«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКПЕ АЛУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде 20-29 жастағы тұрғындарға қызылша мен қызамыққа қарсы тегін екпе егу басталды. Бұл шара аясында 46545 адамды вакцинамен қамту көзделген. Ол үшін республикалық бюджеттен 16 625 664 теңге бөлінді. Бұл туралы орталық комминикациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Отырыста тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Күлпәш Таласбаева соңғы дерек бойынша 3138 адамға екпе егілгенін айтып, белгілі бір себептері болмаса 20-29 жастағы тұрғындар қосымша иммундаудан өтуі тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, өз еріктері бойынша өзге тұрғындар да қызылша мен қызамықтың алдын алу үшін екпе қойдыра алады.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сетификатына сай сапасы кепілдендірілген вакцина Үндістанда шығарылған. Облыста 156 екпе бригадасы жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың сәуір айында жүргізілген екпе егу науқанында бір жасқа толмаған сәбилерді қызылша, қызамыққа қарсы қосымша иммундаудың нәтижесінде теріс әсер байқалмады. Бұл науқанда төрт мыңға жуық бала мен қырық жасқа дейінгі екі мыңнан астам медициналық қызметкерге екпе қойылды, – дей келе Күлпәш Темірболатқызы бір жасқа дейінгі сәбилер мен 20-29 жастағы тұрғындар арасында қызылша ауруының кеңінен таралуы қосымша екпе егуге себеп болғанын жеткізді.
Баспасөз мәслихатында елімізде қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына көптеген елде аталмыш дерттің белең алуы негіз болғаны айтылды. Ал үстіміздегі жылдың басынан бері өңірімізде 280 адам ауру жұқтырса, соның 77 пайызы Петропавл қаласында тіркелген. Дертке шалдыққандардың 52,2 пайызы – балалар. Ауру жұқтырғандардың арасында екпе алудан бас тартқан азаматтар мен өзге де себептер бойынша вакцина қойылмаған тұрғындар бар. Ал екпе қою жасына жетпеген балалардың үлесі 18,2 пайызды құрайды.
Отырыс соңында сала мамандары тілшілер қауымының сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріп, тұрғындарды өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырды. 

Сурет http://p-72.ru сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp