Петропавлда оқушылар арасында шағын футболдан қалалық спартакиада өтіп жатыр. Жыл сайын ұйымдастырылатын додаға биыл 37 команда қатысуға ниет білдіріпті. Олар 4 топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтау үстінде. Дүбірлі доданың мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау.
Биылғы сайыста 300-ден астам аяқдопшы жасанды жасыл алаңда өз бақтарын сарапқа салып жатыр. Жарыстың бас төрешісі Ринат Аминовтің бағалауынша, барлық құрамалар жақсы дайындалған. «Қатысушылардың саны да жыл санап артып келеді. Әзірге, қай команда жеңіске жететінін дөп басып айту қиын. Аталмыш сайыс алдағы уақытта да жалғасын таппақ», – деді бас төреші.
Ә. Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушылары әзірге турнирлік кестеде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Олар жарыс аясында 3 ойын өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Былтыр үшінші орыннан көрінген команда биыл бірінші орынға таласпақ ниетте.
Қыркүйектің 16-сы күні басталған спартакиада қыркүйектің 22-сіне дейін жалғасады. Үздіктерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталады.