Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, небір қиындықты бастан кешірген адамдарды көргенде, жаның ауырады. Біреулер өмірлік серігінен айырылып, бауыр еті балаларын жалғыз бағып-қағуға мәжбүр болса, енді біреулеріне мүгедектігі қолбайлау. Ал бүгінгі қоғамдағы басты мәселе – баспана. Мейірімді жандардың қолдауымен осы азаматтарға көмек көрсету мақсатында осыдан екі жыл бұрын республикалық “Харекет” қайырымдылық қоры өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінге дейін қор 135 отбасыға пәтер сыйлап, шексіз қуанышқа бөледі. Ал былтырдан бастап қайырымдылық қоры өңірімізде де жұмыс істей бастады. Оған жас та болса ізгі бастамаларымен көзге түсіп жүрген Бақдәулет Сапарханов жетекшілік етеді.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де білім алған Бақдәулет бүгінде өзі оқыған жоғары оқу орнында қызмет етіп жүр. Жүрегі мейірімге толы жас мұқтаждарға мүмкіндігінше қол ұшын созуды әркімнің азаматтық борышы деп есептейді.
– “Кең болсаң, кем болмайсың” демекші, әрбіріміз көмекке зәру жандарға мүмкіндігінше қолдау көрсетсек, ол біздің адамгершілігіміздің өлшемі. Бірінші курстан бастап шама-шарқымызша жетімдер үйіне барып, еріктілермен бірге шағын концерттер ұйымдастырдық, – дейді Бақдәулет.
Ал “Харекет” қайырымдылық қоры “1000 теңгеге баспана” атауымен акция өткізіп тұрады. Яғни, бұл қайырымдылық шарасы ешкімнің қалтасына салмақ түсірмейді, ниет танытқан адам қордың есепшотына мың теңге салса болғаны. Қажетті қаржы жиналғаннан кейін қор мүшелері мұқтаж отбасыға баспана алып береді.
Бақдәулет Сапарханов “Харекет” қоры жайлы “Өнер қырандары” театрының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы хабардар болған екен. Осылайша қордың облыстағы өкілі болуға келіседі. Қордың директоры, идея авторы Гүлмира Мұқанқызы хабарласып, “Харекеттің” бір жылдығында Алматы қаласында өтетін шараға шақырыпты. “Өнер қырандары” театрымен, қордың жұмысын қолдап жүрген басқа да азаматтармен танысып, бұл іске деген ынта-ықыласы одан бетер арта түскені рас. Сол шара барысында ол мұқтаж отбасыға 33-інші баспана табысталғанына куә болды.
Петропавл қаласына келе салысымен ерікті азаматтардың басын қосып, баспанаға мұқтаж отбасыларды іздестіре бастайды. Абырой болғанда, жанында жүрген достары, топтастары оны бір ауыздан қолдап, көмектерін аямады. Қайырымдылыққа жергілікті университет жастарының ерекше қызығушылық танытып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінде қордың құрамында 200-ге жуық ерікті болса, соның 150-дейі – студент.
“Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға” тырысып, әрбір шараны ұйымдастыруға атсалысып жүрген Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсететін Бәйімбет Құбайдола, СҚМУ-дің 4-курс студенті Гүлжан Әнуарбекова, Азамат Қалыбек, Біржан Тұрғанбай, Әкімжан Төлебай және Әл-Фараби Мыңбайдың еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Күнкөрісі қиын, баспанаға мұқтаж отбасылар біздің өңірімізде де жетерлік. Сондықтан Бақдәулеттің айтуынша, олардың арасынан шынымен де көмекке зәру азаматтарды табу маңызды. Қордың көмегімен пәтер алатын отбасылар бірнеше талаптарға сай болуы керек. Ең алдымен, отбасы мүшелерінің атында қандай да бір жылжымайтын мүлік болмауы керек. Таңдау барысында төрт, бес бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ата-ана, жеті, сегіз баласы бар толық отбасыларға басымдық беріледі. Осы талаптарға сәйкес келетін отбасылар туралы мәліметтер мешіттерден, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясынан, басқа да ұйымдардан жиналады. “Кейбір азаматтар бізге хабарласып, қиын жағдайға ұшыраған отбасыларды ұсынады. Олардың барлық құжаттарын жинастырып, республикаға жібереміз. Құжаттары қабылданса, отбасының жағдайын ескере отырып, лайықты баспана іздейміз”, – деген Бақдәулет алғашқы пәтердің кілтін табыстаған сәтті ерекше тебіреніспен есіне алды.
– Облыстағы алғашқы баспананың кілтін биылғы қаңтар айында табыстадық. Сол жолғы таңдау Айыртау ауданының тұрғыны, алты баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкеге түсті. Оның үстіне, ол адам екінші топтағы мүгедек екен. Балаларының үлкені жиырма жаста болса, кішкентайы 4-сыныпта оқиды. Алдымен балаларының бірі арқылы байланысқа шықтық. Құжаттарды да оған айтпай, жасырын жинадық. Аудан орталығына барып, бірнеше күн бойы алты балаға ыңғайлы болатындай, ең бастысы, жылы, жайлы баспана іздедік. Үй иесімен ресми түрде келісім жасап, баспананы жалғызбасты әкенің атына аударып бердік, – деді Бақдәулет. Ал бесінші пәтер жақында Петропавл қаласының тұрғыны тағдырдың басқа салған сынағына сынбай, 4 перзентке (1 баласы ауру) тірек болып отырған батыр ана Жанар Мұсабаеваға табысталды.
Тағдырдың жазуымен төрт баласын жалғыз тәрбиелеп отырған Петропавл қаласының тұрғыны Манап Серікбаевқа несиеге рәсімделген пәтерін сақтап қалуға да “Харекет” қорының қайырымды жандары көмек берген. Манап Серікбаевтың бауыр еті балаларын өзі жалғыз бағып отырғанына екі жылдан асты. Жан жары обыр ауруынан көз жұмғаннан кейін ол төрт баласы үшін жұмысын тастауға мәжбүр болған.
Бірнеше жыл бұрын банктен несиеге пәтер сатып алған отбасының қайғыға душар боларын кім білген?! Жұмысынан айырылған жалғызбасты әке несиені төлей алмай қиналыпты. Қарызды өтемеген соң банк пәтерді қайтарып алмақ болған. Абырой болғанда, қайырымды жандар пәтерді біржола сатып әперді. Пәтердің кілтін “Харекет” қорының өкілдері табыс етті.
Биылғы сәуір айында Петропавлдағы қалалық Мəдениет үйінде “Харекет” қорының ұйымдастыруымен “Армандар орындалады” атты қайырымдылық концерті өтті. Марат Гайнулин, Біржан Есжанов, Дәурен Топышов сынды əншілер əннен шашу шашты. Сондай-ақ, аукцион ұйымдастырылды. Бәссаудаға “Сұңқар” спорттық клубының “Құлагер” хоккей клубының киімдері, боксшы Жанат Жақияновтың қолғабы шығарылды. Қайырымдылыққа жаны құмар жастар осы шараның арқасында 400 мың теңгеге жуық ақша жинап, игі іске жұмсаған.
– Қарап отырсақ, көмекке мұқтаж жандар көп. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарымызды жалғастырып, оларға шама-шарқымызша демеу болуға тырысамыз. Көпбалалы аналар мен жалғызбасты әкелердің алғысы, бата-тілектері, балаларының жүзіндегі қуаныш біздің жүрегімізді мейірімге бөлейді, – деп аяқтады сөзін Бақдәулет.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: жалғызбасты ана Г.Рақымжановаға пәтер кілтін табыстау сәті.