай отырып, автор қазақ жеріндегі және көршілес түркі елдеріндегі көне тайпалардың орналасуын баяндайды және ол атауларға тарихи-этимологиялық талдаулар жасаған.
Айтым Әбдірахманұлы қарастырып отырған қазақ этнотопонимдерінің емес, мен нақтылай айтқанда, тек этнонимдердің тарихи-лингвистикалық сыр-сипаттары этимологиясын “Қазақ тілі ономастикасының негізгі проблемалары” атты докторлық диссертациямның 5 тарауында толық талдағанмын. Бұл жұмысым 1974 жылы 7 ақпанда институттың ғылыми кеңесінде толық талқылаудан өтіп, докторлық диссертация қорғайтын кеңеске жіберілген.
Мен қазақ этнонимін, оның құрамындағы ірі де басты тайпа аттарын, тайпалық одақ аттарын, үш жүз терминін және т.б. атаулардың мән-мағынасын, шығу, пайда болу сырларын, тек-төркіндерін салыстырмалы және салғастырмалы түрде зерделей зерттесем, Айтым ру, тайпа аттарынан қойылған жер-су аттарын, яғни этнотопонимдерді, этнонимдердің топонимдерге ауысу құбылысын, оның тілдік, этномәдени сипаттарын қоса қарастырған. Сондықтан бұл екі жұмыс бұрынғы ғалымдардың ұстанымдарымен толық сәйкес те ұқсас келіп отырады.
Айтымның тіл білімі саласындағы тағы бір қомақты үлесі терминологиямен байланысты. Ол 1956 жылдан 1981 жылға дейін Қазақстан үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясында мүше болды. Соның ішінде он жылдан аса Мемтерминкомның ғылыми хатшысы міндетін атқарды. Ол құрастырған, Мемтерминком бекіткен атаулардың ресми тізімдерін 1976 және 1979 жылдары өз алдына кітап етіп шығарды. Терминком жариялаған отыздан астам орысша-қазақша терминологиялық сөздіктердің 20 кітапшасы А. Әбдірахмановтың редакциясымен жарық көрді, ал алты сөздікке ол авторластық құқықпен қатысты.
Оның терминология мәселелері бойынша жазған түрліше зерттеу жұмыстары (негізінен мақалалар) Мәскеуде, Киевте, Алматыда құрастырылған әр алуан ғылыми жинақтарға енді. Сондай толымды еңбектің бірі – академик Ә. Қайдаровпен бірлесіп жазған “Қазақ терминологиясы” атты көлемді очеркі 1987 жылы Мәскеуде басылған “КСРО республикалары тілдерінде терминологияның дамуы” атты жинақтан орын алды.
Қазақстан ғылымның геология, тау-кен, физика, металлургия, география, машина жасау, топырақтану мен өнеркәсіп салалары, іс қағаздары терминдері сөздіктерін жасау, жарыққа шығару, кейбіреулерінде құрастырушылардың бірі ретінде қатысып атсалысу әрі жауапты редактор, болмаса жауапты редакторлардың бірі болу сияқты белсенді әрекеттері Айтым Әбдірахмановтың сан қырлы ғалым болғанын көрсетеді.
Айтым екеуміздің бір бөлімде қоян-қолтық, тату-тәтті әрі ономаст ғалым ретінде 1981-1993 жылдары жемісті еңбек еткеніміз есіме жиі түседі. Айтым 1970-1980 жылдары ономастика бөлімінің меңгерушісі, мен маман ретінде он томдық “Түсіндірме сөздік” жасау шаруасында болдық. 1976 жылы докторлық диссертация қорғаған соң да сол бөлімнен босатпады. Тек 1981 жылы ғана ономастика, терминология, лексика, грамматика бөлімдерінің бөлім меңгерушілеріне конкурс жарияланғанда мен ономастика бөлімінің меңгерушісі лауазымына, ал Айтым терминология бөлімін басқаруға конкурсқа түсті. Мен конкурстан өткен соң ономастика бөлімінің 5 жылдық жоспарын (1982-1986 ж.ж.) жасау, лайықты тақырып ұсыну ісі бойынша дирекция нұсқауын алдым да “Орталық Қазақстан топонимдерін тарихи-лингвистикалық тұрғыдан зерттеу” атты тақырып бойынша іс-жоспар, оған қоса қаражат сметасын, қызметкерлер санын, олардың айлықтары мен топонимиялық материал жинау бойынша экспедиция жоспарын, оның қаражат сомасының толық жоспарын дирекцияға тапсырдым.
