Биыл облысымызда жылыту маусымы қыркүйек айының 20-нан басталды. Алты ай қыста от жағып, үй жылыту үшін облыс халқына 385 мың тонна көмір қажет. Қазір оның 212 мың тоннасы жеткізіліп, тұрғындар қысқы отынмен 55 пайызға қамтылып отыр.
Облыстық энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айдархан Мусиннің айтуынша, бүгінгі күні өңірдің көмір нарығындағы жағдайы тұрақты.
– Қазіргі уақытта облыстың 33 теміржол тұйығында 68 мың тонна қара отын бар. Оның 10 мың тоннасы Петропавл қаласындағы темір жол тұйықтарына жеткізілді. Тұрғындарды көмірмен қамтамасыз етуге байланысты ешқандай қиындық жоқ. Облыс әкімдігі көмірді қоймаға тасымалдайтын кәсіпкерлермен, көмір кеніштері, “Қазақстан темір жолы” АҚ-ы өкілдерімен ортақ келісімге келген болатын. Бүгіндері біздің басқарма көмір тасымалына күнделікті бақылау жүргізуде. Бюджеттік ұйымдарға140 мың тонна көмір қажет. Бүгіндері облыстың барлық әлеуметтік нысандары көмірмен толықтай қамтамасыз етілді, – деді Айдархан Балтабайұлы.
Қазіргі уақытта облыс орталығында қатты отынды өткізумен айналысатын “ПромВестУголь” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен “Жан” жеке кәсіпкерлігінің темір жол тұйықтарындағы қоймаларында көмір еш кедергісіз сатылып жатыр.
Сурет karaganda.flagma.kz сайтынан алынды.