Жамбыл ауданындағы Баян ауылының тұрғындары таңертең жылқы қораларының бос екенін байқаған. 24 жануардың 15-і жақын маңнан табылса, қалғаны ұшты-күйлі жоқ. Шығын көлемі 2,6 млн. теңгені құрайды.
Иелері малдары тұрған қораның есігін қарапайым сыммен жауып әрі күзетсіз қалдырған екен. Сондықтан қылмыскер еш қиындықсыз ішке кіріп, малдарды табынымен шығарып жіберген. Алайда, тұманның кесірінен барлығын айдап әкете алмаған. Одан кейін жауған жаңбыр іздерді шайып кеткендіктен, қызметтік іздестіру иттері ешқандай нәтиже шығара алмады. Сондықтан аудандық криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспектормен және жапа шегушілермен бірге малдарды іздеуге аттанды. Олар үш тәулік бойы егіс алқаптары мен орманды, Есіл өзенінің жағасын аралады. Тұманда адасып қалған тағы төрт жылқы жолда анықталды.
Іздестіру нәтижесінде анықталған жайттар мен іздердің арқасында күдіктінің осыған дейін мүліктік қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған 45 жастағы петропавлдық екені белгілі болды. Полиция қызметкерлері оны үш күн бойы бақылады. Бұл қылмысқа қатысы бар басқа адамдар мен малдардың орнын анықтауға мүмкіндік берді. Қалған бес жылқы күдіктінің Жұмысшы кентінде тұратын туыстарының үйінен табылды. Факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жыл басынан бері облыста мал ұрлығына қатысты 64 факті орын алса, соның 40-ы ашылды.
Сурет https://7sunews.kz сайтынан алынды.