Осыдан 13 күн өткен соң Айтым келіп, терминология бөлімінде істегісі келмейтінін, енді мамандық бойынша ономастика бөліміне ауысқысы келетінін айтты. Пікірің дұрыс екен деп, құшақ жая қарсы алдым да, оған қоятын талабымды да айттым. Ол талабым мынау еді.
– Сені бір жыл бойы бөлім қызметінен босатам, докторлық диссертацияңды жазып жүрсің ғой, соны аяқтап бітір, – дедім. Олай болса, бір-екі күн ойланайын дегенді айтты. Екі күннен кейін келгенде, мен жұмысқа сейсенбі, жұма күндері келіп, басқа күндері докторлық диссертациямды жазайын деген ойын білдірді. Осы сөзге тоқтадық. Бірақ ойға алған іс орындалмай қалды. Бесжылдық жоспар бойынша Орталық Қазақстан облыстарының топонимдері бойынша материал жинау, бір сөздік, бір ғылыми монография дайындау ісі бекітілгенді. Осыған орай 1985 жылы “Орталық Қазақстанның жер-су аттары” атты ғылыми монографияны жазуды қолға алдық. Бұл еңбек (1989, 253 б.) мамыр айында жарыққа шықты.
Айтым Әбдірахманов бұл құнды да бағалы еңбектің “Орталық Қазақстан топонимдерінің шығуы мен дамуы және қалыптасуы тарихынан” деп аталатын бірінші бөлімін, басқа авторлар 1-5-бөлімдерін жаздық. Бес жыл ішінде жиналған 40000 атау негізінде тағы да “Қазақстан географиялық атауларының сөздігі (Жезқазған облысы)” атты еңбекті (1990 ж. 295 б.) жарыққа шығардық. Айтым болса осы сөздіктегі З, И, К әріптерінен басталатын жер-су аттарын жазып, менімен бірге кіріспе бөлімін дайындауға қатысты. Бұл кездерде оның топонимика бойынша жазған мақалалары ғылыми журналдар мен республикалық газеттерде жарық көріп жатты.
Ол 1990 жылдан бастап докторлық диссертация қорғайтын кеңестің төрағасы, Тіл білімі институтының директоры Ә. Қайдаровтың тапсырмасы бойынша орыс тілінде “Историко-этимологическое исследование топонимов и этнонимов Казахстана, отчетный доклад” атты еңбегін жазып, соның негізінде докторлық диссертациясын 1991 жылы диссертациялық кеңесте қорғап, филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алды.
Бұдан кейін де оның мақалалары Ғылым академиясының журналдары мен басқа да баспасөз беттерінде жарық көріп тұрды әрі жоспарлы жұмыстарды да орындап отырды. Жалпы оның авторлығымен жарық көрген ғылыми еңбектердің ұзын-ырғасы екі жүзден асады. Ол қазақ тіл білімінің белсенді насихатшысы. Өзі қызмет істеген Тіл білімі институтының қоғамдық өмірінен бір сәтке қол үзбейтін ғалым ретінде де белсенді бола білді.
Ана тіліміздің қамқоршысы, қазақ тіл білімінің қара нары әрі білімді ғалым Айтым Әбдірахмановтың зерттеулерінің дені тіл ғылымына қосылған елеулі үлес болумен бірге халық арасында мәні зор, орта және жоғары оқу орындарында ана тілінен жүйелі білім беруге қажетті де пайдалы еңбектер.
Айтым Әбдірахмановтың Қазақстан топонимикасы бойынша жазған еңбектері өзінен кейінгілерге жол ашты. Қазіргі кездегі Қазақстан топонимикасы мамандары жалпы тіл біліміндегі жаңа да соны жолдар мен бағыт-бағдарларға сай тереңдете зерттеу, зерделеу істерін атқарып, өмірге кең құлаш жаюда. Әсіресе, жалпы тіл білімінің когнитив (танымдық) бағыттағы зерттеулері мен тарихи этимология бойынша орындалып жатқан соны да тың әдістер мен қарқынды үрдістерге бой ұруда.
Айтым қазақ топонимикасының басқа да тың, жаңа салаларын қолға алуға, оларды дамытуға, аса қажетті мәселелерін тереңдете зерттеу ісін орындауға көңіл бөлуді армандағанымен, тағдыр жазбады.
Телқожа ЖАНҰЗАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.