Халықаралық қарттар күніне орай қаланы санитарлық тазалау және абаттандыруға арналған акция аясында облыс орталығында жалпықалалық сенбілік өткізілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағынан басталған тазалық шарасы шаһардың барлық бөлігін қамтыды. Сенбілікке Петропавлдағы мекемелер мен кәсіпорындардың 550-ге жуық ұжымы, яғни 6 мыңға тарта адам қатысты. Қалалық мәдениет және демалыс саябағын облыстық әкімдік басқармаларының, ал ядролық апат құрбандарына арналған ескерткіш жанындағы гүлбағын қалалық әкімдік бөлімдерінің қызметкерлері жинастырды. Саябақты абаттандыру шаралары кезінде апаттық жағдайдағы ағаштар кесіліп, 300 текше метр қоқыс жиналды.
Шаһарды көркейтуге бағытталған игі шараның барысында “Коммунхоз – Петропавл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен басқа да коммуналдық қызметтердің арнайы техникасы мен құрал-саймандары пайдаланылды. Қазір бұл мекеме қатты тұрмыстық қалдықтарды тегін қабылдауда.
Облыс орталығында өткен сенбілік барысында барлығы 1000 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Сенбілік барысында 300 шаршы метр аумақтың қоқысы жинастырылды. Апаттық жағдайдағы ағаштар кесілді.
Жалпы, осы шараның нәтижесінде 1 мың тоннаға жуық қоқыс қалдығы жиналып, қаланың сыртына шығарылды.