Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар.
Біз өз кезегімізде оқырмандарымызды толғандырған сауалдарды тиісті органдарға жолдап, олардың жауабын газет бетінде жариялайтын боламыз. Хабарлама мәтіні түсінікті жазылып, оны жолдаушының аты-жөні, мекенжайы толық көрсетілуі қажет.
Газетіміздің “Whatsapp” желісіне Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылының тұрғыны Гүлсім Жәкетовадан хат келіп түсті. Ол балаларына тегін пәтер алу жөнінде көмек сұраған екен. Бұл туралы газетіміздің 3-інші бетінен оқи аласыздар.
“Құрметті редакция! Мен мектепте мұғалім болып қызмет етемін. Дүниеге әкелген егіз балаларымның бірі сәби күнінен дертке шалдығып, мүмкіндігі шектеулі жан ретінде есепте тұр. Ол биыл мектепті тамамдап, Көкшетау қаласындағы арнайы колледждердің біріне оқуға түсті. Есту мүшесі зақымданған баламның тұратын жері жоқ. Екінші ұлым да сол қалада ақылы түрде білім алады. Екеуіне пәтер жалдауды қалтамыз көтермейді. Туған-туыстарымыздың көмегі тигенімен, бір-біріне серік болып, үлкен қалаға тез үйренісіп кетулері үшін ұлдарымның бірге тұрғаны жақсы болар еді. Жолдасым болса, осыдан екі жыл бұрын микроинсульт алған, сондықтан ауыр жұмысқа жарамайды. Менің еңбекақым үйдің керек-жарағынан, азық-түлік пен балалардың киім-кешегінен артылмайды. Менің білейін дегенім, Көкшетау қаласынан тегін пәтер алуға мүмкіндік бар ма?
Бұл сауалға Уәлиханов ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айгүл Жауарова жауап берді:
Біз редакцияның өтініші бойынша хат иесі Гүлсім Рәпкенқызының өзімен хабарласып, мән-жайды сұрап, тиісті кеңесімізді бердік. Бүгінгі күні оның екі баласы Көкшетау қаласында білім алуда. Мүмкіндігі шектеулі кенже ұлы денсаулығы бойынша Ақмола облысының Степногорск қаласында тіркеуде тұр. Сондықтан біз өз тарапымыздан ешқандай көмек бере алмаймыз. Қандай да бір көмекке немесе жеңілдікке ие болуы үшін өтініш білдіруші аталмыш облыстың басшыларына жүгінуі қажет. Гүлсім Жәкетованың екі ұлы да Көкшетау қаласында тұрады. Сол себепті де біз пәтер мәселесін шеше алмаймыз.