Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс және жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр”, – деген болатын.
Біздің басқарма бақылаушы уәкілетті орган болғандықтан, жерді тиімсіз пайдаланатындармен әрдайым күресіп келеді. Біздің мамандар өз жұмысында Жер заңнамасын басшылыққа алады. Түйінді мәселелер Жер ресурстарын басқару комитетімен бірлесе отырып, заңнама аясында шешімін табады. Бұл заңнама жер учаскесін иелену ғана емес, сонымен қатар оны мақсатты пайдалануды міндеттейді. Атап айтқанда, Жер кодексінің 65-бабында оған иелік етіп отырғандар жерді мақсатты пайдалануы керектігі атап көрсетілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылжар өңіріне жұмыс сапары барысында ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша өткен республикалық кеңесте де ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесін көтерді. Елімізде 2015 жылдан бастап пайдаланылмай келген 12,8 млн. гектар жер бар екен. Мемлекет басшысы Үкіметке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Солтүстік Қазақстан облысы – егістіктер мен шұрайлы шабындықтарға бай өңірлердің бірі. Бүгіндері облысымыздағы қолданыстағы жердің жалпы аумағы 9,8 млн. гектарды құраса, соның 7 млн. гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылуда. 4,9 млн. гектары – егістік, ал 1,9 млн. гектары – жайылым. Бұл жерлер халық игілігіне қызмет етуі қажет. Дегенмен, жерді мақсатты пайдаланбай отырған азаматтар да бар. Осы орайда жер инспекциясының мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, егістіктер мен жайылымдарға мониторинг жүргізді. Бұл жұмыс өз нәтижесін беруде.
Жер қатынастарын реттеу саласындағы міндеттерді жүзеге асыру жоспарына сәйкес 2015-2019 жылдары 2,9 млн. гектарды құрайтын жер қорына 1965 талдау жүргізілді. Бұл шаралардың барысында 1043 кемшілік анықталды. Атап айтқанда, кейбір азаматтар жалға берілген жерді игеруге ниет танытпайды екен. Бүгінге дейін 547,4 мың гектарға қатысты заң бұзушылықтар жойылды. Басқарма инспекторлары қолданған шаралардың нәтижесінде 658,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 2015-2019 жылдары шаруашылық басшылары мен кәсіпкерлерге кемшіліктерді жою туралы 1024 нұсқама беріліп, 621 әкімшілік жаза қолданылды. Бүгіндері пайдаланылмай жатқан тағы 43,3 мың гектар жер басқарманың жіті бақылауында.
Үстіміздегі жылы да инспекция қызметкерлері тексерістерді жалғастырды. Бұл жолы жүргізілген 316 тексерістің барысында 196 заң бұзушылық тіркелді. Сөйтіп, 5392 гектар ауылшаруашылық жері келісімшарттарды бұзу арқылы мемлекет иелігіне қайтарылды. Сот арқылы 10,6 мың гектар жер мемлекеттік қорға өтті. Қазіргі уақытта үш шаруашылықтан 20 мың гектардан астам игерілмеген алқаптарды қайтару бойынша іс сотта қаралуда. Жыл соңына дейін осындай 15 шаруашылықпен жұмыстар жүргізілетін болады.
Жерді пайдалану мен қорғау – жер ресурстарын басқарудың ең маңызды қызметі. Меншік иелерінің, жер пайдаланушылардың шаруашылық жүргізу құқығы заңнамамен бекітілген. Алайда, бұл әрекет қоршаған ортаға зиянын тигізбеуі керек. Үшінші тұлғалардың заңды мүдделері мен құқықтары бұзылмауы тиіс. Мемлекеттік бақылау осы міндеттерді орындамайтын субъектілерді анықтауға бағытталған.
Біз жердің мемлекет, халық мүддесіне жұмыс істеуіне ұмтылуымыз қажет. Ол тиімді игерілуі тиіс. Жаңа жұмыс орындарын ашып, түрлі жобаларды жүзеге асыру арқылы өңір экономикасын дамыту қажеттігі айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түскенін атап айтты. Жерді жосықсыз пайдаланғандар үшін 10 есе ұлғайтылған салық қарастырылған. Бүгінгі күнге ол салық төлеушілердің қарызы 442,1 млн. теңгені құрады. Оның 38,5 млн. теңгесі үстіміздегі жылға тиесілі, ал былтыр бұл көрсеткіш 16 млн. теңге болды.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер және құрылыс нысандарына арналған жерлерді тиімді пайдалану мәселесі де өз шешімін таппай келеді. Басқарма өкілдері 2016-2019 жылдары 84 мың гектардан астам жерді мәжбүрлеп алып қою туралы 88 талапарыз берді. 55 жер учаскесі сот шешімі арқылы қайтарылды. Оның 36,6 гектарды құрайтын 38 учаскесі Петропавл қаласының аумағында орналасқан.
Соңғы жылдары облыс орталығы күннен-күнге жаңарып, заманауи келбетімен көпшілікті қуантуда. Дегенмен, қаланың бірнеше жылдан бері бос тұрған жерлері, қызыл сызықтан асып, тротуар үстінде тұрған келбетсіз нысандар, сиқы кеткен ескі үйлер көңілге кірбің түсіреді. Ал жер иелері учаскелерді бір-біріне сатумен ғана айналысып келеді.
Президент Жолдауда мемлекеттен жерді тегін алғандардың көпшілігі оны игермей, босқа ұстап отырғандықтарын атап өтті. Мақсатты пайдаланылмаған жер учаскелері сәулетті ғимарат тұрғызып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ниеті бар іскер азаматтарға берілетін болады. Тек 2019 жылдың өзінде жер инспекциясы басқармасының мамандары жауапкершілігі төмен кәсіпкерлерден 2,8 гектарды құрайтын 15 учаскені мемлекет меншігіне өткізді. Ал 20 жер пайдаланушы учаскелерін өз еркімен қайтарды.
Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет балансына қайтару оңай жұмыс емес. Мемлекет басшысы жылдың басты құжатында Үкімет пен Парламентке осы түйткілді мәселені шешудің тиімді жолын табуды тапсырды. Бұл маңызды мәселе шешімін тапса, отандық агроөнеркәсіп кешені де серпінді дами түсер еді.
Бейбітбек ЖАЙЛЫБАЕВ,
облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы.