Биыл жазғы демалыс уақытында білім ошақтарын жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы бөлінгенінен көпшілік хабардар. Әрине, әрбір ата-ана баласының жақсы мектепте оқығанын қалайды. Алайда, білім күнінде бірқатар мектептер оқушыларды қабылдауға дайын болмай, ата-аналар мен оқушылардың қуанышы су сепкендей басылды. Мектеп басшылары көп жағдайда кінәні жұмысты уақытында аяқтамаған мердігерлерге артады. Жергілікті білім ошақтарында бұдан басқа да түйткілді мәселелер шаш-етектен. Қызылжар ауданының Якорь ауылындағы орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмағанымен қоймай, апаттық жағдайда тұрған ғимарат оқушылар үшін қауіп төндіруде. Балаларының өміріне алаңдаған ата-аналар құзырлы органдарға жүгініп, осы мәселені шешуді сұраған.
Ата-аналардың айтуынша, мектеп 17 жыл бұрын апаттық деп танылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұның өзі бірнеше рет шағымданнан кейін ғана қолға алынған. “Биыл мектепті жөндеуге 57 млн. теңге ақша бөлінді. Бірінші қабаттағы фойедегі сылақты алып тастағаннан кейін сол жақ қабырғада үлкен жарықша пайда болды”, – делінген хатта. Яғни, ата-аналар тиісті сараптаманы қайтадан жүргізіп, мектептің қазіргі жағдайын анықтауды талап етіп отыр.
Осы мәселе бойынша Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиеваға хабарласқан едік. Ол жобалық-сметалық құжаттама әзірленерде қажетті сараптама жүргізілгенін айтты. Яғни, мектеп ғимараты жарамды деп танылып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады деген шешім шығарылған. Алайда, ата-аналар толық сараптама жүргізуді талап етуде. Сондықтан арнайы комиссия құрылып, мемлекеттік сараптамаға тапсырыс берілді. Нәтижесі жақын күндері белгілі болады.
Бұл жағдайды мұқият назарда ұстап отырған Қызылжар аудандық прокуратурасы аталған мектептегі жөндеу жұмыстарына сараптама жүргізіп, анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актісін толтырған.
Аталған білім ордасы – ауылдағы жалғыз мектеп, оның үстіне жақын маңдағы елді мекендерден де мұнда келіп оқитындар бар. Оқушылар саны 300-ден асады. Жаңа оқу жылы басталғанда мектептегі асхана, акт залы, интернат және балаларға арналған шағын орталықтағы жөндеу жұмыстары аяқталмаған болатын. Мектеп басшылары ата-аналарды спорт зал мен асханадағы жөндеу жұмыстары оқушылардың білім алуына кедергі келтірмейтінін айтып, сендірген. Алайда, шаң-тозаңның арасында құрылысшылармен қабаттасып білім алу оқушылар үшін қиындық тудыруда.
Жергілікті басшылардың сөзінше, маусым айында басталуы тиіс жөндеу жұмыстары шілде айында әрең дегенде қолға алынған. Құрылысшылар бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіп, уақыт одан әрі созыла түскен. Жаңа оқу жылының басында мердігер компания жұмыстарды 10 күннің ішінде аяқтаймыз деп сендірген. Ата-аналардың шағымынан кейін жағдай тіпті қиындай түсті. Мектептегі жөндеу жұмыстары енді қашан аяқталатыны беймәлім.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.