«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА МАУСЫМДЫ “НОҒАЙБАЙ” АШТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының XXI маусымы драматург Болат Мамытбековтің “Ноғайбай” спектаклімен ашылды.

Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Ноғайбай Батырбекұлының 185 жылдығына арнайы жазылған шығарманың желісі бойынша көрермендерге жол тартқан қойылым тарихи оқиғаларға негізделген. Ноғайбай Батырбекұлы – өз заманында әділ төрелігімен көзге түскен ірі тарихи тұлға.
“Әділін сұраса, атаңның болсын айыбын айт”, – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, әділдіктің ақ жолын ту еткен Ноғайбай би де ат төбеліндей қазақты сақтап қалу үшін алдымен елдің тыныштығын ойлады. Ол патша өкіметінің отарлау саясаты тұсында бір тудың астына қазақтың жұдырықтай жұмылып, татулықта болуын қалады. Қара шекпен мұжықтар Қызылжарға қоныс аудара бастаған кезде дүрмекке түскен елді тыныштандырып, күш-қайрат білекте емес, білімде екенін айтқан бидің ақыл-парасаты халықты соғыссыз жеңіске жеткізді. Көзі ашық, көкірегі ояу Ноғайбай Батырбекұлы елмен елді, жер мен жерді жақын ету үшін теміржол салып, патша саясатына ақыл-айламен тойтарыс берудің жолын көрсетті. Қойылым осы көріністерге негізделген.
Қойылымның режиссері Фархад Молдағали өз заманында елді ынтымақ пен бірлікке ұйыстырып, әділдігімен, парасаттылығымен талай дауды шешкен Ноғайбай бидің тарихи тұлғасын жан-жақты ашуға тырысқан. Жанды әуенмен әрленген спектакль қазақ халқының шежірелі тарихын көз алдына елестетеді. Сахнаның тарихи образда безендірілуі тіпті тартымды. Басты рөлді сомдаған театрдың директоры, мәдениет қайраткері Біржан Жалғасбаев Ноғайбай бидің бейнесін сәтті аша білді. Көрермендерге тұщымды дүние ұсынған актерлер әр кейіпкердің образын шебер сомдады. Тіпті, кейіпкерлердің киім үлгісі де өзгеше болғанын айтып өткен жөн.
Жаңа маусымда сахнагерлермен қайта қауышқан көрерменнің қуанышында шек жоқ. Фольклорлық үлгідегі пьесаны дайындауға бірер ай уақыт жұмсаған сахна саңлақтарының еңбегі ерекше екенін тілге тиек еткен жөн. Жаңа маусымның ашылуында театрдың көркемдік жетекшісі Фархад Молдағали алда тұрған ауқымды жоспармен бөлісіп, құрмет көрсеткен көрерменге алғысын білдірді.
– Жақында Семей қаласы мен Қырғызстан елінде өтетін театр фестивальдеріне қатысуды жоспарлап отырмыз. Биыл көрермендердің назарына төрт жаңа қойылым ұсынылмақ. Қосымша театр жанындағы “StarTDrama” зертханасында актерлердің өзіндік жұмыстары негізінде жаңа пьесалар көрерменге жол тартады, – дей келе жас режиссер биыл Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тамамдаған екі түлек актерлердің қатарын толықтырғанын жеткізді.
Бұл күні театрға жиналған қауымның қарасы да көп болды. Өнердің құдіретінен рухани нәр алған көрермен орындарынан тұрып, толассыз шапалақ ұрды. Аншлагпен өткен қойылым соңында әртістерге құрмет көрсетіліп, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан ықылас гүлі тарту етілді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp