Жақында облыстық әкімдікте өткен кезекті аппараттық кеңесте өңіріміздегі легионерлер мәселесі көтерілген еді. Жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті спорт клубтарына легионерлерді шақыру экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін айтқан. Сырттан келген спортшыларға көп шығындалу былай тұрсын, оларға артылған үміттің өзі ақталмай келеді.
– Клуб құрамына екі шетелдік спортшы қабылданса, жеткілікті. Қалғаны өңірімізде тәрбиеленген жергілікті спортшылар болуы тиіс. Қаржы шығындап бір-екі жылға спортшы шақырамыз да, оң нәтиже күтеміз. Біз бюджет қаражатының бұлай жұмсалуына жол бере алмаймыз. Сондықтан алдағы уақытта легионерлер шақыруды доғару қажет. Өз чемпиондарымызды тәрбиелейтін боламыз, – дегенді Құмар Іргебайұлы.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта облыстағы 9 спорт клубының құрамында 924 спортшы жаттығады. Олардың 855-і жергілікті жердің тумаcы болса, 55-і басқа қалалардың өкілі, ал 14-і – легионер. Легионерлердің екеуі “Қуаныш” волейбол клубының ойыншысы болса, қалған үшеуі – “Қызылжар” футбол клубының спортшысы, “Құлагер” хоккей командасының сапында 9 шетелдік өнер көрсетеді.
Жергілікті жанкүйерлердің петропавлдық футбол клубына көңілдері толмай жүргені шындық. Олардың бұлай өкпелеуі орынды-ақ. Өйткені, 2017 жылы команда сегіз жылдық үзілістен кейін Премьер-лигада өнер көрсетуге мүмкіндік алғанда, бөркімізді аспанға атып қуанған едік. Бұл маусымда, тіпті, болгариялық маман Никола Спасовқа бас бапкерлік тізгін сеніп тапсырылды. Сонымен қатар командаға грузиндік Шота Григалашвили, Гогита Гогуа, Георгий Попхадзе, болгар Михаил Венков, сербиялық Урош Делич пен Братислав Пуношевац, парагвайлық Фредди Коронель шақырылды. Алайда, бұл спортшылар нәтиже көрсетпеді. Команда жоғары дивизион сапынан шығып қалды. Үміт артып, командаға үкілеп қосқан легионерлеріміздің көрсеткен қайыры қане?
Бүгінгі таңда “Қызылжар” футбол клубының сапында 28 спортшы бар. Олардың 11-і – жергілікті жігіттер. Үш легионер, атап айтқанда, гамбиялық Момоду Сисей, украиналық Максим Драченко және грузиялық Шота Григалашвили ойнайды. Қалғаны – еліміздің басқа қалаларының өкілдері. Құрамада үш-ақ легионердің болуының да өзіндік себебі бар. Өйткені, бірінші лигада ойнайтын командаларға белгіленген регламентке сәйкес, легионерлердің саны үштен аспауы керек. Коман-даның бас бапкері Али Алиевтің айтуынша, алдағы уақытта легионерлер мәселесінің түйіні тарқатылады.
– Негізгі құрамда командадағы жергілікті жастардың ішінен Ильдар Аитов, Виктор Гунченко, Артем Черединов, Әділ Серғалиев, Александр Науменко ойнайды. Сондай-ақ, Петропавлдағы футбол орталығының тәрбиеленушілері Бауыржан Исмаилов пен Карен Джанунц жасыл алаңға жиі шығып жүр. Ал легионерлермен жасасқан келісімшартты уақытынан бұрын бұза алмаймыз. Сол себепті облыс әкімінің легионерлерге қатысты тапсырмасын маусым аяқталған соң орындауға кірісеміз, – деді бас бапкер.
Өңірімізде ізбасар тәрбиелейтін футбол орталығы бола тұра, басқа қалалар-дан футболшы шақыруымыз қалай?! Орталықтың тиімділік деңгейі төмен болғаны ма?! Әлде “Қызылжар” футбол клубының басшылығы жергілікті футболшыларды көзге ілмей ме?!
Футболшыларымызға қарағанда хоккейшілеріміздің жетістігі жоғары. “Құлагер” хоккей клубы 2018-2019 жылдар аралығындағы маусымда ел біріншілігінің қола жүлдегері атанған болатын. Бұған дейін екі рет ел кубогын иеленген еді. Ал биыл тамыз айының соңында ел кубогының күміс жүлдегері атанды. Бұл команданың сапында да шетел азаматтары көп. Командаға 8 ресейлік және 1 белорус мүше. Атап айтқанда, қазір ел біріншілігінде Александр Ильин, Евгений Попитич, Максим Первухин, Денис Стасюк, Никита Синицын, Вячеслав Крашенинин, Михаил Попов, Кирилл Власов және Егор Кудин есімді шетелдік хоккейшілер өнер көрсетіп жүр. Алайда, олар легионерлер болып саналмайды. Өйткені, Кеден одағына кіретін елдердің хоккей федерациялары үшін белгіленген бірыңғай регламентке сәйкес “легионер” айдары тағылмайды. Дегенмен, оларды отандық спортшылар қатарына да жатқыза алмаймыз. Бір өкініштісі, команда сапында жалғыз жерлесіміз, яғни қақпашы Сергей Остовский ғана ойнауда. Білдей бір клубта бір ғана солтүстікқазақстандықтың болуы көңілге кірбің түсіреді.
Волейболшы қыздарымыздың қатарында да легионерлер бар. Атап айтар болсақ, жергілікті клубқа украиналық Алла Политанская, сербиялық Милка Стиепич және Павлодар қаласының өкілдері Ксения Курьерова мен Александра Мещанинова мүше. Қалған волейболшылар аудандардан жиналғандар. Демек, командада сырттан төрт-ақ бойжеткен ойнайды. Клубтың спорттық директоры Степан Притула команданың негізгі тобымен бірге ізбасарларды да даярлау қолға алынғанын, жас ерекшеліктеріне қарай облыс оқушыларынан бірнеше топ құрылғанын айтты.
Бүгіндері қазақ күресінен өткен додаларда өңір намысын “Қызылжар арландары” кәсіби клубының балуандары қорғап жүргені белгілі. Бұлардың арасында да өзге қалалардың өкілдері басым. Клуб құрамында Мұхит Тұрсынов, Жеңіс Төленбеков, Айдос Сейпілұлы, Мейіржан Берекетов, Қуаныш Ысқақов, Рустам Жұмаев, Алтынбек Аусағитов, Мейірбек Рахимов, Батырхан Қайырбек және Мерей Абдрасулов есімді балуандар жаттықса, соңғы бесеуі – солтүстікқазақстандық. Сондай-ақ, бұл клубтың сапында петропавлдық дзюдошы Назгүл Маратова да өнер көрсетеді. Жалпы айтқанда, клуб мүшелерінің барлығы да “сен тұр, мен атайын” деген сайыпқырандар. Биыл тамыз айының басында Петропавлда қазақ күресінен кәсіби спорт клубтары арасында тұңғыш рет Қазақстан кубогы өтті. Бұл сайыста “Қызылжар арландары” да бақ сынап, үздік үштікті түйіндеген болатын. Дегенмен, жарысқа жалғыз жерлесіміз ғана қатысты. Қалғаны – өзге өңірлердің тумалары. Солтүстікқазақстандық бапкер Төлеген Жетпісбаевпен хабарласып, осы жайлы пікірін білген едік.
– Бәсекеде өз өңірімізде туған балуандардың барлығын да күрестіруге болар еді. Дегенмен, клуб басшылығы әр салмақ бойынша жеңіске жетеді деген үздіктерді ғана шығарды, – деді ол.
Қалай дегенмен де, өңір құрамаларының жергілікті спортшылардан жасақталғаны дұрыс. Сырттан келген спортшыларға шығындалғаннан гөрі сол қаржы ізбасар даярлауға бағытталса, ұтарымыз көп болмақ.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.