«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗГІЛІК ШУАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, небір қиындықты бастан кешірген адамдарды көргенде, жаның ауырады. Біреулер өмірлік серігінен айырылып, бауыр еті балаларын жалғыз бағып-қағуға мәжбүр болса, енді біреулеріне мүгедектігі қолбайлау. Ал бүгінгі қоғамдағы басты мәселе – баспана. Мейірімді жандардың қолдауымен осы азаматтарға көмек көрсету мақсатында осыдан екі жыл бұрын республикалық “Харекет” қайырымдылық қоры өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінге дейін қор 135 отбасыға пәтер сыйлап, шексіз қуанышқа бөледі. Ал былтырдан бастап қайырымдылық қоры өңірімізде де жұмыс істей бастады. Оған жас та болса ізгі бастамаларымен көзге түсіп жүрген Бақдәулет Сапарханов жетекшілік етеді.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де білім алған Бақ­дәулет бүгінде өзі оқыған жоғары оқу орнында қыз­мет етіп жүр. Жүрегі мейірімге толы жас мұқтаждарға мүмкінді­гін­ше қол ұшын созуды әркімнің аза­мат­тық борышы деп есеп­тейді.
– “Кең болсаң, кем болмай­сың” де­мекші, әр­біріміз көмекке зәру жан­дарға мүмкіндігін­ше қол­дау көрсетсек, ол біздің адамгер­ші­лі­гі­міздің өлшемі. Бірінші курс­тан бастап шама-шарқы­мыз­ша жетімдер үйіне барып, ерік­тілермен бірге шағын концерттер ұйымдастырдық, – дейді Бақдәу­лет.
Ал “Харекет” қайырымдылық қо­ры “1000 теңгеге баспана” ата­уы­мен акция өткізіп тұрады. Яғни, бұл қайырымдылық шара­сы ешкімнің қалтасына салмақ түсірмейді, ниет танытқан адам қордың есепшоты­на мың теңге салса болғаны. Қажетті қаржы жиналғаннан кейін қор мүшелері мұқтаж отбасыға баспана алып береді.
Бақдәулет Сапарханов “Харе­кет” қоры жайлы “Өнер қыранда­ры” театрының әлеу­мет­тік желі­де­гі парақшасы арқылы хабар­дар бол­ған екен. Осылайша қор­дың облыстағы өкілі болуға келіседі. Қордың ди­рек­­торы, идея авторы Гүлмира Мұ­қанқы­зы ха­бар­ласып, “Харекеттің” бір жылдығында Ал­маты қаласын­да өтетін шараға шақырыпты. “Өнер қырандары” театрымен, қор­дың жұ­мы­сын қолдап жүрген басқа да азаматтар­мен танысып, бұл іске деген ынта-ықыласы одан бе­тер арта түскені рас. Сол шара ба­ры­сын­да ол мұқтаж отба­сыға 33-інші бас­пана табыстал­ғанына куә болды.
Петропавл қаласына келе са­лы­сымен ерікті азаматтардың ба­сын қосып, бас­па­наға мұқтаж от­басылар­ды із­дестіре бастайды. Абырой болған­да, жанында жүр­ген достары, топ­тастары оны бір ауыздан қол­дап, кө­мектерін ая­мады. Қайырымдылыққа жергі­лікті университет жастарының ерекше қызы­ғушылық танытып отырғаны көңілге қуаныш ұяла­тады. Бүгінде қордың құрамында 200-ге жуық ерікті болса, соның 150-дейі – студент.
“Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару­ға” тырысып, әрбір ша­раны ұйымдастыруға атсалы­сып жүрген Сегіз сері атындағы ха­лық аспап­тар оркестрінің құра­мында өнер көрсететін Бәйімбет Құбайдола, СҚМУ-дің 4-курс сту­денті Гүлжан Әнуарбекова, Аза­мат Қалыбек, Біржан Тұрғанбай, Әкімжан Төле­бай және Әл-Фа­раби Мыңбайдың еңбе­гін ерекше атап өтуге болады.
Күнкөрісі қиын, баспанаға мұқ­таж отбасы­лар біздің өңірімізде де жетерлік. Сондықтан Бақдәу­лет­тің айтуынша, олардың ара­сы­нан шынымен де көмекке зә­ру азаматтар­ды табу маңызды. Қор­дың көмегімен пәтер алатын от­ба­сы­лар бірнеше талаптар­ға сай болуы керек. Ең алдымен, отба­сы мүшелерінің атында қандай да бір жыл­жымайтын мүлік бол­мауы ке­рек. Таңдау ба­рысында төрт, бес ба­ла тәрбиелеп отыр­ған жалғыз­басты ата-ана, жеті, сегіз баласы бар толық отбасыларға басымдық бері­леді. Осы талап­тарға сәйкес келетін отбасы­лар туралы мәліметтер мешіттерден, Қа­зақстан халқы облыстық ассам­блея­сынан, бас­қа да ұйымдардан жиналады. “Кейбір азаматтар бізге хабар­ласып, қиын жағдайға ұшы­ра­ған отбасыларды ұсынады. Олар­дың барлық құжаттарын жи­нас­тырып, респуб­ликаға жібере­міз. Құжаттары қабылданса, от­ба­сының жағдайын ескере отырып, лайық­ты баспана іздейміз”, – де­ген Бақдәу­лет алғашқы пәтердің кілтін табыстаған сәтті ерекше тебіреніспен есіне алды.
– Облыстағы алғашқы баспа­на­­ның кілтін биылғы қаңтар айын­да табыстадық. Сол жол­ғы таңдау Айыртау ауданының тұр­ғыны, алты баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкеге түсті. Оның үстіне, ол адам екінші топта­ғы мүгедек екен. Балала­рының үл­ке­ні жиырма жаста бол­са, кішкен­тайы 4-сыныпта оқиды. Алдымен балаларының бірі ар­қы­лы байла­нысқа шық­тық. Құ­жат­тарды да оған айтпай, жасы­рын жинадық. Аудан орталығына барып, бірне­ше күн бойы алты балаға ыңғайлы бола­тын­­дай, ең бастысы, жылы, жайлы баспана із­де­дік. Үй иесімен ресми түрде келісім жасап, бас­пананы жал­ғыз­­басты әкенің атына аударып бер­дік, – деді Бақдәулет. Ал бесінші пәтер жақында Петро­павл қаласы­ның тұрғыны тағ­дыр­дың басқа салған сынағына сынбай, 4 пер­зентке (1 баласы ауру) тірек болып отырған батыр ана Жанар Мұса­баеваға табыс­талды.
Тағдырдың жазуымен төрт ба­ла­сын жалғыз тәрбиелеп отыр­ған Петропавл қала­сының тұр­ғыны Манап Серікбаевқа не­сиеге рәсім­делген пәтерін сақтап қалуға да “Ха­­рекет” қорының қайырымды жан­дары көмек бер­ген. Манап Се­рікбаевтың бауыр еті бала­ларын өзі жалғыз бағып отырғанына екі жылдан асты. Жан жары обыр ауруынан көз жұмғаннан кейін ол төрт баласы үшін жұмысын тастауға мәжбүр болған.
Бірнеше жыл бұрын банктен несиеге пәтер сатып алған отбасы­ның қайғыға душар бола­рын кім білген?! Жұмысынан айырылған жалғызбасты әке несиені төлей алмай қиналыпты. Қарызды өте­ме­ген соң банк пәтерді қайтарып алмақ болған. Абырой болғанда, қайырымды жандар пәтерді біржола сатып әперді. Пәтердің кілтін “Харекет” қорының өкілдері табыс етті.
Биылғы сәуір айында Петро­павлдағы қалалық Мəдениет үйінде “Харекет” қорының ұйымдастыруымен “Ар­ман­дар орындалады” атты қайы­рым­дылық концерті өтті. Марат Гайнулин, Біржан Есжанов, Дәурен Топышов сынды əншілер əннен шашу шашты. Сондай-ақ, аукцион ұйымдас­тырылды. Бәс­саудаға “Сұңқар” спорттық клу­бының “Құ­ла­гер” хок­кей клу­бының киім­дері, боксшы Жанат Жақия­новтың қолғабы шыға­рылды. Қайырым­дылыққа жаны құмар жастар осы шараның арқасында 400 мың теңгеге жуық ақша жинап, игі іске жұмсаған.
– Қарап отырсақ, көмекке мұқ­таж жандар көп. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыс­та­ры­мызды жалғастырып, оларға ша­ма-шар­қымызша демеу болуға тыры­са­мыз. Көп­балалы аналар мен жал­ғызбасты әкелердің алғысы, бата-тілектері, бала­ларының жү­зін­­дегі қуаныш біздің жүрегімізді мейірім­ге бөлейді, – деп аяқтады сөзін Бақдәулет.

 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: жалғызбасты ана Г.Рақымжановаға пәтер кілтін табыстау сәті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp