М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Ұлы даланың хас батырлары” атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған белгілі тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, тәлімгерлер мен студенттер қатысты. Айтулы шараға дейін қадірлі қонақтар Петропавлдағы Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, “Қарасай мен Ағынтай ерлігі ауыз әдебиетінде және жазба деректерде” атты кітап көрмесін тамашалады.
1999 жылы 15 қазанда Айыртау ауданындағы Құлшынбай төбесінде қазақ даласының дарабоздары Қарасай мен Ағынтай батырларға кесене орнатылған еді. Содан бері аруақты бабаларымыздың ерлік істерін кейінгі ұрпаққа насихаттау жолында бірталай ілкімді істер атқарылды. Бұған конференция барысында көз жеткіздік. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтау сөзін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев бүгінде тарихымызды түгендеу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. “Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасы еліміздің рухани-мәдени өміріне жаңа серпін берді. Соған орай ұлттық құндылықтарды дәріптеу, киелі жерлер мен тарихи ескерткіштерді сақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосқан белгілі тарихи тұлғаларға, атап айтқанда, Абылай ханға, Қарасай мен Ағынтай батырларға, Қожаберген жырауға, Бәйкен Әшімов сынды көрнекті саяси және қоғам қайраткерлеріне ескерткіштердің орнатылуы соның дәлелі”, – деді ол. Руслан Әлішев атап өткендей, “елім” деп еңіреген батырларымыздың өмірі толық зерттелді деп айта алмаймыз. Былтыр М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де 300-ге жуық ғылыми жұмыс жазылса, соның тек 20-сы батырлардың өмірі мен ерлік істеріне арналған екен. Бүгінде өңіріміздегі мектептер жанынан “Рухани жаңғыру” мұражайлары ашылып, балалар өз ауылы мен онда туып-өскен тұлғалар жайында зерттеу жұмыстарымен айналысуда.
Тәуелсіздік таңы атқаннан бері ел тарихының ақтаңдақ беттерін қайта жазу жолында тарихшыларымыз тер төгіп келеді. Солардың бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев “Қарасай батыр және оның заманы” тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ол осыдан төрт ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келіп, бүкіл өмірін ел қорғау ісіне арнаған айтулы батырдың жорықтары жайында кеңінен әңгімеледі. “Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде орталық мемлекеттік билік әлсіреп, елді, жерді қорғау және оны ұйымдастыру міндеттерін тиісті деңгейде атқара алмады. Биліктен үміттенген сұлтандар арасында таққа талас туындап, халық пен жер жағдайы жайына қалады. Міне, осы тұста батырлар мемлекеттің ең басты міндеттерін орындауды өз қолдарына алды. Дәл осы кезеңде Қарасай мен Ағынтай батырлар да ел мен жерді қорғауға оған басшылық жасауға белсене араласты”, – деді Берекет Бақытжанұлы. Ол сондай-ақ, қос батырдың хандық дәуірдің ең бір ауыр кезеңдерінде өмір сүргенін мысалдармен дәлелдеп, жеңіске жеткен ең ірі шайқастарын тілге тиек етті.
Баяндамашы тарихи зерттеулерде Ағынтай батыр туралы мәліметтің аздығын ескере отыра, ол жөнінде де құнды деректерді келтіре кетті. Есім, Жәңгір хандардың сенімді үзеңгілестерінің бірі болған Ағынтай 1620 жылдан бастап жоңғарлармен ірі шайқастардың бел ортасынан көрінген. Жекпе-жектерде үнемі жеңіске жетіп отырған. 1635 жылы ірі шайқаста қалмақтардың қолына түскен Жәңгір сұлтанды Қарасай досымен бірге құтқарған. Аңыздарда оның қара күш иесі екені жиі айтылады.
Бұдан кейін сөз алған тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес пен Аманжол Күзембайұлы, профессор Зарқын Тайшыбай сүбелі ой-пікірлерімен бөлісті. Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлы Ағынтай мен Қарасай батырлардың тарихта алатын орнына тоқталып, бұл тұлғаларға қатысты зерттеу жұмыстары жеткіліксіз екенін алға тартты. Тарихшының пікірінше, соңғы 30 жыл ішінде елімізде батырлар жөнінде жарық көрген шығармалар аз. Ең өкініштісі, бұл тақырыпты зерттеу өзекті мәселелер қатарынан табылғанымен, оған теориялық тұрғыда талдау жасалған емес. Сондай-ақ, ғалымды “қолдан батыр жасау” мәселесі толғандырады. Шара барысында ол жержерде аталарына ескерткіш қою, ас беру сияқты іс-шаралардың көбейіп кеткендігіне алаңдаушылық білдірді. Аманжол Күзембайұлы: “Бүгінгі күннің тарихшылары қазақты тек жоңғармен соғысты деп көрсетуге құмар. Ал негізінде ата-бабамыз қоқан хандығымен де, Бұхарамен, Самарқанмен, тіпті қырғыз елімен де жауласты. Сондықтан біз сыңаржақ пікірмен шектеліп қалмауымыз керек. Зерттеу жұмыстарымыздың аясын кеңейтудің уақыты жетті”, – деді әріптестеріне. Ғалымның бұл пікірін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай да құптады. Ол кейінгі ұрпаққа батырларымыздың ерлігін насихаттауда тек шындыққа жанасатын тарихи фактілерге сүйену қажет екендігін алға тартты. “Өткенімізді зерттеп, бүгінге жеткізу, болашаққа аманат ету – құптарлық іс. Дей тұрғанмен, тарихшылар батырлар туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелердің шындығына көз жеткізу керек. Ол үшін бізге арнайы орта қажет. Мәселен, осы университет қабырғасынан Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының өңірлік филиалын құру маңызды”, – деді профессор.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева “Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институтының рөлі” тақырыбында баяндама жасады. Қазақстан бүкіл батыс Еуропаны немесе бес Францияны сыйғыза алатын жерге ие. Мұндай байлықты сақтап қалу тек өр мінезді, еркіндікке деген рухы мықты халыққа ғана тән. “Кеңес билігі тұсында мұндай мәселені айтпақ түгілі, ойлауға да рұқсат етілмейтін. Қазіргі таңда мемлекетіміздің ғасырларға татитын тарихына үңіліп, онымен жақынырақ танысуға мүмкіндік туып отырғаны қуантады. Қарасай мен Ағынтай бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жерімізді аман сақтап, оны қасық қаны қалғанша қорғап келді. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерен ерлік көрсеткен осындай батырларымыз жастарымызға жан-жақты насихатталуы тиіс”, – деді ол. Бұл міндетті жүзеге асыру мақсатында білім ордасында түрлі танымдық шаралар қолға алынған. Мәселен, университетте қос батырдың өмірі мен ерлігіне арналған курстық, дипломдық және магистрлік ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысушылар көп. Сондай-ақ, студенттердің қатысуымен Айыртау жеріне “Қарасай мен Ағынтай ізімен” атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастыру көзделген.
Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған мемориалдық кешен Қазақстанның киелі жерлерінің картасына еніп отыр. Архитектура жағынан қайталанбас шеберлікпен салынған кесенені көруге жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған шетелдік турист келуде. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова батырлар бейітін анықтау жұмыстарының тарихына тоқталды.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев; конференция қонақтары.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.