Өңірімізде темір жол пойыздарына билеттерді кассалардан сатып алмай, жолсеріктер арқылы сапарға аттанатын адамдар бар. Осы келеңсіздіктер “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Оған қоғам белсенділерімен қоса көлік бақылау инспекциясының, Оңтүстік-Орал темір жолының, желілік полиция бөлімнің өкілдері қатысты.
Облыстағы арнайы мониторингтік топтың басшысы Александр Бодуновскийдің айтуынша, 13 қыркүйек күні жергілікті темір жол вокзалында топ мүшелері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық филиалының өкілдері қоғамдық мониторинг жүргізген. “Жасырын сатып алушы” әдісін қолданудың барысында бекетте мекеме қызметкерлерінің тарапынан орын алған сыбайлас жемқорлық жағдайлары анықталды.
– Біздің топқа бұл мәселелер туралы жүгінушілер көп. Осыны негізге ала отырып, мониторинг жүргіздік. Бақылау жұмыстарының нәтижесінде алыпсатарлардың белгіленбеген жерлерде билет сататыны мәлім болды. Тексеру шарасы өткен күні кешке жолсерік “Жасырын сатып алушыдан” “Астана – Қызылорда” бағытындағы жүрдек пойызына билетсіз мініп, сапарға аттануы үшін 8 мың теңге сұраған екен. Аталған келеңсіз жағдай расталды. Дегенмен мұның барлығы әлі де тексерілетін болады. Егер сыбайлас жемқорлық фактісі дәлелденген болса, материалдар құзырлы органдарға жіберіледі, – дейді Александр Викторович.
Облыстық көлік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Манарбек Ыбыраев темір жол вокзалында тексеру шаралары ұдайы жүргізілетінін айтты. Атап айтқанда, пойыздарда жолаушыларды тасымалдау ережелерінің сақталуы тексеріледі.
– Жыл басынан бері жолаушыларға арналған 30-ға жуық пойызды тексердік. Оның барысында 8 жолаушының билетсіз пойызға мінгені анықталды. Санитарлық талаптарды бұзған төрт лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар басқа да заң бұзушылықтар жасаған үшін екі іс қозғалды. Жалпы айтқанда, жолаушыларды және жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу бойынша 14 әкімшілік материал бар. Айта кетерлік жайт, жолаушыны билетсіз пойызға мінгізгені үшін тек жолсеріктерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал жолаушылар жақын маңайдағы бекетте шығып, билет сатып алады, – деді ол.
Баспасөз мәслихатының соңында темір жолда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар әлі де жалғастырылатынын айтты.
Сурет https://gatchina.life сайтынан алынды.