«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІМІ ЕЛЕУСІЗ ИВАН АГАЯНЦ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кей-кейде әлемдегі ұлы оқиғалардың кездейсоқ жағдайларда, күтпеген оқыс істерде өтетініне айғақтар жеткілікті. Өкі­ніш­ке қарай, кей жағдайлар яки қасақана, яки аса мән бермеудің салдарынан елеусіз қалатыны да ақиқат.
Оған мына төменде баяндалатын оқиға да нақты мы­сал бола алар еді.

Көзі қарақты, Ұлы Отан соғысының, яғни екінші дүниежүзілік соғыстың тари­хынан хабары бар оқырман 1943 жылғы Тегеран (Иранның астанасы) конферен­циясын біледі.
Сол жылдың 28-ші қарашасы мен 1-ші жел­тоқсаны аралығында екінші дүниежүзі­лік соғыстың тағдырын шешкен аталған конференция осы Тегеранда өтті. Неміс фашистері бұл уақытта Кеңес әскерлерінен қатты соққы алғанымен, қауқары әлі де мықты, әл-дәрмені зор еді.
Аталған соғыста Еуропаның өзге елдері­мен бірге Ұлыбритания мен Франция неміс фашистеріне тойтарыс беруге дәрменсіз болды. Бұл екі мемлекеттің ел басшылары, саясаткерлері Адольф Гитлердің зымиян алдауынан опық жеп, бармақ шайнап қал­ған. Ендігі үміт – Кеңес одағының қарқынды шабуылына ғана артылған алмағайып кез.
Осыны ұққан аталған екі ел, әсіресе, Ұлыбритания Гитлерге тойтарыс беру үшін КСРО-мен байланыс орнатуға тал­пыныс жасады. Бұл қадам ризашылық тапты.
Майдандағы жағдайды айрықша назарда ұстап отырған АҚШ басшылығы, атап айтқанда, ел Президенті Франклин Делано Ру­звельт Гитлерді ауыздықтау қажеттігін үл­кен пайыммен ұқты. Өйткені, Германия КСРО-ны талқандаса, АҚШ-тың өзіне зор қауіп төнер еді.
Сондықтан жуық арада екінші майдан ашылуы керек. Ағылшын премьер-министрі Уинстон Черчилль де осындай пайымда болды.
Сонымен, И.Сталин, Ф.Рузвельт және У.Черчилль Тегеранда бас қосуға бекінді. Бас қосуға бұл қала тегін таңдалмағанын та­рихшылар анық айғақтады. Өйткені, Иран – Азиядағы ел, майданнан шалғай, “Парсы шығанағы” арқылы қатынасқа қауіп­сіз. Және ең бастысы – Иран бейтарап мемлекет.
Алайда, гәп мынада: бұл әрекет Гит­лерге бес саусағындай әйгілі болды. Гер­манияның Ирандағы елшілігіндегілер, әри­не, үлкен барлау қызметін астыртын әрекетпен жүзеге асырып отырды. “АБВЕР” – Гитлер құрған барлау органы ұйқылы-ояу емес. Оны атақты зымиян адмирал Кана­рис басқарған. Қысқасы, 1943-ші жылы Сталин, Рузвельт, Черчилль үштігінің Теге­ранда кездесетіні, айы-күніне дейін “АБВЕР-ге” белгілі болды.
Гитлер Канариспен жоспар жасап, үш ел басшысын өлтіруге бұйрық берген. Осы мақ­сатпен Канарис бұл міндетті әйгілі қаны­пезер, жасырын барлаудың қулық-сұмдығына әбден машықтанған Отто Скор­цениге жүктейді.
Бұл жауыз Гитлердің ең сенімді серік­терінің бірі болған. Ол Гитлердің сойылын соққан Италия премьер-министрі, фашист, неміс басқыншыларының дучесі (Фюрер – З.Ә.) Бенито Муссолиниді Италия комму­нис­терінің уысынан ұрлап әкеткен. Осын­дай аса қиын операцияларды сәтті орын­даған Скорцени Гитлерге өте ұнаған. Сон­дықтан Тегерандағы келіссөзді өткізбеу, Сталинді, Черчилльді, Рузвельтті өлтіру Скорцени мен оның серіктеріне жүктелген.
Енді осы хикаяның басында сөз етілген анық оқиғаның елеусіз қалғанына ора­лайын. 1981 жылы Ке­ңес одағының экрандарына “Тегеран-43” атты тарихи кино шығарылды.
Лентада осы оқиға – көсемдерге қастан­дық жайында баяндалды. Бірақ осы қас­тандық және оның жүзеге асырылуын ауыздықтаған нағыз айтуға тұрарлық адамдардың аталмай, фильм сюжеті ойдан шыға­рылған оқиғаларға (әдебиет, өнер теория­сында – “вымысел” – ойдан шығару тәсілі деп аталады. – З.Ә.) негізделгені анықталды.
Фильм режиссерлері Александр Алов пен Владимир Наумов киноға Армен Джи­гарханянды (кинода киллерді мүсіндейді), Игорь Костылевский (кеңес барлаушысы) және Наталья Белохвостикованы (парсы ті­ліне жетік, аудармашы, фашист барлау­шыларына жергілікті тұрғындармен қарым-қатынаста ара ағайын) тартады.
Негізінен, осы үшеуінің арасында болған оқиғалар арқылы фильм сюжеті өрбіп, қастандықтың жолы кесіледіміс.
Бірақ тарихи ақиқат мүлде басқаша екен. Оқиға былай болған. Үш елдің бас­шысына қастандық жасалатынын анық бол­жаған осы елдердің елшіліктері кездесуге мұқият дайындалып, сақтық шараларын ұйымдастырады. Кездесу өтетін орын бас­тапқыда анық белгіленбеген. Ол түсінікті де. Неміс барлауы да ұйықтап жатпайды. Әккі зымиян О.Скорцени қастандықтың бірнеше нұсқасын ойластырады. Әуелгісі – үш бас­шыны суретке түсіретін фотосуретшілердің арасына өзінің жалдамалы жансызын қо­сып, кездесу үстінде жарылыс ұйымдас­тыру. Бірақ бұл әрекет әшкереленеді. Оның алдын алған Кеңес одағының барлаушысы фототілшіні торға түсіреді.
Ал арамза О.Скорцени үш басшының кездесетін орнын дәл анықтаған! Сол басқосу күндерінің бірінде У.Черчилльдің (1874-1965) туған күні аталып өтілмек. Де­мек, ағылшын Премьер-Министрі Сталин мен Рузвельтті өзінің резиденциясында қар­сы алады.
Скорцени осы резиденцияға баратын жол­дарды аңдиды. Алайда, ол мүмкін еместігін тез ұққан ол жергілікті тұрғын­дардың ішінен резиденцияға суағар кәріз арқылы баруға болатынын біліп алып, киллерді алдын ала барлауға жібереді.
Расында да, кәріз арқылы резиденцияға әбден енуге болады екен…
Бірақ оқиғаға 13 жасар бала арала­сады. Ағылшын резиденциясы Кеңес ода­ғының елшілігіне таяу орналасқан екен. Теге­ран қаласы – таулы-тасты жер еңісінде.
Кеңес елшілігі қызметкерлерінің балала­рына одан тысқары шығуға тыйым салынған. Қауіпті. Ұрлап әкетуі мүмкін. Алайда, бала­ның аты – бала емес пе? Елшілік қызметкер­лерінің балалары оның аумағынан шығып кетіп, тығылмақ ойнап жүреді.
Бірде біреулердің тау арасында құдық­тың қақпағын ашып, төмен түскенін байқап қалған балалар да аналар кеткен соң құ­дыққа түседі. Сол жерде Артур Агаянц де­ген бала қолына алау ұстап, үлкен кәрізді бой­лай келе, баспалдақпен жоғары өрлейді. Он үш жасар болса да, батыл армян бала­сы кәріз арқылы Ұлыбритания елшілігінің тап астынан шығады.
Ағылшын тіліне әбден жетік бала елшілік қызметкерлерінің сөздерін анық естиді.
Үйіне кешкілік келген баласын күн ұзақ жоғалтқан ата-анасы сазайын оңдырмай береді. Үсті-басын әбден былғаған бала әуелгіде қатал әкесіне болған оқиғаны ай­туға жүрексінеді.
Оның әкесі ресми түрде Кеңес одағы­ның Ирандағы елшісі – Иван Авалов, ал нақ­ты айтқанда, Сталиннің ең сенімді, кәсіби барлаушысы Иван Агаянц болатын. Оның екінші қызметінен зайыбы да, үш баласы да бейхабар еді.
Әкесі әбден титығына жеткен соң бала шынын айтады.
Мүлде адамның ойына келмейтін нәрсе. Иван Авалов немесе кәсіби бар­лаушы Иван Агаянц ебін тауып, баласы көр­сеткен жолмен барып, ағылшын резиден­циясының астынан шыға келеді. Әккі бар­лаушы төніп тұрған қатерді бірден ұғып, Кеңес одағы және АҚШ елшіліктерінің кәріз жолдарына қатаң бақылау қойдырады.
Ал ағылшын резиденциясына жіберілген киллер бірден қолға түседі. Өйткені, кәріздің өзге бұралаң жолдары Кеңес әскерлерінің қалтқысыз күзетіне алынған.
“Тегеран-43” фильмін түсірген А.Алов пен В.Наумов бұл оқиғаны білмеді, естімеді деуге хақым жоқ, бірақ оны басқаша, бұр­малап жібергені түсініксіз. Кейін 2000-ші жылдары анығы айтыла бастады да, онша мән берілмей қалды. Баспасөзде (“Ком­сомольская правда” газетінде жазылды. – З.Ә.) сәл қозғалып, кейін елеусіз қалып қойды.
Үш мемлекеттің басшысын ажал уысы­нан арашалаған, сөйтіп Еуропада “Екінші майданның” ашылуына үлес қосқан Иван Агаянц кім еді?
Ол 1911-ші жылы қазіргі Әзірбайжанның сол кездегі қаласы Елизаветполь (қала орыс императоры Александр ІІ-нің зайыбы­ның есімімен аталған) бүгінгі Гянджада дін­дардың отбасында туыпты. Әзірбайжанда туса да, ұлты – армян. Бірақ бала дін жолын қумай, партияға өтіп, барлау ісімен айна­лысуға бет бұрады. Зейіні аса мықты, көргенін, естігенін ұмытпайтын Иван жастайы­нан тілдерді үйренуге машықтанады. Ақыры, соның нәтижесінде, француз, түрік, парсы, испан, ағылшын, итальян тілдерін жетік меңгеріп алады. Соған қоса, орыс және туған тілін өте жақсы біледі. Мінезі аса ұстамды, сөйлесе – шешен, ойы алғыр, қиындыққа қайыспайтын төзімді, зерек әрі қайсар, өжет.
Осы қасиеттерінің арқасында ол әуелі 26 жасында Францияға, кейін диктатор Франко басқарған Испанияға жасырын өткізіледі.
Гитлердің фашистік пиғылының қолшоқ­пары Франконың ажал тұзағынан испан коммунистері Долорес Ибаррури мен Хосе Диасты құтқарып алып, Мәскеуге жеткізген осы адам Иван Авалов немесе барлаушы Иван Агаянц екен.
Ал Д.Ибарруридің баласының Мекси­када Сталиннің қас жауы Лев Троцкийді басынан ауыр қолтаяқпен ұрып өлтіргені, оны бұл әрекетке шешесінің жұмсағаны тарихтан аян ғой.
1939 жылы И.Агаянц әйгілі жасырын атымен Франциядағы елшілікке Кеңес резидентінің орынбасары болып жіберіледі. Осы қызметінде ол Гитлердің 1941 жылғы 22-ші маусымда Кеңес одағына зымия­дықпен соғыс ашатынын ел басшылығына, мәселен, Жапониядағы Рихард Зорге хабарлайды. Алайда, Гитлердің соғыспау туралы антына имандай иланған Ста­лин мұны елемейді.
Бірақ кейінгі оқиғалар – Гитлердің анты­нан айнуы ел басшылығын ойландырады. Иван Агаянцтің ақпары анық екенін амал­сыз мойындаған Кеңес барлауының бас­шылары Азиядағы ахуалды алдын ала аңдап отыру үшін осы өңірдегі мұнайлы ел – Ирандағы елшілікке бүркеншік “Иван Ава­лов” есімімен саясаткер ретінде 1941-ші жылдың жазында қызметке жібереді.
Әрі барлаушы, әрі саясаткер Иван Агаянц Сталиннің зор құрметіне бөленеді.
Ол 1945-ші жылдың жазына дейін осын­дағы іс-әрекеті арқылы Кеңес одағының әскери, саяси, экономикалық қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге зор үлесін қосады.
Соғыстан кейінгі ахуал мүлде шиеленісіп, АҚШ бастаған милитаристік елдер енді КСРО-ға қауіп төндіреді. Чикагода атом бом­басын жасау, оны Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларының аспанында жару Кеңес одағын Еуропа елдерінен ық­палды одақтас іздеуге мәжбүрлейді.
Англия – екібастан АҚШ жағында. Бұл уақытта АҚШ президенті, Сталиннің жақтасы Франклин Рузвельт (1933-1945 жылдары ел басқарған) емес, соғысқұмар Гар­ри Трумэн еді.
Осы уақытта АҚШ-та тарихтан әйгілі “Мар­шалл жоспары” пайда болды. Оны ойластырған АҚШ-тың мемлекеттік хатшы­сы Джордж Маршалл жасырын түрде конгреске және сонымен бірге Гарри Тру­мэнге Кеңес одағын ысырып тастап, Англия және Франция басшылығы арқылы Еуропаның соғыстан құлазыған экономи­касын көтеру деген желеумен әскери күш-қуат беруді ұсынады.
Ұсыныс зор қолдаумен қабылданады. Ол үшін Еуропаның Англия және Франция бастаған әуелі 17, кейін 22 елі тізімге кіреді. Оның ішінде канцлер Конрад Аденауэр басқаратын, мүлде қисынға келмейтін, Батыс Германия да ескерілген. Өйткені, соғыстан кейінгі меморандум бойынша Ба­тыс Германия ешбір саяси, экономикалық одаққа кірмейді. Оған мүсіркеу жоқ!
Бірақ жасырын жоспар Англия және Франция саясаткерлерінің арасында, әсі­ресе, елшілер деңгейінде талқылана бас­тайды. Кешегі Тегерандағы одақтас, “Сая­сат деген – сайқал әйелдің әрекеті” деп өзі айтқандайын, ағылшын премьер-министрі У.Черчилль де бұл Кеңес одағына қауіп төндіретін жоспарды жақтап шығады.
Ендігі үміт – Францияда. Қайткен күнде де келіссөздің жолын кесу керек. Сол мақсат­пен Сталин Иван Агаянцқа Францияның Алжирдегі әскери күштерінің басшысы, елдің ең беделді саяси қайраткері, генерал де Голльмен байланыс орнатуға тапсырма жүктейді.
Алжирге Иван Авалов болып барған бар­лаушы саясаткер ретіндегі тұлғасымен танылады. Генерал де Голльдің сеніміне кіріп алған И.Агаянц “Маршалл жоспарының” шынайы астарын бүгешіге­сіне дейін біліп алады.
де Голльмен байланысты одан сайын нығайту үшін И.Агаянц отбасын Парижге көшіріп апарып, ел басшылығына келген президентпен өте жақын араласуға қол жеткізеді.
Осы “достық” арқылы барлаушы әрі саясаткер Кеңес одағының сол кездегі сыртқы істер министрі В.М.Молотов арқы­лы 1947-ші жылы “Маршалл жоспарының” анық көздеген мақсатын Сталинге жет­кізеді.
Содан соң Кеңес одағының басшылығы сыртқы істер министрлігі жүйесімен АҚШ президенті Г.Трумэнге ескерту жасайды.
Осы және оның ішінде 1943-ші жылғы Тегеран апатының алдын алу бар, саяси және экономикалық, қорғаныс қауіпсіздігіне сіңірген зор еңбегі үшін 1965-ші жылы Иван Агаянцқа генерал әскери атағы беріледі.
Өкінішке қарай, еңбегі ел-жұртқа аса еленбей келген атақты барлаушы 1968 жылы, бар болғаны 57 жасында қайтыс болған.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ, ардагер журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp