Солтүстікқазақстандық велошабандоз, “Astana Pro Team” кәсіпқой велокомандасының мүшесі Алексей Луценко Италия тасжолында өткен “Мемориал Марко Пантани” біркүндік веложарысында топ жарды. Бұл – отандасымыздың биылғы маусымдағы 10-шы жеңісі.
Отандасымыз мәре сызығына екі шақырым қалғанда пелотоннан бөлініп, шабуылға шықты. Қарсыластарын шаң қаптырып, басымдығын жарыс соңына дейін сақтап қалған Алексей жеңімпаз атанды. Екінші орынды италиялық Диего Роза (”Sky”) иеленсе, үздік үштікті франциялық Гийом Мартан (”Wanty-Groupe Gobert”) қорытындылады.
“Astana Pro Team” велокомандасы жерлесіміздің бұл жетістігінің арқасында маусымдағы 36-шы жеңісіне қол жеткізді. Сөйтіп, қазақстандық команда өз рекордтарын жаңартты.