«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҢЫРАҚТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқы қадір тұтатын Ұмай ана, Домалақ ана, Тұмар ханша, жыр-дастандарымызбен бізге жеткен Жиренше шешеннің жары Қарашаш ана, Айша бибі, Бопай ханым, Шоқанның әжесі – Айғаным, Абайдың әжесі – Зере, анасы – Ұлжан, бір рулы елді басқарған Ұлпан сияқты тарихта есімі алтын әріптермен жазылған аналар аз емес. Осындай ізгі жандардың ізімен ұрпақ өсіріп, балаларын бақытына балаған отбасының ұйытқысы Қапия Шахметова да ана дейтін ардақты есімге лайық жан.

Бұрынғы Совет ауданында­ 1934 жылы дүние­ге келген Қапия Көпейқызы еңбекке ерте араласып, соғыс жыл­дарында­ғы қиын қыстау кезеңді басынан өт­керді. Қылышынан қан тамған Кеңес одағы жыл­дарында тағдырдың қыс­пағын көрген қар­ша­дай қыздың не­бәрі төрт сы­ныптық білім алу­ға ғана мүм­кіндігі болды. Өйткені, отты жыл­да­­ры ба­ла­лар ойынды ұмытып, үл­кен­­дер­­мен бір­ге ауыр жұмыстың қа­мы­тын арқа­ла­ғаны бар­шаға аян. Егін егіп, астық жинап, масақ теріп күн көрген адамдардың тағдыры қиын болды. “Көппен көрген ұлы той” демекші, еңсесін ешқа­шан түсір­ме­ген Қапия Көпей­қызы ауылдас­тары­мен ауыр кезеңді бірге өткер­ді. Со­ғыс­тан кейін тұралап қалған елдің эко­номикасын кө­теруге бір адамдай атса­лыс­ты. Ол таңның аты­сы, күннің батысы қыр­да еңбек етіп, еліміздің ер­теңі үшін аянба­ды. Өзі сияқты жас­тармен еңбек май­данында шың­далды.
Тыл еңбеккері бүгінде Сарыто­мар ауы­лын­­да тұрады. Құдай қос­қан қо­сағы Қазтай Сәдуақасұлы­мен мәнді де мағыналы ғұмыр ке­шіп, он бала­ны өсіріп, ержеткізді. Ал­ды­нан ша­руа үркіп тұратын Қаз­тай Сәдуа­қас­ұлы да еңбектің қа­занында қайнап, бірнеше рет Ал­матыда өткен халық шаруа­шы­лы­ғы жетістікте­рінің көр­месіне қа­тысты.
Он баланы қатарынан қалдыр­мау үшін күн-түн демей жұмыс іс­те­ген ерлі-зайып­ты­лар олардың жо­ғары білім алып, өмірде өз орын­дарын та­буларына жағдай жасады. Ата-ана үшін әр баланың өз орны бар. Тұң­ғыш қызы Жү­бар­жа­тынан қапия­да көз жазып қал­ған Қапия Көпейқызы қалған ұл-қыздарының қызығын көр­ді. Нұ­рыш, Мақ­пал есімді балалары зей­нет­ке шықса, Нари­ман, Нұрсұл­тан, Гүлнәр, Гүл­шат, Гүлзада, Гүл­зия, Нұрсұлу атты ұл-қыз­­дары әр са­лада табысты еңбек етуде. Әуле­тінің ақылшысы, болып отырған әжей­дің не­мерелері де жоғары білім алып, егемен елі­міздің да­муына өз үлестерін қосуда.
Ұрпағымен көркейген қазыналы қария бүгінде сүт кенжесі Нұрсұл­тан­ның қолында тұрады. Сексен­нің сең­гі­рінен асқан әзиз ана бала­ларының ортасында өтіп жатқан бақытты қарттық өмірге дән риза.
– Құдайға шүкір, отағасы еке­уіміз бала­лар­ды қанаттыға қақ­тырмай, тұмсықтыға шоқыт­тыр­май, мәпелеп өсірдік. Бұл біздің ата-ана­лық пары­зымыз ғой. Әйел үшін ең бастысы – өмірге ұрпақ әке­лу. Себебі, ана болу – өмірдегі ең үлкен бақыт. Әр бала­ның денсау­лы­ғына, білім алуына на­зар ауда­рып, иманды, ізетті, адал, ең­бек­қор етіп тәрбие­леуге барымызды салдық, – дей келе “Алтын алқа” иегері Қапия Шахметова сәби ұр­пақ жал­ғасы екенін айтып, әр шаңырақ­та бала­ның шат күлкісі естілсін деген ана­лық ақ тіле­гін жеткізді.
Ата-салтымызды берік ұстанып, хал­қы­мыз­дың дәстүрін құрмет тұт­қан қарт ана ағайын-туысқа, абы­­сын-ажынға, ауылға сыйлы жан. Оның өнегелі өмір жо­лынан өзгелер де үлгі алса екен дейсің.

 

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.
Мағжан Жұмабаев ауданы.
СУРЕТТЕ: Қ.Шахметова немерелерімен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp