Петропавл қаласындағы Спорт сарайында шайбалы хоккейден 2006 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының алғашқы туры өтуде. Жарысқа Петропавл, Нұр-Сұлтан, Көкшетау және Павлодар қалаларынан 4 құрама қатысуда.
Әзірге дүбірлі додада петропавлдық «Құлагер» хоккей клубының жастары мен Павлодар қаласының хоккейшілері алдыңғы қатарда келеді. Жарыс айналмалы жүйе бойынша өтуде.
«Астана-2» командасының бас бапкері Владимир Матюхиннің айтуынша, бұл чемпионатқа Нұр-Сұлтан қаласынан екі команда қатысуда. «Барыс» хоккей клубы «А» тобында өз бақтарын сынап жатса, “Астана-2” «В» тобында ойнауда. Барлық командалар жақсы ойын өрнегін көрсетуде.
Жарыстың үшінші күні алғашқы болып мұз алаңына «Астана-2» мен «Арлан» құрамалары шықты. Қос команда арасындағы кездесу 9-1 есебімен аяқталды. Бұл сында елордалық хоккейші Андрей Самойлов екі шайба салып, үздік сұрмергендер тізіміне енді. Ол хоккеймен 7 жыл бойы айналысады екен. Осы чемпионатқа екі ай дайындалыпты.
2006 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының бірінші туры қыркүйектің 27-і күні аяқталады. Жалпы, чемпионат үш турдан тұрады. Сайыстың екінші кезеңі қай қалада өтетіні әзірге белгісіз.
http://petropavltv.kz