Тайынша ауданындағы Петровка орта мектебінің түлегі Анастасия Матченя мемлекеттік тілде сөйлеуді өзіне мәртебе санайды. Ол бала кезінен қазақ және орыс тілдерін қатар меңгеріп, мектеп қабырғасында қос тілде шығармалар жазған. Абай мен Пушкиннің өлеңдерін жатқа оқудың да тілді жетік меңгеруіне көп көмегі тиген.
Ауыл мектебінде білім алған қаршадай қыздың есімі соңғы кездері аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі білім жарыстарында жиі айтылады. Бүгінде Анастасия Матченя Көкшетау қаласындағы колледжде білім алуда.
Қазіргі таңда ұстаздар мен көптеген ата-аналарды баланың тіл білуге деген ынтасын қалайша оятуға болатыны жөніндегі мәселе жиі мазалайтыны жасырын емес. Ал Анастасияның аз уақыттың ішінде тіл үйренуіне мына бір оқиға себеп болған екен. Бірінші сыныпта оқып жүрген кезінде аудандық аурухананың хирургия бөлімшесіне түседі. Палатада бірге жатқан қазақ әйелі кішкентай қыздан “Қазақ тілін үйренгің келе ме?” деп сұрап, оған әріптерді оқыта бастайды. Хирургия бөліміне түскендердің ұзақ уақыт емделетіні белгілі. Настя бірнеше аптаның ішінде қазақ әріптерін түгелдей үйреніп, қысқа сөздерді оқи алатындай дәрежеге жетеді. Аурухананың “іш пыстырар” кештері осылайша қызықты өтті. Сол күннен бері Настя тіл үйренуге ден қойып, қазақша газет-журналдарды оқи бастаған. Оның орыс ауылында тұратыны да бұл мақсатына жетуге еш кедергі болмапты. Мектеп бағдарламасынан тыс қазақ тілінде жазылған шығармаларды да өздігінен оқып, тіл жаттықтырған. Бастауыш сыныптарда қазақ халық ертегілері мен батырлар жырын оқуға талпынған. Кішкентай Настяны қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері де қолдап, оны мемлекеттік тілде өткізілетін түрлі шараларға қатыстыра бастаған.
Настя 3-ші сыныпқа көшкен кезде Петровкаға көшіп барады. Мұнда да ол өз ісіне адал ұстаздарға жолығып, тіл білуге деген ұмтылысын арттыра түседі. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Анар Сәрсембаева, Лиза Қабағарова мен Қалия Танашева талабы таудай қыздың тілді еркін меңгеруіне қолдарынан келгенше қолдау көрсетеді. Петровка ауылдық мектебінде оқып жүрген кезінде Анастасия олимпиадаларға, форумдар мен фестивальдарға қатысады. Бірнеше рет Абай оқуларында бағын сынап, жүлделі орындардан көрінеді. Жоғары сыныптарда оның тіл сайыстарында қол жеткізген жетістіктері еселене түседі. Жерлесіміздің үш жыл қатарынан аудандық олимпиада мен “Жарқын болашақ” аудандық фестивалінде бірінші орынды иеленгенін айтып өткен жөн. 2017 және 2018 жылдары Настя облыстық деңгейде өткен “Моя инициатива – моей Родине” шығармашылық жобалар конкурсында екінші орын алады. Бүгінде білімді қыз қазақ тілін білумен қатар латын әліпбиін үйренуге де ден қойып отыр. Оның бұл талпынысынан алғашқы нәтиже де жоқ емес. “Латынға көшу” жобалар фестивалінде де Настя марапатқа ие болды. Бұдан басқа, жерлесіміз “Казахстан, дружественный к ребенку” фестиваль-форумына қатысып, қазақ және орыс тілінде баяндама жасады. Анастасияның айтуына қарағанда, мұндай жобалар талабыңды шыңдайды.
– Өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді білуге міндетті деп ойлаймын. Бұл адамдармен қарым-қатынас орнатуда үлкен мүмкіндіктер туғызып, қазақ халқының мәдениетін, әдебиеті мен тарихын тереңірек білуге жол ашады. Бүгінде елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Сондықтан оның болашағы зор деп ойлаймын, – деп ой бөлісті Настя.
Талапты жас 9-сыныпта оқып жүрген кезде болашағын қазақ тілімен байланыстыруды мақсат тұтады. Бүгінгі күні ол Көкшетау қаласындағы Жанайдар Мусин атындағы колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда.
Болашақта Настя сияқты өрендеріміздің қатары көбейе түссе, қазақ тілінің мәртебесі асқақтай берері сөзсіз.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.