Театрға талай барып жүрсем де, артық билет сұраушыларды көптен бері байқамап едім. Осы жолы қазақ жұртының бас өнер ордасы Мұхтар Әуезов атындағы қарашаңырақтың алдындағы қарбаласты көріп таң-тамаша қалдым. Халықтың сахна өнеріне деген сүйіспеншілігі арта бастағаны көңіліме қуаныш ұялатты. Міне, рухани жаңғырудың бір белгісі осы болар деген ой түйдім.
Ұлтымыздың мақтанышы, көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова көзі тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді. Ол – Махамбет жырларынан сусындап, қазақ поэзиясына жаңа леп әкелген, өр мінезімен, сырға да, мұңға да толы, намыс пен батылдықты жалау еткен, өршіл жырларымен дараланған ақын. Фаризаның поэзия әлемі өз алдына бөлек дүние. Ол көзінің тірісінде табиғи дарынымен елге танымал тұлғаға айналды. Қоғам қайраткері, халық қалаулысы, беделді басшы ретінде мемлекетімізді нығайтып, тәуелсіздік мұраттарын орнықтыру ісіне, ұлттық руханиятымыздың өркендеуіне үлкен үлес қосты.
Қазақтың ақын қызы, ару қызы Фариза Оңғарсынованың тіршіліктегі адами образы бүгін сахналық көрініс тауып, өнер әлеміне айналғаны ерекше ілтипат білдіретін жаңа құбылыс. “А+А Ldea Fabric” продюсерлік орталығының қолдауымен өмірге келген “Фариза” спектаклінің авторы танымал драматург-жазушы Роза Мұқанова. Автор ақын шығармашылығына деген құрметін, сырлы, мұңлы жыр жолдарына деген махаббатын жеткізуді басты мақсат еткен. Сонымен бірге тәуелсіздік пен тәкаппарлық жолындағы күресті, жарамсақтық пен қолпаштау сияқты өмірде жиі ұшырасатын пендешілік қасиеттерді көрсетуге мән берген. Міне, осындай қайшылықтарға толы, құрылымы жағынан өте күрделі шығарманы сахналауды жүзеге асырған С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының талантты жас режиссері Фархат Молдағали.
Облыс көрермендеріне шығармашылық өнерімен танымал болып қалған Фархаттың сырт алаңда жасаған алғашқы қадамы Алматы сахнасында басталғаны ерекше қуантады. Академиялық театр ұжымының өнер иесіне құда түсіп, келісімге келуі тегін болмаса керек. Қойылым барысында көрерменнің көзі соған әбден жетті. Лиро-эпикалық жанрда жазылған шығарманы сахналау өте шеберлік пен тапқырлықты, ізденімпаздықты қажет етеді. Көрермен жүрегіне жету үшін режиссерлік шұғыл шешім, күтпеген іс-әрекет, қимыл керек. Міне, Фархаттың “Фаризасы” осындай ерекшеліктерімен көпшілік қауымға қол соқтырды. Басты рөлді сомдаған театр актрисасы Назгүл Қарабалина ақын Фаризаның жүрекжарды жырларымен, қым-қуыт тағдырымен дараланды. Ол көрерменнің көз алдында үлкен тұлға, қайсар мінезді құбылысқа айналды. Сонымен бірге қыз балаға тән нәзіктік пен іңкәрлікті, сезімге берілген сәттердегі осалдықты, махаббат майданындағы сәтсіздікті жеткізе алды. Ақын өміріндегі тарихи шындық сахна төрінен де сол деңгейде көрініс тапты.
Шығарма авторы Роза Мұқанова Фариза образын жасауда Тағдыр-елес бейнесін пайдаланған. Мұндай шешім заманауи спектакльдерде сирек кездесетін жайт. Бүгінгі талап тұрғысынан келгенде бұл, әрине, тапқырлық. Танымал актриса Лейло Бекназар-Ханинга ханымның орындауында шыққан романтикалық образ көрерменге ерекше әсер еткенін айта кеткен орынды. Режиссердің бұл образға да мейлінше мән бергені көрініп тұр.
Спектакльде қазақтың екінші бір ұлы ақынының бейнесі бар. Ол – Мұқағали Мақатаев образы. Оны сахнада сомдаған Қалибек Қуанышбаев атындағы астана театрының актері Қуандық Қыстақбаев. Басты кейіпкермен болған диалог барысында екі тұлғаның тағдырлас екенін, таланттары қанша күшті болса, соншалықты тағдыр тәлкегіне түскенін көреміз. Режиссер бұл тұста да шебер шешімге келген. Мұқағали да елес іспеттес. Оның жан дауысы көрерменді дүр сілкіндіреді. Ақынның қаруы – қаламы, көркем тілі, құдіретті сөзі сүйсіндіреді. Осындай қасиет дарыған қазақтың қос дарыны сахна төрінде тайталасады. Мұқағалидың: “Шық шеңберден, Фариза!” деп екі қайта айтуының өзінде қандай терең ой жатқанын түсіну қиын емес. Иә, ақын шеңберден шыға білді. Фариза Оңғарсынова көкейін тескен келеңсіздіктерді, өмірдің көлеңке тұстарын отты жырларына арқау ете алды. Қоғам қайраткері ретінде Парламент мінберінен де оның өршіл үні естілді.
Ақын Фаризаның шынайы өмірінде болған Махаббат бейнесі де (артист Ерлан Кәрібаев) оның шығармашылығына шабыт бергені байқалады. Спектакль авторының айтайын деген ойын режиссуралық шеберлікпен бере білген Фархат Молдағали бұл жерде де жаңаша қолтаңба танытқаны айдан анық көрініп тұр. Заманауи техника тілін ұтымды пайдаланудың нәтижесінде актерлердің дауысы, көңіл толқыны көрерменге анық жетеді. Алматылық көрермен сахна әлеміне талантты жас толқын өкілдерінің бірі нық қадам басқанын байқады деп зор сеніммен айта аламын.
Қойылым соңында сахна төріне шыққан шығарма авторы драматург-жазушы Роза Мұқанова:
– Мен Фариза апамның құрдасы болмасам да, сырласы бола алғанымды мақтан етемін. Маған алып тұлға жайында шығарма жазуыма түрткі болған продюсерлік орталықтың төрайымы, идея авторы Айнұр Көпбасароваға үлкен алғыс айтамын. Мен ақынның жыр жолдарынан оның бейнесін іздеймін. Кейде мұңды махаббаттан шаршаған, кейде отты сезімге шомылған ақын өлеңдерін оқи отырып, өмірін саралаймын. Өр мінезі, текті тәкаппарлық, қайтпас қайсарлық іс-әрекеті маған күш-қуат береді. Егер Фариза апам бүгін ортамызда отырса “Роза, сен тағы не бүлдірдің?!” дер еді. Ал мен бұл драма арқылы қазақтың аяулы қызының шығармашылық өмірін ұзарта түсуге тырыстым, – деп түйіндеді өз ойын.
Автор қойылым режиссері Фархат Молдалиға да ризашылық білдіріп, болашақ шығармашылық жолына табыс тіледі. Спектакльге қатысқан актерлер ансамбліне алғысын арнады.
Осы қойылымды тамашалауға және Фархатқа қолдау көрсету үшін арнайы Қызылжар қаласынан келген Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымы бұл кеште төбесі көкке жеткендей қуанды.
Шашубай МАЛДЫБАЕВ.
Алматы қаласы.