Жамбыл ауданының Благовещенка ауылындағы екі пәтерлі тұрғын үйден өрт шығып, үш адам зардап шекті.
Төтенше жағдай кешкі сағат 5-ке жақын Мұқанов көшесінің бойындағы 10-шы үйде орын алды. Кезекші қарауыл оқиға орнына жеткенде баспананың дәлізі жанып, шатырды түтін тұмшалаған еді. Аудандық № 11 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары «Атамекен-Агро» ЖШС-нің ерікті өрт сөндіру жасағымен бірлесіп, тілсіз жауды жарты сағаттың ішінде ауыздықтады. Олар жалынның екінші пәтерге және шаруашылық құрылыстарына жайылуына жол бермеді. Дегенмен, өрт дәліздің қабырғалары мен шатырын зақымдады.
Өрт салдарынан күйік алған 29 жастағы ерлі-зайыпты мен олардың 5 жасар ұлы ауыр халде аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Бір айта кетерлігі, биыл ақпан айында азаматтық қорғау органының қызметкерлері үй иесіне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескерткен болатын.
Сурет https://newtimes.kz сайтынан алынды.