республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің Халықаралық қарттар күніне арналған үндеуі
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Осы орайда республикалық ардагерлер ұйымы “Қарттарым – асыл қазынам” атты қайырымдылық акциясына шақыратын үндеу жариялап отыр.
Қазіргі кезде мемлекет тарапынан қарттардың тұрмысына, тыныс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына аса мән беріліп, жан-жақты қолдау мен қамқорлық жасалуда. Әрбір азаматтың жасы ұлғайған кезіндегі өмірін лайықты ету мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі болып келеді. Отанымыздың өсіп-өркендеуіне аяулы да ардақты қарттарымыздың қосқан үлесі қомақты деп білеміз.
Үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ежелден келе жатқан ата салты. Өмір жолын еліміздің гүлденуі мен дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету – бүгінгі жас буынның басты парызы. Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық. Қарттарға қоғам болып қолдау білдірейік. Жұмыла қимылдап, елдігімізді көрсетіп, ардагерлерімізді ардақтауға атсалысайық!
Қадірлі отандастар!
Баршаңызды 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай өз өңірлеріңіздегі ардагерлер ұйымдарымен байланыс жасап, қамқорлыққа зәру қарияларға көмек беруге, қайырымдылық жасауға шақырамыз.
Ардагерлер ұйымының орталық кеңесі.