Ұл ержетіп, қыз бойжеткен шақта әрбір ата-ана – олардың өз теңін тапқанын тілейді. Ата-ана үшін одан асқан бақыт жоқ. Ата-бабамыздан мирас болған салтымызбен қыз ұзатып, келін түсіру бір ғанибет емес пе? Әрбір дәстүрдің өзіндік мән-маңызы бар. “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” демекші, ұлттық салттан ажырап, той салтанатын батыстың мәдениетіне орайластыруды жөн санайтындар да кездесіп қалуда. Бірақ бес саусақ бірдей емес. Құдайға шүкір, халқымыздың әдет-ғұрпын сақтап, салт-дәстүрін құрметтейтін жастарымыз көп. Бұл дәстүріміздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, келешек буынға дәріптеліп жатқанының айқын белгісі.
“Жасаусыз қыз болмайды, жабдықсыз үй болмайды” деген қазақ үкілеп өсірген қызын жасаусыз ұзатпаған. Әрине, қоғам дамыған сайын адамдардың өмір сүру салты да өзгеруде. Қыз жасауын әзірлеудің бүгінгі сипаты бұрынғыдан өзгерек.
– Мен 1975 жылы тұрмысқа шықтым. Ол кезде астатөк дастарқан жаю, қымбат сый-сияпат жасау деген болмайтын. Тіпті, жолдасым тойға киетін костюмді бір танысынан сұрап киді. Құдайға шүкір, әке-шешем сіңлім екеумізді үлде мен бүлдеге орап өсірді. Әкем аудандық партия комитетінің хатшысы болды. Сондықтан тұрмысқа шыққанша таршылық көрген жоқпын. Ата-анам жасауға текемет, тігін машинасын, ыдыс-аяқ, сандық, диван және шкаф берді. Өкінішке қарай, қазір үйден келген сол тұрмыстық жиһаздар ескіріп, сәннен шықты. Бірақ төркіннен келген дүние-мүлік ыстық болады екен. Анамның тоқыған текеметін жерге төсеуге қимадым, тігін машинасын да күтіп ұстадым. Осы екеуі әлі күнге дейін үйімнің төрінде тұр, – дей келе зейнеткер Нұркен Құсниқызы өзінің де қыздарының жасауына жауапкершілікпен қарайтынын жеткізді. Алайда, кейуана бүгін кей ата-аналардың шектен тыс астамшылық жасайтынын түсіне алмайды. Қарызданса да жасауды жарқыратып апару үшін жанын салатындар көбейген. Ата-аналарға “көрпеге қарай көсілуге” кеңес берген қария жас жұбайлардың бақыты дүние-мүлікпен, қымбат жасаумен өлшенбеуі тиіс екенін айтады.
“Үйлену оңай, үй болу қиын” деп халқымыз бекер айтпаған. Қазір отбасында материалдық құндылық бірінші орынға шықты. Бұл өкінішті жайт. Себебі, тұрмыстық жағдайға байланысты шаңырағы шайқалған жас отбасылар сөзімізге дәлел. Жас жұбайлар “дайын асқа, тік қасық” болмай, өмірдің қызығы мен шыжығын, ыстығы мен суығын бірге көріп, еңбекпен ортақ мал тапса, сол асыл емес пе? Әрине, әр ата-ана жасауды жарқыратып апарғысы келеді. Көбінің банктен несие алатыны жасырын емес. Ұзақ жылдар бойы қарызды өтеумен жүргенде екі жас жарасып кетсе, құба-құп.
Халқымызда “Алты жастан жинасаң артылады, жеті жастаң жинасаң жетеді” деген аталы сөз бар. Қыздың жасауын дайындау әрбір ананың перзенті алдындағы парызы. Мұндай жауапты сәтке кейбіреулер ерте қамданады. Қазір қыздың жасауына қажетті дүниенің барлығын дүкендерден табуға болады. Көрпе-жастықтың, төсек-орынның, тіпті, ыдыс-аяқтың түр-түрі бар. Қажетті жиһазға да тапсырыс беруге болады. Бүгінде заманауи үлгідегі сандықтарға сұраныс артқан.
Осыдан бірнеше ай бұрын қызын ұзатқан Петропавл қаласының тұрғыны Нұржамал Қараманқызы қазіргі таңда қыз жасауына жұмсалатын қаржы той шығынынан кем түспейтінін айтты.
– Қыздың жасауын дайындағанда алдымен төсек-орын, ыдыс-аяқты түгендеу керек деп ойлаймын. Дегенмен, әр адамның талғамы мен пікірі әртүрлі. Бәрі де қаржыға байланысты. Екі қызымды ұзатқанда да тұрмысқа қажетті дүниені шама-шарқымыз келгенше әперуге тырыстық. Тұрмыстық техникаға дейін сатып алдық. Екінші қызымның жасауына жатын бөлме жиһазын қоспағанда, шамамен бір миллион теңге жұмсадық. Ата-ананың қалтасы көтерсе, жасауға бұдан да көп ақша жұмсауға болады. Өйткені, қазір бәрі қымбат. Өзім қыздарымның жасауын дайындағанда сапаға мән бердім. Сондықтан екінші қызымды ұзатқанда Түркияның сапалы тауарларын Алматыдан арнайы алдырдым, – дей келе ол қазір ата-аналардың қыз жасауын дайындауға несие алатынын жасырмады. Оның айтуынша, жас отбасыға қолдау қажет. Өйткені, айлығы пәтерақысынан артылмайтын жастарға жұбайлық өмірдің алғашқы жылдары оңай соқпауы мүмкін. Осындай материалдық жетіспеушіліктің салдары ажырасуға дейін баратынын жоғарыда айттық.
Дегенмен, қымбат жасауға, тойдың шығынына кейде жастардың көңілі толмай жатады. Екі жақтың тойына жұмсалатын қаржыға пәтер сатып алу әлдеқайда тиімді екенін айтқан Әсемгүл есімді бойжеткен ақшаны қажетсіз дүниеге шашуға қарсы. Бұл пікірмен психолог Маржан Исекова да келіседі.
– Қазақтың салты бойынша әрбір ата-ана қызға жасау беруі керек. Бұл ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүр. Қыз жасауын әр өңір өзіне тән ерекшелікпен дайындауы мүмкін. Бірақ бұл тамаша дәстүрімізді материалдық құндылыққа айналдырмау қажет деп ойлаймын. Ысырапшылдыққа жол бермеген жөн. Әр ата-ана қаражатты қажетсіз дүниеге жұмсағанша, жастарға баспана алуға көмек көрсетсе дұрыс болар еді. Ал кір жуатын, ыдыс жуатын, үй жинайтын техниканы кіргізіп қоятын өз отаулары болмаса, дүние-мүлік кімге керек? Осыны үлкендер ойласа екен, – деді Маржан Қазезқызы.
“Әр елдің салты басқа…” демекші, еліміздің оңтүстік өңірлерінде қыз жасауын дайындауда бірқатар өзгешеліктер бар. Жақында солтүстіктің жігітіне тұрмысқа шығып, босаға аттаған жас келіндерді де сөзге тарттық. Бүгінде Уәлиханов ауданында тұратын Шымкенттің сұлуы Жазира Құрманәлі жасауында тұрмысқа қажетті дүниеден бөлек, жыл мезгілінің төрт кезеңіне арналған киім-кешекке дейін болғанын жеткізді. Қалың малы төленген қызға қымбат жасау беру үшін ата-анасы екі миллион теңге шығындаған екен.
Ата-ана балаларының баянды болашағы үшін бәріне дайын. “Жиғаным тойға шашылсын” деп жасауды да жұрт тамсанатындай етіп апарғысы келеді. Бірақ сол қымбат жасау – екі жастың бақытына кепіл бола ала ма? Жауап беру қиын.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.