«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІ ЖҮЗ ҮЙ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru


 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өңірдегі кешегі дауылға қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

Шара барысында сөз алған “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалымованың айтуынша, дауылдың тұруына Ресейден келген циклон себеп болған. 

– Солтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа көшкен атмосфералық ағын салдарынан облыста найзағай ойнап, дауыл тұрды. Бүгін түнде Тайынша мен Тимирязев аудандарындағы метеостанцияларда жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен күшті жел тіркелді. Петропавл қаласында желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетті, – деді Қымбат Мерғалымова.
Департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, кешегі дауыл Тайынша ауданындағы бір мектептің шатырын жұлып кеткен. Петропавл қаласында 200-ден астам үй жарықсыз қалды. Атап айтқанда, Жамбыл, Горький, Маяковский, Сенная және тағы бірқатар көшелердегі үйлерде жарық өшкен. Апаттың салдары жойылып, біраздан соң бұл үйлерге жарық берілді. Бұдан бөлек, «Коммунхоз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары құлаған ағаштарды жинап, жолдарды тазартты.
Мамандар қатты желдің салдарынан бағана сымдарының бір-біріне тиюі себеп болғанын айтады. Алдағы уақытта энергетиктер желілерді тексеріп, сымдарды қайта тартуы керек. Ал, «Коммунхоз» ЖШС-і құлайын деп тұрған ағаштарды кесуді қолға алады.
Өңіріміздегі қолайсыз ауа райы алдағы күндері де сақталмақ. Желдің екпіні секундына 25-28 метрге дейін жетуі мүмкін. Тек сенбі күні біршама саябырсиды деп күтілуде. Алайда, жексенбі күні қайтадан дауыл тұрып, жауын жауып, найзағай ойнайды. Қыркүйектің үшінші онкүндігінде күн суытады, ауа температурасы 1 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Құтқарушылар дауылды күндері мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес береді.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp