Жұма күні облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі Серік Жұманғариннің қатысуымен көшпелі отырыс өтті. Отырыс барысында одақтас елдермен сауда-саттық саласында туындап отырған түйінді мәселелер әңгіме өзегіне айналды.
Өңіріміз Еуропалық экономикалық одаққа мүше елдердің ішінде Ресей, Қырғызстан, Беларусь Республкасымен тығыз байланыс орнатқан. Соңғы бес жылда экспорт көлемі алты есеге артыпты. Сонымен қатар жергілікті атқарушы билік Ресейдің көршілес өңірлерінде отандық өнімдер сатылатын дүкендерді ашуды қолға алған болатын. Бүгінде сөресінде тек Қазақстанда жасалған өнімдер саудаланатын жеті дүкен жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы екі дүкен ашу жоспарланып отыр. Осының арқасында жиырма шақты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өнімдерін Ресей нарығына енгізуге мүмкіндік алған. Десек те, бұл шаралардың пайдасы құмға құйылған судай ғана болып отыр.
Көшпелі отырыс барысында сөз алған облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бастығының орынбасары Татьяна Горлованың айтуына қарағанда, үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында 170-тен астам кәсіпорында тексеріс жүргізілген. Оның барысында 3154 түрлі өнім тексеріліп, 18 пайызы техникалық тәртіпке сай келмейтіндігі анықталған. Республика бойынша бұл көрсеткіш 17 пайызды құрап отыр. Стандартқа сәйкес келмейтін өнімдердің 16 пайызы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге тиесілі. Мәселен, Ресей Федерациясынан келген өнімдердің 53 пайызы талапқа сәйкес келмейді. Бүгінгі таңда сауда сөрелерінде тұрған қоғамдық тұтыну тауарлары – балалар мен жасөспірімдерге арналған тауардың 29,4 пайызында, ойыншықтың 36,2 пайызында, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің 46,4 пайызында, тұрмыстық химия және парфюмерлік-косметикалық тауарлардың 10,3 пайызында кінәрат бар. Соңғы екі жылда Ресейден әкелінетін тауық еті өнімдерінен антибиотик табылса, халал өнімдерде шошқа еті анықталған.
Осылайша біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің талапқа сәйкес келмейтін тауарларын тұтынып жүрсек, қазақстандық тауар өндірушілер әріптес елдерге өнімдерін өткізуде қиындық көріп отыр. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің келісімі бойынша, тауарлар, көрсетілетін қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің қозғалу еркіндігі, сондай-ақ экономика салаларындағы үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясаттың жүргізілуі қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда, отандық тауар өндірушілер бұл міндеттердің қағаз күйінде қалғанын ашына айтуда. Әсіресе, көршілес орналасқан Ресей нарығына Қазақстанда жасалған тауарларды енгізуге шектеу қойылғандай. Осы орайда халықаралық деңгейде қазақстандық тауар өндірушілердің құқығы мен мүддесін қорғауда өз ұсыныстарын айтты. Бұл тілектердің барлығы ескерусіз қалмайтындығын жеткізген Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі Серік Жұманғарин ел бойынша кәсіпкерлердің талап-өтініштері жинақталып жатқанын айтты. Алдағы уақытта бұл ұсыныстар талқыланып, тиісті шешімдер қабылданады.