«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІК ЖОБАЛАР ГРАНТҚА ИЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелсе, соның 20 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Өткен жылы жастар қоғамдық бірлестігі үкіметтік емес ұйымдар мен салалық мемлекеттік органдар арасында сауалнама жүргізген болатын. Нәтижесінде ауылдық жердегі үкіметтік емес ұйымдар қаржының жетіспеушілігі, материалдық базаның нашарлығы, мамандар біліктілігінің төмендігі, жеке кеңсенің жоқтығы сияқты мәселелермен жиі ұшырасатыны белгілі болды. Жауап берушілердің басым бөлігі қаржыландыруға көңілдері толмайтынын айтқан.

Осы мәселені шешу мақсатында “Жастар саламатты өмір салтын қолдайды” жастар қоғамдық бірлестігі ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға қатысты жобаны жүзеге асыруда. Осылайша, ауылдық жердегі үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттырып, тұрғындардың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге атсалысуды көздейді. Жоба аясында үкіметтік емес ұйымдарға арналған электронды кітапханасы бар, гранттар, семинарлар бойынша ақпараттар жарияланатын сайт іске қосылды. Өзара тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттыру үшін ауылдық жердегі үкіметтік емес ұйымдардың одағы құрылып, “Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі” атты шағын гранттар конкурсы ұйымдастырылды. Конкурсқа ұсынылған 10 жоба Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада таныстырылды.
Қорытындысында “Қызылжар аудандық мүгедектер бірлестігі” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дана Қожахметованың “Жаңа өмір – жаңа мүмкіндіктер” жобасы үздік деп танылды. Автор мамандармен бірге мүмкіндігі шектеулі және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған әйелдерге психологиялық және моральдық көмек көрсетіп, оңалту шараларын қолға алмақ. Сонымен қатар оларды визажист және шаштараз мамандықтары бойынша оқыту ойда бар. Дана Қожахметованың айтуынша, осы арқылы облыстағы жұмыссыздық деңгейін де төмендетуге болады.
Ал “Жамбыл ауданының белсенді жастары” корпоративтік қорының атқарушы директоры Амангелді Елеукиннің жобасы екінші орынға лайық деп танылды. Жоба сотталған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтардың бейімделуіне және оларды жұмыспен қамтуға бағытталған. Автор оларға құқықтық көмек көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіруге және кәсіпкерлік негізіне оқытуға ниет танытып отыр.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген “Жастардың нұрлы жолы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Махаббат Әбуова мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауды көздейді. Ол жоба аясында жеткіншектерге емдік дене шынықтыру, психология, сәндік қолданбалы өнер, менталды арифметика, қазақ және ағылшын тілдерін оқытуға арналған дәрістерді ұйымдастырмақ. Ата-аналарға арналған тренингтер де өткізу қарастырылған. Жоба аяқталған соң балалар мен олардың ата-аналарына арналған қайырымдылық кеші ұйымдастырылып, олар өз жұмыстарын сата алады.
Үздік әрі тың деп табылған жұмыс авторларына әлеуметтік жобасын жүзеге асыру үшін 700, 600 және 400 мың теңгенің гранттары берілді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp