Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионаты барша спорт жанкүйерлерінің назарын өзіне аударғаны сөзсіз. Бәсі биік додада отандастарымыз жақсы нәтиже көрсетті. Біріншілікте ел намысын абыроймен қорғаған балуандардың бірі – жерлесіміз Нұрқожа Қайпанов күміс жүлдегер атанды.
70 килограмм салмақта сынға түскен жерлесіміз жартылай финалға дейін Австралия мен Ұлыбритания өкілдерін жарыс жолынан ығыстырды. Баржоғы отыз секундтқа созылған алғашқы белдесуде Джошуа Райлиден 10:0 есебімен басым түсті. Ширек финалда Николае Коджокаруды да дәл осындай есеппен жеңді. Қызылжарлық өрен жартылай финалда ирандық Йонес Аликбар Эмамичогоемен күресіп, бұл жолы 7:6 есебімен жеңіске жетті. Ал финалдық кезеңде 21 жастағы ресейлік Давид Баевпен белдесті. Өкінішке қарай, тартысты өткен бұл кездесу ресейліктің жеңісімен аяқталды. Сөйтіп, қызылжарлық балуан әлем біріншілігінің күміс медаліне қол жеткізді.
Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернат түлегінің спорттық мансабында қол жеткізген жетістіктері аз емес. Қызылжарлық балуан бұған дейін Польшаның астанасында Вацлав Циолковскийді еске алуға арналған еркін күрестен халықаралық турнирде күміс медальға ие болса, Италияның Сассари қаласында өткен “Sassari City Matteo Pellicone Memorial” халықаралық турнирінде алтыннан алқа тағынды. Ал биылғы көктемде Қытайда еркін күрестен өткен Азия біріншілігінде ең биік тұғырға көтерілді. Осылайша, 20 жастағы спортшы Қазақстан тарихында күрестен ең жас Азия чемпионы атанды.
Нұр-Сұлтандағы әлем біріншілігінде тағы бір жерлесіміз, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова да белдескен болатын. Бұрымды балуанымыз жарыс қорытындысы бойынша 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға жолдама жеңіп алды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.