Арамаис Тер-Аствацатурянды Қызылжар жұртшылығы қайырымды кәсіпкер ретінде таниды. Ол облыс деңгейінде ғана емес, ел көлемінде өтетін игі шаралардан шет қалып көрген емес. Биылғы көктемде Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға Қызылжар өңірінен жиналған көмекті арнайы көліктер арқылы жеткізіп, азаматтық ісімен көпшілікті сүйсіндірді.
1996 жылы жасөспірім кезінде ата-анасымен Грузия елінен Қазақстанға қоныс аударған Арамаис Тер-Аствацатурян осы жерде жоғары білім алғаннан кейін, өмірден өз жолын іздейді. 2000 жылдардың басында жүгері таяқшасы, кепкен нан өндіретін цех ашады. Десе де, бұл жұмыстары өрге баспайды. Бірақ бұл жағдай кәсіпкер боламын деген жігіттің жігерін жасыта алған жоқ, логистикалық қызмет көрсетуге ауысып, “MALIMM-TRANS” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің іргесін қалайды.
– Қоғамдық тамақтану бағыты бойынша кәсіп ашқан кезде өнімді тасымалдаудың қиындығын көп көрдім. Сол кезде көліктік-логистикалық қызмет көрсетумен шұғылдансам ба деген ой туындады. Ойымды таразылап, ойланғаннан кейін еліміздің ғана емес, әлемдік нарықта сұранысқа ие қызмет түрімен айналысуға бел будым, – дейді Арамаис Амлетович.
Алғашқы уақытта бірнеше “ГАЗeль” көлігімен ісін бастаған кәсіпкер тынымсыз еңбегінің арқасында бес жылдың ішінде халықаралық деңгейге көтерілді. Жиырма жылдың ішінде қызмет көрсету бойынша тәжірибе жинақтап, әріптестерінің сеніміне ие болды. Ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге жүк тасымалдайтын көліктік-логистикалық компанияда 46 адам еңбек етіп жүр. Алдағы уақытта кәсібінің өрісін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сонымен бірге ол өткен жылдың соңында “MATEX” шұлық фабрикасын ашты. Бұл – өңірімізде шұлық шығаратын жалғыз жеңіл өнеркәсіп нысаны. Бүгінде фабрикадан 150-ден астам өнім түрі шығарылады. 26 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің айтуына қарағанда, бір кездері әкесі де жеңіл өнеркәсіппен шұғылданыпты. Алайда, нарықтағы бәсекелестікке шыдау оңай болмаған. Отбасының сол кәсібін жаңғыртуға бел буған Арамаис Тер-Аствацатурян фабриканы ашпас бұрын нарықты жан-жақты зерттегенін айтады.
– Еліміздегі, шетелдегі шұлық фабрикаларына барып, тәжірибе жинақтадым. Бұл саланың қыр-сырын меңгергендердің барлығы бірдей білгендерімен бөлісе бермейді. “Шұлық өндіру пайдасыз кәсіп” дегендер де болды. Десе де, алған бетімнен қайтпадым. Іздене жүріп, көп нәрсеге үйрендім, – деген кәсіпкер өңірімізде маман тапшы екенін айтты.
Жоғары сапалы шұлық өндіру үшін чехиялық қондырғыларды орнатыпты. Ал оның тілін білетіндер жоқтың қасы. Сол себепті, Чехиядан келген маман фабриканың жұмысшыларына қондырғыларда жұмыс істеуді үйретіпті. Өндіріс үдерісін жетілдіру, жаңа өнім түрлерін шығару, өзге де техникаларды меңгеру мақсатында тағы да шетелден шебер шақыртыпты. Бұл жолы мемлекет қаражаты есебінен “Аға сеньорлар” жобасы аясында біліктілікті жетілдіру мүмкіндігі жасалған.
Бүгінде елімізде саудаланатын шұлықтардың дені контрафактілі өнімдер екені жасырын емес. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселе жайында: “Ұлттық өндірушілердің мүддесі, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі бәрінен де биік тұруы тиіс. Атқарушы билік ішкі нарықты контрафактілі, қауіпті өнімнен қорғауы керек”, – деген болатын.
– Мемлекет басшысының қордаланған мәселені көтеріп, Үкіметке нақты тапсырмалар бергені қуантты. Әділетсіз бәсеке отандық жеңіл өнеркәсіп саласына тұсау салып отырғаны ащы шындық. Қазіргі таңда мен өндіруші ретінде тек шұлық шығарумен айналысамын. Ал тауарды таратуды делдал компанияларға тапсырдым. Егер мен екі қайықтың басын ұстасам, өнімнің сапасы төмендейді не болмаса тауарды қалай өткіземін деп шарқ ұрар едім, – деген кәсіпкер Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан әріптес болар компания қарастырып жүргенін де жасырмады.
– Бізбен жұмыс істеуге ниет танытқан делдал компаниялардан өнімнің бағасын өсірмеуді талап етеміз. Бұл біз үшін аса маңызды. Ал компаниялардың қызметін тапқан табысымыздан төлейміз, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде өңірімізде “MATEX” шұлық фабрикасының өнімдері “Семейный”, “Северный”, “Семейная выгода”, “Мир одежды” дүкендерінде сатылуда. Алдағы уақытта өрісін кеңейтіп, өнім түрін көбейтуді көздеген кәсіпкер мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанына риза.
Осылайша, болашаққа жоспар құрып отырған Арамаис Тер-Аствацатурян балаларының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүргенін айтады. Ата-анасы Грузияға қайта көшіп кетіпті. “Әжем дүниеден өткеннен кейін қарашаңырақ иесіз қалды. Әкем шаңырақтың киесі кетпесін деп кері қайтты”, – деген Арамаис Амлетович ол жаққа қонаққа барған күннің өзінде елге оралуға асығатынын жеткізді. Себебі, бұл жерде үйреніскен ортасы, дос-жараны, дөңгелеткен кәсібі бар.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.