Петропавл қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты.
Төтенше жағдай түс кезінде Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойында орналасқан бесқабатты тұрғын үйдің жағарғы қабатында орын алды. Петропавл қалалық №1 және №3 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері оқиға орнына жеткенде, қою түтін жайылып үлгеріпті. Құтқару амалдарына көшкен өртсөндірушілер бірден жоғары көтеріліп, екі бөлмелі пәтерден шыққан жалынның көрші баспаналарға жайылуына жол бермеді. Бұдан бөлек, құтқарушылар оқиға орнынан 20 адамды қауіпсіз жерге шығарды, олардың төртеуі – бала. Өртсөндірушілер тілсіз жауды жарты сағаттың ішінде ауыздықтады.
Жалынның бетін қайтаруға 16 өртсөндіруші мен 3 техника жұмылдырылды. 15 шаршы метр жерге жайылған өрт салдарынан ас бөлмедегі жиһаз бүлінді. Қазіргі таңда оқыс оқиғаның себебі мен одан келген шығын мөлшері анықталуда.
“Қызылжар-Ақпарат”