Кей-кейде әлемдегі ұлы оқиғалардың кездейсоқ жағдайларда, күтпеген оқыс істерде өтетініне айғақтар жеткілікті. Өкінішке қарай, кей жағдайлар яки қасақана, яки аса мән бермеудің салдарынан елеусіз қалатыны да ақиқат.
Оған мына төменде баяндалатын оқиға да нақты мысал бола алар еді.
Көзі қарақты, Ұлы Отан соғысының, яғни екінші дүниежүзілік соғыстың тарихынан хабары бар оқырман 1943 жылғы Тегеран (Иранның астанасы) конференциясын біледі.
Сол жылдың 28-ші қарашасы мен 1-ші желтоқсаны аралығында екінші дүниежүзілік соғыстың тағдырын шешкен аталған конференция осы Тегеранда өтті. Неміс фашистері бұл уақытта Кеңес әскерлерінен қатты соққы алғанымен, қауқары әлі де мықты, әл-дәрмені зор еді.
Аталған соғыста Еуропаның өзге елдерімен бірге Ұлыбритания мен Франция неміс фашистеріне тойтарыс беруге дәрменсіз болды. Бұл екі мемлекеттің ел басшылары, саясаткерлері Адольф Гитлердің зымиян алдауынан опық жеп, бармақ шайнап қалған. Ендігі үміт – Кеңес одағының қарқынды шабуылына ғана артылған алмағайып кез.
Осыны ұққан аталған екі ел, әсіресе, Ұлыбритания Гитлерге тойтарыс беру үшін КСРО-мен байланыс орнатуға талпыныс жасады. Бұл қадам ризашылық тапты.
Майдандағы жағдайды айрықша назарда ұстап отырған АҚШ басшылығы, атап айтқанда, ел Президенті Франклин Делано Рузвельт Гитлерді ауыздықтау қажеттігін үлкен пайыммен ұқты. Өйткені, Германия КСРО-ны талқандаса, АҚШ-тың өзіне зор қауіп төнер еді.
Сондықтан жуық арада екінші майдан ашылуы керек. Ағылшын премьер-министрі Уинстон Черчилль де осындай пайымда болды.
Сонымен, И.Сталин, Ф.Рузвельт және У.Черчилль Тегеранда бас қосуға бекінді. Бас қосуға бұл қала тегін таңдалмағанын тарихшылар анық айғақтады. Өйткені, Иран – Азиядағы ел, майданнан шалғай, “Парсы шығанағы” арқылы қатынасқа қауіпсіз. Және ең бастысы – Иран бейтарап мемлекет.
Алайда, гәп мынада: бұл әрекет Гитлерге бес саусағындай әйгілі болды. Германияның Ирандағы елшілігіндегілер, әрине, үлкен барлау қызметін астыртын әрекетпен жүзеге асырып отырды. “АБВЕР” – Гитлер құрған барлау органы ұйқылы-ояу емес. Оны атақты зымиян адмирал Канарис басқарған. Қысқасы, 1943-ші жылы Сталин, Рузвельт, Черчилль үштігінің Тегеранда кездесетіні, айы-күніне дейін “АБВЕР-ге” белгілі болды.
Гитлер Канариспен жоспар жасап, үш ел басшысын өлтіруге бұйрық берген. Осы мақсатпен Канарис бұл міндетті әйгілі қаныпезер, жасырын барлаудың қулық-сұмдығына әбден машықтанған Отто Скорцениге жүктейді.
Бұл жауыз Гитлердің ең сенімді серіктерінің бірі болған. Ол Гитлердің сойылын соққан Италия премьер-министрі, фашист, неміс басқыншыларының дучесі (Фюрер – З.Ә.) Бенито Муссолиниді Италия коммунистерінің уысынан ұрлап әкеткен. Осындай аса қиын операцияларды сәтті орындаған Скорцени Гитлерге өте ұнаған. Сондықтан Тегерандағы келіссөзді өткізбеу, Сталинді, Черчилльді, Рузвельтті өлтіру Скорцени мен оның серіктеріне жүктелген.
Енді осы хикаяның басында сөз етілген анық оқиғаның елеусіз қалғанына оралайын. 1981 жылы Кеңес одағының экрандарына “Тегеран-43” атты тарихи кино шығарылды.
Лентада осы оқиға – көсемдерге қастандық жайында баяндалды. Бірақ осы қастандық және оның жүзеге асырылуын ауыздықтаған нағыз айтуға тұрарлық адамдардың аталмай, фильм сюжеті ойдан шығарылған оқиғаларға (әдебиет, өнер теориясында – “вымысел” – ойдан шығару тәсілі деп аталады. – З.Ә.) негізделгені анықталды.
Фильм режиссерлері Александр Алов пен Владимир Наумов киноға Армен Джигарханянды (кинода киллерді мүсіндейді), Игорь Костылевский (кеңес барлаушысы) және Наталья Белохвостикованы (парсы тіліне жетік, аудармашы, фашист барлаушыларына жергілікті тұрғындармен қарым-қатынаста ара ағайын) тартады.
Негізінен, осы үшеуінің арасында болған оқиғалар арқылы фильм сюжеті өрбіп, қастандықтың жолы кесіледіміс.
Бірақ тарихи ақиқат мүлде басқаша екен. Оқиға былай болған. Үш елдің басшысына қастандық жасалатынын анық болжаған осы елдердің елшіліктері кездесуге мұқият дайындалып, сақтық шараларын ұйымдастырады. Кездесу өтетін орын бастапқыда анық белгіленбеген. Ол түсінікті де. Неміс барлауы да ұйықтап жатпайды. Әккі зымиян О.Скорцени қастандықтың бірнеше нұсқасын ойластырады. Әуелгісі – үш басшыны суретке түсіретін фотосуретшілердің арасына өзінің жалдамалы жансызын қосып, кездесу үстінде жарылыс ұйымдастыру. Бірақ бұл әрекет әшкереленеді. Оның алдын алған Кеңес одағының барлаушысы фототілшіні торға түсіреді.
Ал арамза О.Скорцени үш басшының кездесетін орнын дәл анықтаған! Сол басқосу күндерінің бірінде У.Черчилльдің (1874-1965) туған күні аталып өтілмек. Демек, ағылшын Премьер-Министрі Сталин мен Рузвельтті өзінің резиденциясында қарсы алады.
Скорцени осы резиденцияға баратын жолдарды аңдиды. Алайда, ол мүмкін еместігін тез ұққан ол жергілікті тұрғындардың ішінен резиденцияға суағар кәріз арқылы баруға болатынын біліп алып, киллерді алдын ала барлауға жібереді.
Расында да, кәріз арқылы резиденцияға әбден енуге болады екен…
Бірақ оқиғаға 13 жасар бала араласады. Ағылшын резиденциясы Кеңес одағының елшілігіне таяу орналасқан екен. Тегеран қаласы – таулы-тасты жер еңісінде.
Кеңес елшілігі қызметкерлерінің балаларына одан тысқары шығуға тыйым салынған. Қауіпті. Ұрлап әкетуі мүмкін. Алайда, баланың аты – бала емес пе? Елшілік қызметкерлерінің балалары оның аумағынан шығып кетіп, тығылмақ ойнап жүреді.
Бірде біреулердің тау арасында құдықтың қақпағын ашып, төмен түскенін байқап қалған балалар да аналар кеткен соң құдыққа түседі. Сол жерде Артур Агаянц деген бала қолына алау ұстап, үлкен кәрізді бойлай келе, баспалдақпен жоғары өрлейді. Он үш жасар болса да, батыл армян баласы кәріз арқылы Ұлыбритания елшілігінің тап астынан шығады.
Ағылшын тіліне әбден жетік бала елшілік қызметкерлерінің сөздерін анық естиді.
Үйіне кешкілік келген баласын күн ұзақ жоғалтқан ата-анасы сазайын оңдырмай береді. Үсті-басын әбден былғаған бала әуелгіде қатал әкесіне болған оқиғаны айтуға жүрексінеді.
Оның әкесі ресми түрде Кеңес одағының Ирандағы елшісі – Иван Авалов, ал нақты айтқанда, Сталиннің ең сенімді, кәсіби барлаушысы Иван Агаянц болатын. Оның екінші қызметінен зайыбы да, үш баласы да бейхабар еді.
Әкесі әбден титығына жеткен соң бала шынын айтады.
Мүлде адамның ойына келмейтін нәрсе. Иван Авалов немесе кәсіби барлаушы Иван Агаянц ебін тауып, баласы көрсеткен жолмен барып, ағылшын резиденциясының астынан шыға келеді. Әккі барлаушы төніп тұрған қатерді бірден ұғып, Кеңес одағы және АҚШ елшіліктерінің кәріз жолдарына қатаң бақылау қойдырады.
Ал ағылшын резиденциясына жіберілген киллер бірден қолға түседі. Өйткені, кәріздің өзге бұралаң жолдары Кеңес әскерлерінің қалтқысыз күзетіне алынған.
“Тегеран-43” фильмін түсірген А.Алов пен В.Наумов бұл оқиғаны білмеді, естімеді деуге хақым жоқ, бірақ оны басқаша, бұрмалап жібергені түсініксіз. Кейін 2000-ші жылдары анығы айтыла бастады да, онша мән берілмей қалды. Баспасөзде (“Комсомольская правда” газетінде жазылды. – З.Ә.) сәл қозғалып, кейін елеусіз қалып қойды.
Үш мемлекеттің басшысын ажал уысынан арашалаған, сөйтіп Еуропада “Екінші майданның” ашылуына үлес қосқан Иван Агаянц кім еді?
Ол 1911-ші жылы қазіргі Әзірбайжанның сол кездегі қаласы Елизаветполь (қала орыс императоры Александр ІІ-нің зайыбының есімімен аталған) бүгінгі Гянджада діндардың отбасында туыпты. Әзірбайжанда туса да, ұлты – армян. Бірақ бала дін жолын қумай, партияға өтіп, барлау ісімен айналысуға бет бұрады. Зейіні аса мықты, көргенін, естігенін ұмытпайтын Иван жастайынан тілдерді үйренуге машықтанады. Ақыры, соның нәтижесінде, француз, түрік, парсы, испан, ағылшын, итальян тілдерін жетік меңгеріп алады. Соған қоса, орыс және туған тілін өте жақсы біледі. Мінезі аса ұстамды, сөйлесе – шешен, ойы алғыр, қиындыққа қайыспайтын төзімді, зерек әрі қайсар, өжет.
Осы қасиеттерінің арқасында ол әуелі 26 жасында Францияға, кейін диктатор Франко басқарған Испанияға жасырын өткізіледі.
Гитлердің фашистік пиғылының қолшоқпары Франконың ажал тұзағынан испан коммунистері Долорес Ибаррури мен Хосе Диасты құтқарып алып, Мәскеуге жеткізген осы адам Иван Авалов немесе барлаушы Иван Агаянц екен.
Ал Д.Ибарруридің баласының Мексикада Сталиннің қас жауы Лев Троцкийді басынан ауыр қолтаяқпен ұрып өлтіргені, оны бұл әрекетке шешесінің жұмсағаны тарихтан аян ғой.
1939 жылы И.Агаянц әйгілі жасырын атымен Франциядағы елшілікке Кеңес резидентінің орынбасары болып жіберіледі. Осы қызметінде ол Гитлердің 1941 жылғы 22-ші маусымда Кеңес одағына зымиядықпен соғыс ашатынын ел басшылығына, мәселен, Жапониядағы Рихард Зорге хабарлайды. Алайда, Гитлердің соғыспау туралы антына имандай иланған Сталин мұны елемейді.
Бірақ кейінгі оқиғалар – Гитлердің антынан айнуы ел басшылығын ойландырады. Иван Агаянцтің ақпары анық екенін амалсыз мойындаған Кеңес барлауының басшылары Азиядағы ахуалды алдын ала аңдап отыру үшін осы өңірдегі мұнайлы ел – Ирандағы елшілікке бүркеншік “Иван Авалов” есімімен саясаткер ретінде 1941-ші жылдың жазында қызметке жібереді.
Әрі барлаушы, әрі саясаткер Иван Агаянц Сталиннің зор құрметіне бөленеді.
Ол 1945-ші жылдың жазына дейін осындағы іс-әрекеті арқылы Кеңес одағының әскери, саяси, экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлесін қосады.
Соғыстан кейінгі ахуал мүлде шиеленісіп, АҚШ бастаған милитаристік елдер енді КСРО-ға қауіп төндіреді. Чикагода атом бомбасын жасау, оны Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларының аспанында жару Кеңес одағын Еуропа елдерінен ықпалды одақтас іздеуге мәжбүрлейді.
Англия – екібастан АҚШ жағында. Бұл уақытта АҚШ президенті, Сталиннің жақтасы Франклин Рузвельт (1933-1945 жылдары ел басқарған) емес, соғысқұмар Гарри Трумэн еді.
Осы уақытта АҚШ-та тарихтан әйгілі “Маршалл жоспары” пайда болды. Оны ойластырған АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джордж Маршалл жасырын түрде конгреске және сонымен бірге Гарри Трумэнге Кеңес одағын ысырып тастап, Англия және Франция басшылығы арқылы Еуропаның соғыстан құлазыған экономикасын көтеру деген желеумен әскери күш-қуат беруді ұсынады.
Ұсыныс зор қолдаумен қабылданады. Ол үшін Еуропаның Англия және Франция бастаған әуелі 17, кейін 22 елі тізімге кіреді. Оның ішінде канцлер Конрад Аденауэр басқаратын, мүлде қисынға келмейтін, Батыс Германия да ескерілген. Өйткені, соғыстан кейінгі меморандум бойынша Батыс Германия ешбір саяси, экономикалық одаққа кірмейді. Оған мүсіркеу жоқ!
Бірақ жасырын жоспар Англия және Франция саясаткерлерінің арасында, әсіресе, елшілер деңгейінде талқылана бастайды. Кешегі Тегерандағы одақтас, “Саясат деген – сайқал әйелдің әрекеті” деп өзі айтқандайын, ағылшын премьер-министрі У.Черчилль де бұл Кеңес одағына қауіп төндіретін жоспарды жақтап шығады.
Ендігі үміт – Францияда. Қайткен күнде де келіссөздің жолын кесу керек. Сол мақсатпен Сталин Иван Агаянцқа Францияның Алжирдегі әскери күштерінің басшысы, елдің ең беделді саяси қайраткері, генерал де Голльмен байланыс орнатуға тапсырма жүктейді.
Алжирге Иван Авалов болып барған барлаушы саясаткер ретіндегі тұлғасымен танылады. Генерал де Голльдің сеніміне кіріп алған И.Агаянц “Маршалл жоспарының” шынайы астарын бүгешігесіне дейін біліп алады.
де Голльмен байланысты одан сайын нығайту үшін И.Агаянц отбасын Парижге көшіріп апарып, ел басшылығына келген президентпен өте жақын араласуға қол жеткізеді.
Осы “достық” арқылы барлаушы әрі саясаткер Кеңес одағының сол кездегі сыртқы істер министрі В.М.Молотов арқылы 1947-ші жылы “Маршалл жоспарының” анық көздеген мақсатын Сталинге жеткізеді.
Содан соң Кеңес одағының басшылығы сыртқы істер министрлігі жүйесімен АҚШ президенті Г.Трумэнге ескерту жасайды.
Осы және оның ішінде 1943-ші жылғы Тегеран апатының алдын алу бар, саяси және экономикалық, қорғаныс қауіпсіздігіне сіңірген зор еңбегі үшін 1965-ші жылы Иван Агаянцқа генерал әскери атағы беріледі.
Өкінішке қарай, еңбегі ел-жұртқа аса еленбей келген атақты барлаушы 1968 жылы, бар болғаны 57 жасында қайтыс болған.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ, ардагер журналист.