«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫСТЫҢ БАС ПОЛИЦЕЙІ ЕСЕП БЕРДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев тұрғындар алдында есеп берді. Бірінші басшының алғашқы есебі көшпелі кездесу тұрпатында Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының әкімдігінде өтті. Оған қалалық және аудандық әкімдіктер бейнебайланыс арқылы қосылды.

 «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметованың, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Қуаныш Жүсіпованың, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Марат Ескендіровтің және жұртшылық өкілдерінің қатысуымен өткен жиында облыстық полиция департаментінің бастығы өз жұмыстарының барлық бағыттарына тоқталып, жедел-қызметтік көрсеткіштері мен негізгі басымдықтарды атап көрсетті. Облыстың бас полицейі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген бағыттарды тәртіп сақшылары жүзеге асыруға атсалысатындығын айтып сендірді. Сондай-ақ, полицейлер әрдайым ашықтықты, айқындықты қамтамасыз етіп, азаматтардың арыз-шағымдары бойынша жедел шаралар қабылдамақ. Полиция қатарында тәртіптің, заңдылықтың нығаюына, сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға да баса назар аударылатын болады.
Биылғы жылдың өткен сегіз айы ішінде облысымызда қылмыс саны 6,8 пайызға азайған. Өңірімізде ең көп тараған қылмыс түрі – ұрлықтың жалпы үлесі 56 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері бұрын жасалған 282 қылмыстың бетін ашты. 59 қылмыскер ұсталып, із-түзсіз жоғалған 39 адамның жүрген жерлері анықталды. Есірткіге қатысты 132 қылмыс анықталған. Оның ішінде 32-сі – есірткі сату. Барлығы 200 килограмнан астам есірткі тәркіленіп алынды. Оның 112 грамы – героин. Анықтаушылар мен тергеушілер 10 мыңнан астам қылмыстық істі тергеп, 1700 істі электрондық форматта аяқтады.
Марат Төлебаевтың мәліметінше, 97 мың адам жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мас күйде көлік айдаған 899 жүргізуші ұсталды.
Облыстық полиция департаменті бастығының айтуынша, биылғы жылдың полиция үшін маңызы зор. Ішкі істер органдары қызметін жаңғырту жөніндегі “Жол картасын” жүзеге асыру аясында штаттық құрылым жетілдірілуде. Полиция штаты 10 пайызға қысқартылды. Қысқарған қызметкерлер жұмыссыз қалмай, басқа бос лауазымдарға орналастырылды.
Полиция департаменті қызметркелері негізгі жұмыстарына қоса, тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді уақтылы әрі сапалы көрсетеді. Жыл басынан бері өңір сақшылары халыққа 211 мыңнан астам қызмет көрсетті. Олардың басым бөлігі көші-қон қызметіне қатысты.
Есепті кездесуге бейнебайланыс арқылы қатысқан ауыл тұрғындары мүмкіндікті пайдаланып, облыстың бас полицейіне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Оларды, негізінен, көлікті тіркеу, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу, Бескөл ауылының маңындағы жолға жол белгілері мен жылдамдық өлшеуіштер орнату сияқты мәселелер қызықтырды. Бұл күні аққайыңдық және тайыншалық полицейлердің атына із-түзсіз жоғалғандардың табылғаны және ұрлықтардың ашылғаны үшін алғыстар келіп түсті. Есепті кездесу соңында бірқатар ауыл тұрғындары полиция департаментінің бастығымен жүзбе-жүз кездесіп, өз сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp