Айыртау ауданында “Botaı – Uly dalanyń mádenıeti” атты суретшілердің халықаралық симпозиумы өтті. Екі күнге созылған шараға Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінен және еліміздің бірнеше өңірінен 19 суретші жиналды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлы даланың жеті қыры” атты бағдарламалық мақаласында “Ботай” қонысында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгені дәлелденіп, осы арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғандығы, атқа міну мәдениетінің негізі біздің жерімізде қаланғаны жайлы айтқан еді. Ботай тұрағына бүгінде шетелдік туристердің қызығушылығы артып отыр. Сондықтан суретшілер симпозиумы осы құнды мәдениетімізді әлемнің басқа елдеріне таныту мақсатында өтуде.
Қазақстан Суретшілер одағының қолдауымен ұйымдастырылған шараға ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық көркем-өнер қауымдастығының мүшесі, өнертанушы, мәдениеттанушы Камилла Ли арнайы келіпті. Ол тарихи орыннан алған әсерін қағаз бетіне түсіруде. Алдағы уақытта бұл жазбалар топтастырылып, каталог болып басып шығарылмақ.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат Серікбековтің айтуынша, халықаралық деңгейде елімізде бірінші рет ұйымдастырылып отырған шара мәдениет пен өнердің дамуына үлес қоса отырып, шығармашылық ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты дамытуға, мәдени байланыс орнатуға, өнер тұлғаларымен тәжірибе алмасуға, бейнелеу өнерін насихаттауға септігін тигізері сөзсіз. Өйткені, “Ботай” музей-қорығы болашақта еліміздің асыл қазыналарының біріне айналады. “Ботай қонысы – біз үшін киелі орын. Көптеген елдер қызығушылық танытып отыр. Симпозиум барысында суретшілер өңірдің әсем табиғатынан алған әсерлерін өз туындыларына арқау етеді”, – деді Болат Серікбеков.
Өңіріміздің әсем табиғаты қылқалам шеберлеріне шабыт бергені бірден сезілді. Бірі қылқаламын алып, Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстарының жанында отырса, енді біреулері самсаған қалың ағаштарды бейнелеуге тырысуда. Суретшілердің бір бөлігі сол маңдағы лагерьде жиналып, табиғаттан алған әсерлерін қылқаламның көмегімен, сан түрлі бояудың құдіретімен өрнектеді.
Солардың ішінде Ресей Федерациясының Кабардино-Балкария өңірінен келген Шамиль Гулиевтің шығармаларына көпшіліктің назары ауды. Қылқалам шебері біраз жылдар Алматы қаласында тұрған. Шығармашылық өмірінің басым бөлігін графикаға арнаған суретші он жыл бұрын мүсінге бет бұрып, көркем суретке ден қойды. Суретшінің осы уақыт аралығында бірнеше рет жеке көрмесі өткен. Соның ішінде 2008 жылы Лондондағы “Christie’s” аукцион үйіне қойылған Қазақстанның заманауи өнер көрмесі де бар. Оның жұмыстары бүгінде танымал басылымдарда жарияланып жүр.
– Мен суреттерімде кез келген көріністің табиғи бейнесін көрсетуді көздеймін. Бұл өңірді біз жылқыны тұңғыш қолға үйреткен жер ретінде танимыз. Жергілікті тұрғындар да жылыжүзді, қонақжай екен, – деді Шамиль Гулиев.
Ал өзбекстандық Алишер Хамидов осыған дейін Ресейдің Мәскеу, Қазақстандағы Алматы, Қарағанды қалаларында болып, шығармашылық көрмелерге қатысқан екен. Осы жолы өзінің жұмыстарында жазық даланы, қалың орманды бейнелеуге тырысқан.
Қылқалам шеберлері туындыларын естелікке қалдырмақшы. Олар қыркүйек айының соңында облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өтетін көрмеге қойылады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.