Жастар сарайында облыстық филармония ұжымы 55-інші жаңа маусымның ашылуына орай концерт берді. Мерейтойлық кеш барысында 13 ұжым мүшелері ән мен биден шашу шашып, өнерсүйер қауымға ұмытылмас әсер сыйлады.
Осы жолы «Мәңгілік», «Әдемі-ау» және «Туған жер” сынды би ансамбльдерінің репертуары өзге ұлттардың танымал билерімен толықса, әншілер қауымы да жаңа маусымға үлкен дайындықпен келіпті. Кеш барысында эстрадалық-симфониялық және джаз бағытындағы оркестрлердің сүйемелдеуімен орындалған әуендер көптің көңілінен шығып, ерекше әсерге бөледі.
Облыстық филармонияның директоры Ботагөз Жағыпарованың айтуына қарағанда, биылғы маусым тың жаңалықтарға толы болмақ.
– Өнер ұжымдарымыз жергілікті және шетел жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерттер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта Астана балет және опера театрының дирижері Абзал Мұхитдинов, Қазақстанның және Татарстанның халық әртісі Ринат Салаватов, америкалық джаз жұлдызы Рональд Бейкер пен Харьков опера театрының бас дирижері Дмитрий Морозов сынды танымал өнер иелері Қызылжар сахнасында өнер көрсетіп, жергілікті әріптестерінің шеберлігін шыңдауға атсалыспақ,– дейді ол.
Кеш барысында филармония жанындағы ұжым мүшелерінің сахналық костюмдерінің біршама жаңартылғанын аңғардық. Өнер иелері қараша айында жергілікті көрермендер назарына Швециямен бірігіп жасаған тың жобасын ұсынбақ. Сондай-ақ, филармония жыл соңына дейін Абайдың 175 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай концерттер қоймақ. Әртістеріміз биыл “Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет” бағдарламасы аясында халықаралық сапарларға шығуды жоспарлап отыр.