Биылғы орақ науқаны ауа райының өте күрделі жағдайында жүргізіліп жатыр. Соның өзінде облыс диқандары қолайлы сәтті қалт жібермей, маңдай термен өсірілген астықты қамбаға құйып алу үшін бар күш-жігерін жұмылдыруда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаевтың айтуынша, бүгіндері өңір диқандары орақ науқанының бел ортасына жетті. 20 қыркүйектегі жедел ақпарат бойынша, бүгіндері 2861,5 мың гектар дәнді дақыл алқабының 1447,5 мың гектары орылған. Бұл жоспардың 50,6 пайызын құрайды. Орақ науқаны басталғалы 1217,2 мың гектар жердің астығы бастырылса, астық қоймаларына 2110,8 мың тонна алтын дән жеткізілген. Әр гектардың өнімділігі 14,6 центнерден айналуда.
Шаруалардың қырдағы қызу еңбегінің арқасында Жамбыл мен Мамлют аудандарында жауапты науқан 60,3 және 59 пайызға орындалды. Жоспарлы жұмысты 55,6 және 55,4 пайызға еңсерген Есіл және Аққайың аудандарында да жұмыс қарқыны жоғары. Ал Айыртау мен Тайынша аудандары астық бастыруда көш соңында келеді. Бұл аудандарда жоспар тек 41,5 және 41,9 пайызға орындалған.
Сурет https://informburo.kz сайтынан алынды.