Күзгі әскерге шақыру науқанында алғашқы 21 солтүстікқазақстандық бозбаланы әскерге шығарып салуға арналған салтанатты шара өтті.
Жан-жақты тексеруден өткен болашақ сарбаздар легі Отан алдындағы борышын Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында орналасқан шекара қызметінің №2535 әскери бөлімінде өтейді. Шарада Қарулы Күштердің және Ауған соғысының ардагерлері жігіттерге міндеттерін мүлтіксіз орындауды тапсырып, сәттілік тіледі. Алдағы уақытта солтүстікқазақстандық жігіттер Семей, Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Қарағанды қалаларына әскерге аттанады.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Талғат Әліқұлов күзгі науқанда республика бойынша 30 мың, ал облыстан 500-ден астам бозбала әскерге аттанатынын айтты.
– Ел армиясының қатарын сайдың тасындай сарбаздармен жасақтау – зор жауапкершілікті жүктейтін жұмыс. Өйткені бүгінгі бозбала ертең әскер қатарына қосылғанда елдің шетінде, желдің өтінде, жүріп ел тыныштығын қорғайды. Ата-ананың алақаны, жылы ұясынан шықан жеткіншек “әскер” атты үлкен мектепте шыңдалып, шынығады, – деді Талғат Әліқұлов.
Шара барысында әскерге аттанғалы отырған бозбалалардың атынан Шал ақын ауданының тумасы Қален Алмат жолдастарына сәттілік тіледі.