Қазақ халқы қадір тұтатын Ұмай ана, Домалақ ана, Тұмар ханша, жыр-дастандарымызбен бізге жеткен Жиренше шешеннің жары Қарашаш ана, Айша бибі, Бопай ханым, Шоқанның әжесі – Айғаным, Абайдың әжесі – Зере, анасы – Ұлжан, бір рулы елді басқарған Ұлпан сияқты тарихта есімі алтын әріптермен жазылған аналар аз емес. Осындай ізгі жандардың ізімен ұрпақ өсіріп, балаларын бақытына балаған отбасының ұйытқысы Қапия Шахметова да ана дейтін ардақты есімге лайық жан.
Бұрынғы Совет ауданында 1934 жылы дүниеге келген Қапия Көпейқызы еңбекке ерте араласып, соғыс жылдарындағы қиын қыстау кезеңді басынан өткерді. Қылышынан қан тамған Кеңес одағы жылдарында тағдырдың қыспағын көрген қаршадай қыздың небәрі төрт сыныптық білім алуға ғана мүмкіндігі болды. Өйткені, отты жылдары балалар ойынды ұмытып, үлкендермен бірге ауыр жұмыстың қамытын арқалағаны баршаға аян. Егін егіп, астық жинап, масақ теріп күн көрген адамдардың тағдыры қиын болды. “Көппен көрген ұлы той” демекші, еңсесін ешқашан түсірмеген Қапия Көпейқызы ауылдастарымен ауыр кезеңді бірге өткерді. Соғыстан кейін тұралап қалған елдің экономикасын көтеруге бір адамдай атсалысты. Ол таңның атысы, күннің батысы қырда еңбек етіп, еліміздің ертеңі үшін аянбады. Өзі сияқты жастармен еңбек майданында шыңдалды.
Тыл еңбеккері бүгінде Сарытомар ауылында тұрады. Құдай қосқан қосағы Қазтай Сәдуақасұлымен мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, он баланы өсіріп, ержеткізді. Алдынан шаруа үркіп тұратын Қазтай Сәдуақасұлы да еңбектің қазанында қайнап, бірнеше рет Алматыда өткен халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысты.
Он баланы қатарынан қалдырмау үшін күн-түн демей жұмыс істеген ерлі-зайыптылар олардың жоғары білім алып, өмірде өз орындарын табуларына жағдай жасады. Ата-ана үшін әр баланың өз орны бар. Тұңғыш қызы Жүбаржатынан қапияда көз жазып қалған Қапия Көпейқызы қалған ұл-қыздарының қызығын көрді. Нұрыш, Мақпал есімді балалары зейнетке шықса, Нариман, Нұрсұлтан, Гүлнәр, Гүлшат, Гүлзада, Гүлзия, Нұрсұлу атты ұл-қыздары әр салада табысты еңбек етуде. Әулетінің ақылшысы, болып отырған әжейдің немерелері де жоғары білім алып, егемен еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда.
Ұрпағымен көркейген қазыналы қария бүгінде сүт кенжесі Нұрсұлтанның қолында тұрады. Сексеннің сеңгірінен асқан әзиз ана балаларының ортасында өтіп жатқан бақытты қарттық өмірге дән риза.
– Құдайға шүкір, отағасы екеуіміз балаларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп өсірдік. Бұл біздің ата-аналық парызымыз ғой. Әйел үшін ең бастысы – өмірге ұрпақ әкелу. Себебі, ана болу – өмірдегі ең үлкен бақыт. Әр баланың денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге барымызды салдық, – дей келе “Алтын алқа” иегері Қапия Шахметова сәби ұрпақ жалғасы екенін айтып, әр шаңырақта баланың шат күлкісі естілсін деген аналық ақ тілегін жеткізді.
Ата-салтымызды берік ұстанып, халқымыздың дәстүрін құрмет тұтқан қарт ана ағайын-туысқа, абысын-ажынға, ауылға сыйлы жан. Оның өнегелі өмір жолынан өзгелер де үлгі алса екен дейсің.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.
Мағжан Жұмабаев ауданы.
СУРЕТТЕ: Қ.Шахметова немерелерімен.