«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ҰРПАҚТЫҢ АҚЫЛШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Оларға патриоттық-рухани тәрбие берудің маңызы зор. Сондықтан “Жастар жылы” аясында өскелең ұрпақты өнегелі істерге бастайтын аға буынға ауқымды міндет жүктеліп отыр. Бұл мәселе облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылды.

Жиында Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Мұқашев атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Бүгінде аудандық ардагерлер кеңесі жергілікті атқарушы билікпен, білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста. Әсіресе, Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы және Петровка аграрлық-техникалық колледждерінде өтетін іс-шараларға ұдайы шақырылады. Николаевка ауылдық округі ардагерлері де жастарға рухани-тәрбие беруде көптеген маңызды іс-шаралар өткізді. Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын сараптау мақсатында барған жұмыс тобы да аға ұрпақ өкілдерінің өнегелі ісіне оң баға берген. Әскери-патриоттық тәрбие бойынша тұрақты комиссияның төрайымы Сәуле Тахметова мектеп оқушыларының өлкетану жұмыстарына қызығушылығын ояту, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатындағы Заречный, Амангелді, Бесқұдық ауылдық округтеріндегі ілкімді істерге тоқталды.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жангелді Тәжиннің айтуынша, жергілікті атқарушы ұйым мен ауданның аға ұрпақ өкілдері жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударған. “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар тәжірибесі” сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында күрмеуі қиын мәселелерді шешуге мүмкіндік туған. Мәселен, жас кәсіпкер Евгений Шмальконың ісін көпке үлгі еткен жөн. Заңгер және экономист мамандықтары бойынша жоғары білімді азамат туған ауылында кәсіп ашып, шиншилла шаруашылығын өрістетуде.
– Ауылда жас кәсіпкерлердің қатары көбейгенін қалаймыз. Бұл бағытта мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Биыл “Бизнес бастау” жобасы аясында шағын несиеге қол жеткізіп, өз ісін ашу үшін 990 адам кәсіпкерлік бойынша білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік алды. “Жас кәсіпкер” атты бағдарламаға алты жүзден астам адам қатысты. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша төрт жүзге жуық жас маман ауылға жұмыс істеуге барды. Олар көтермеақы алып, екі жүзге жуық адамға несие берілді. Ауылдарда жас мамандардың тұрақтап қалуы маңызды. Бұл бағытта ардагерлерге сенім артамыз. Бізге аға ұрпақтың қолдауы қажет, – деді жастар саясаты мәселелері жөніндегі облыстық басқарманың басшысы Ирина Тухватулина.
Отырыста Мамлют және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығына дайындық шаралары туралы баяндама жасады. Ал кеңесті қорытындылаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов мемлекеттің жастар саясатын қалыптастыруда аға буынның үлесі зор екенін атап өтті.
– Атқарып жатқан жұмысымызды жетілдіру қажет. Алда келе жатқан Халықаралық қарттар күні, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындық шараларын пысықтап, облыс орталығында тұратын ардагерлердің жерлестерімен кездесуін ұйымдастыру қажет. Бұл шаралардың негізінде жастар үлкендерге құрметпен қарап, ата-баба ерлігінен тағылым алуы тиіс, – деді Ескендір Есмақұлы.

Марат ЕРМҰҚАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp