Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттерімен кездесті. Ішкі істер министрлігінде алғашқы даярлықтан өту тәртібі мен талаптары жайлы әңгіме қозғалған шараға 500-ге жуық кейінгі толқын өкілдері қатысты.
Шараны ашқан университет ректоры Серік Өмірбаев кездесудің маңыздылығына тоқталды. Өйткені, жастар өздерін толғандырған сұрақтарын департамент бастығына қойып, жан-жақты ақпараттарды ала алады. Бүгінгі күні университет түлектерінің арасында полиция саласында қызмет атқарып жүргендер аз емес. Алдағы уақытта да жоғары оқу орнын тамамдағандар ішінен құқық қорғау органдарында жұмысқа орналасуға ниет танытушылар табылатыны сөзсіз. Сондықтан Марат Төлебаев жастарға департамент жұмысы жайлы баяндап, ішкі істер органдарын жаңғырту бағытында дайындалған жол картасын жүзеге асыру барысына тоқталды. Тәртіп сақшыларын әлеуметтік қолдау мақсатында жүзеге асырылып жатқан шараларды атап өтті. Шілде айынан бастап полицейлердің еңбекақысы қызметтік міндеттеріне байланысты 20 пайыздан 65 пайызға дейін артты. Бірқатар лауазым иелерінің баспана ақысы төленеді. Сонымен қатар ақшалай өтемақы да беріледі.
Бұл кездесуде студенттер де белсенділік танытып, жұмыс істеу шарттары, қызметке жаңа кіріскендер үшін төленетін еңбекақы көлемі, түлектердің құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі жайлы сұрады.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.