Ақтөбе қаласында өтіп жатқан ұлттық спорт түрлерінен республикалық V фестивальде “Қызылжар арландары” спорт клубының балуандары сәтті өнер көрсетуде. Атап айтқанда, “Жекпе-жек” сарайында қазақ күресінен өтіп жатқан сайыстың бірінші сайыс күні 74 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Мейірбек Рахимов алтыннан алқа тағынды.
Жарыстың екінші күнінде өңір намысын қорғаған балуандардың ішінен Мұхит Тұрсынов топ жарды. Жерлесіміз 100 килограмм салмақта жеңімпаз атанды. Ал тағы бір жерлесіміз Алтынбек Аусағитов 82 килограмм салмақ дәрежесінде күміс медальге ие болды.
Республикалық жарыс 25 қыркүйекке дейін созылады.