Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданындағы Чапаево ауылына барды. Өңір басшысы елді-мекеннің тыныс-тіршілігімен танысып, Түркістан облысынан көшіп келген екі отбасының шаңырағында болды.
Биыл бұл ауылда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 12 тұрғын үй салу жоспарланған. Бүгінгі таңда бес үйдің құрылысы аяқталған. Жаңа үйлер жұмыс күші көп оңтүстік облыстардан көшіп келген азаматтарға берілмек. Өңір басшысы кең де жайлы үйлерге жайғасқан жалғызбасты ана Перизат Боранбаеваның және көпбалалы Оспановтар отбасының тыныс-тіршілігімен танысты.
– Біздің облысқа мұғалімдер, дәрігерлер мен механизаторлар қажет. Бүгінгі күнге дейін өңірімізге 1600 адам, немесе 518 отбасы қоныс аударды. Жыл соңына дейін 2 мыңнан астам адам көшіп келеді деп күтілуде. Жұмыс күші көп бес облыстан бөлек, өңірімізге Нұр-Сұлтан қаласынан да қоныс аудару қарастырылған. Мәселен, елордадан 62 отбасы көшіп келді. Өңірімізді таңдаған азаматтар үймен қатар жұмыспен де қамтылады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Жаңа үйлер сатып алу құқығымен 5 жылға жалға беріледі. Ай сайынғы төлем шамамен 15 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, қоныс аударған отбасылардың әр мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде демеуқаржы төлеу көзделген. Жалпы, биыл Қызылжар ауданында қоныстанушылар үшін 39 үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Бұл туралы толығырақ газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар.