«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫҒЫП ЖЕТЕР МЕКЕНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Арамаис Тер-Аствацатурянды Қызылжар жұртшылығы қайырымды кәсіпкер ретінде таниды. Ол облыс деңгейінде ғана емес, ел көлемінде өтетін игі шаралардан шет қалып көрген емес. Биылғы көктемде Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға Қызылжар өңірінен жиналған көмекті арнайы көліктер арқылы жеткізіп, азаматтық ісімен көпшілікті сүйсіндірді.

1996 жылы жасөспірім кезінде ата-анасымен Грузия елінен Қа­зақ­станға қоныс аударған Ара­маис Тер-Аствацатурян осы жер­де жоғары білім алғаннан кейін, өмірден өз жолын іздейді. 2000 жылдардың басында жүгері таяқ­ша­сы, кепкен нан өндіретін цех ашады. Десе де, бұл жұмыстары өрге баспайды. Бірақ бұл жағдай кәсіпкер боламын деген жігіттің жігерін жасыта алған жоқ, логистикалық қызмет көр­се­туге ауысып, “MALIMM-TRANS” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің іргесін қалайды. 

– Қоғамдық тамақтану бағыты бойынша кәсіп ашқан кезде өнімді тасымалдаудың қиынды­ғын көп көрдім. Сол кезде көліктік-логистикалық қызмет көрсетумен шұғылдансам ба деген ой туында­ды. Ойымды таразылап, ой­ланғаннан кейін еліміздің ғана емес, әлемдік нарықта сұранысқа ие қызмет түрімен айналысуға бел будым, – дейді Арамаис Ам­летович.
Алғашқы уақытта бірнеше “ГАЗeль” көлігімен ісін бастаған кә­сіпкер тынымсыз еңбегінің ар­қасында бес жылдың ішінде ха­лықаралық деңгейге көтерілді. Жиырма жылдың ішінде қызмет көрсету бойынша тәжірибе жи­нақ­тап, әріптестерінің сеніміне ие болды. Ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге жүк та­сы­малдайтын көліктік-логистика­лық компанияда 46 адам еңбек­ етіп жүр. Алдағы уақытта кәсібінің өрісін кеңейтуді жоспар­лап отыр.
Сонымен бірге ол өткен жылдың соңында “MATEX” шұлық фабрикасын ашты. Бұл – өңірімізде шұлық шы­ғаратын жалғыз жеңіл өнеркәсіп нысаны. Бүгінде фабрикадан 150-ден астам өнім түрі шыға­ры­лады. 26 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің айтуына қа­рағанда, бір кездері әкесі де жеңіл өнеркәсіппен шұғылд­анып­ты. Алайда, нарықтағы бәсеке­лес­тікке шыдау оңай болмаған. Отбасының сол кәсібін жаңғыр­туға бел буған Арамаис Тер-Аствацатурян фабриканы ашпас бұ­рын нарықты жан-жақты зертте­генін айтады.
– Еліміздегі, шетелдегі шұлық фабрикаларына барып, тәжірибе жинақтадым. Бұл саланың қыр-сырын меңгергендердің барлығы бірдей білгендерімен бөлісе бер­мейді. “Шұлық өндіру пайдасыз кәсіп” дегендер де болды. Десе де, алған бетімнен қайтпадым. Із­де­не жүріп, көп нәрсеге үйрендім, – деген кәсіпкер өңірімізде маман тапшы екенін айтты.
Жоғары са­па­лы шұлық өндіру үшін чехия­лық қондырғыларды орнатыпты. Ал оның тілін білетіндер жоқтың қасы. Сол себепті, Чехиядан кел­ген маман фабриканың жұмысшы­ларына қондырғыларда жұмыс істеуді үйретіпті. Өндіріс үдерісін жетілдіру, жаңа өнім түрле­рін шығару, өзге де техникаларды меңгеру мақсатында тағы да ше­телден шебер шақыртыпты. Бұл жолы мемлекет қаражаты есе­бінен “Аға сеньорлар” жобасы ая­сында біліктілікті жетілдіру мүмкіндігі жасалған.
Бүгінде елімізде саудаланатын шұлықтардың дені контрафактілі өнімдер екені жа­сырын емес. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев аталған мәселе жайында: “Ұлттық өндіруші­лердің мүддесі, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі бә­рінен де биік тұруы тиіс. Атқа­ру­шы билік ішкі нарықты контрафактілі, қауіпті өнімнен қорғауы кер­ек”, – деген болатын.
– Мемлекет басшысының қорда­ланған мәселені көтеріп, Үкіметке нақты тапсырмалар берге­ні қуантты. Әділетсіз бәсеке отан­дық жеңіл өнеркәсіп саласына тұсау салып отырғаны ащы шын­дық. Қазіргі таңда мен өндіруші ретінде тек шұлық шығарумен айналысамын. Ал тауарды тара­туды делдал компанияларға тап­сырдым. Егер мен екі қайықтың басын ұстасам, өнімнің сапасы тө­мендейді не болмаса тауарды қалай өткіземін деп шарқ ұрар едім, – деген кәсіпкер Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары­нан әріптес болар компания қарастырып жүргенін де жасырмады.
– Бізбен жұмыс істеуге ниет та­нытқан делдал компаниялардан өнімнің бағасын өсірмеуді талап етеміз. Бұл біз үшін аса маңызды. Ал компаниялардың қызметін тапқан табысымыздан төлейміз, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде өңірімізде “MATEX” шұлық фабрикасының өнімдері “Се­мейный”, “Северный”, “Се­мей­ная выгода”, “Мир одежды” дүкендерінде сатылуда. Алдағы уақытта өрісін кеңейтіп, өнім түрін көбейтуді көздеген кәсіпкер мем­лекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанына риза.
Осылайша, болашаққа жоспар құрып отырған Арамаис Тер-Аст­вацатурян балаларының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүргенін айтады. Ата-анасы Грузияға қайта көшіп кетіпті. “Әжем дүниеден өткеннен кейін қа­рашаңырақ иесіз қалды. Әкем шаңырақтың киесі кетпесін деп кері қайтты”, – деген Арамаис Амле­тович ол жаққа қонаққа барған күннің өзінде елге оралуға асығатынын жеткізді. Себебі, бұл жер­де үйреніскен ортасы, дос-жара­ны, дөңгелеткен кәсібі бар.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp