Бағытымыз – ажарлы табиғатымен талайды баураған Айыртау ауданы. Көлік терезесінен далаға көз жібересің де, еріксіз ойға шомасың. Жері сулы, орманы нулы өңіріміздің белесі мен белдері, қырқасы мен қыраты өткен ғасырлардан сыр шертетін тарихтың бір парағы іспеттес. Ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұланғайыр даланы анталаған жаудан қорғаған батырлардың бейнесі көзге еріксіз елестейді. Ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алған ерлер толарсақтан саз кеше жүріп, болашақ ұрпағы үшін күресті. Қазақ жерін жаудан қызғыштай қорыған жаужүрек баһадүрлердің арасында Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батырлардың ерлігі ерен. Биыл қос қаһарманның құрметіне тұрғызылған мемориалдық кешенге 20 жыл толып отыр.
Қазақ елі өз тәуелсіздігін алған уақыттан бері жер-жерлерде небір кемеңгер көсемдер мен шешендерге, ел билеген хандар мен сұлтандарға, батырлар мен ақын-жазушыларға ескерткіш орнатылуда. Солардың ішінде Қарасай мен Ағынтай батырлардың құрметіне бой көтерген алып ескерткіш дұшпанның мысын басарлықтай айбынды шыққан. Қос күмбезді биік кесене Қарасай батыр ауылынан төрт шақырым жердегі Құлшынбай төбесінде орналасқан. Композициялық нысан әскери дулыға түріндегі 16 метрлік қос мұнарадан және мешіттен тұрады. Асқақ кешенге қарасаң, мінген тұлпарлары жер тарпып, бес қаруын асынған бабаларымыз: “Біліп қойыңдар, мынау – біздің түн қатып жүріп қорғап, ұрпағымызға аманат етіп қалдырып кеткен жеріміз. Бұл елдің иесі де, киесі де – осындағы біздің ұрпағымыз!” – деп тұрғандай. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр бастаған Орбұлақ шайқасында жаудың елу мың қолына қарсы шауып, талай қан майданды бірге кешкен Қарасай мен Ағынтайға Алла тағала бұл фәни дүниеден өткеннен кейін де ажырамай, бір төбеде жатуды бұйыртыпты.
Дүбірі дүйім елді дүрліктірген тойға екі жарым мыңнан астам адам жиналды. Алыстан “мен мұндалап” тұрған батырлар ескерткішінің алдына қаз-қатар ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Бір баста улап-шулаған бала-шаға алтыбақанның қызығына кенеліп жатса, екінші бетте орамал тартқан әйелдер қауымы қазан-ошақ қасында ас-су қамымен жүр. Аға буын әңгіме-дүкен құрса, жігіттер білектерін сыбанып, той барысында өтетін ұлттық ойындарға дайындалуда. Бұл көріністер көз алдымызға бұрынғы қазақ ауылын елестетті. Көліктен түсіп, мемориалдық кешенге қарай ағылған қонақтар қос күмбездің сәулетіне қарап, қайран қалысып жатты. Кесенеге бас сұғып, қос батырдың рухына Құран бағыштаған ақсақалдардың пікірі ел басына күн туған замандағы ата-бабаларымыздың бірлігі өскелең ұрпаққа үлгі болса игі деген арнаға тоғысты.
Тарихи деректерге сүйенсек, Қарасай Алтынайұлы – 1598-1671 жылдар аралығында өмір сүрген қаһарман қолбасшы. Өз заманында серіктесі әрі үзеңгілесі болған Ағынтай батырмен бірге жоңғарларға қарсы соғысқан. Ел мен жерін қорғау барысында қанды шайқастарға қатысып, бар ғұмырын ат үстінде өткізген. 17 жасында, яғни 1615 жылы қолына қару алған батыр ақтық демі қалғанша қылышын белінен шешпеген. Жорықтардың бірінде ойраттың екі нөкерін Есім ханның алдына әкеліп: “Хан ием, енді қазақ жеріне көз алартқан жаудың бәрі осылай тізерлейтін болады”, – деген екен. Сонда хан: “Сен енді қазақтың Қарасай батырысың”, – деп ризашылығын білдіріпті. Ал Орта жүздің Арғын руынан шыққан Ағынтай батыр 1599-1672 жылдары ғұмыр кешкен. Есім мен Жәңгір ханның сенімді серіктерінің бірі болған баһадүрдің орасан күші мен батылдығы туралы халық аңыздарында көп айтылады. Жоңғарлармен болған шайқастардың бел ортасынан көрініп, жекпе-жектерде үнемі жеңіске жетіп отырған. 1635 жылы Қарасай досымен бірге шайқастардың бірінде қалмақтардың қолына түскен Жәңгір сұлтанды құтқарған. Жуан жұдырығы тиген адамды сау қалдырмағандықтан халық “Ағынтай жұдырық” атап кеткен.
Ұлан-асыр той басталып, тағылымды әңгімелердің тиегі ағытылып, жұртшылық құнды тарихи деректер есту мүмкіндігіне ие болды. Олар бұл ақпаратты көңілге түйіп қана қоймай, батыр бабаларының ерлік істерін қасына ертіп келген балалары мен немерелеріне үлгі етті. Бұдан соң салтанатты шараға жиналған қауымды облыс әкімінің атынан оның орынбасары Руслан Әлішев құттықтады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетінін, кез келген жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар екенін айтқан болатын. “Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс”, – дей келіп, Елбасы туған жердің қадірін түсініп, патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын жеткізді. Осы орайда, күні кеше М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай және Көкшетау қалаларының ғалымдарының қатысуымен мемориалдық кешеннің 20 жылдығына арналған “Ұлы даланың хас батырлары” атты республикалық ғылыми-тəжірибелік конференция өтті. Киелі жерлер халықтың талай ғасырлардан бергі өмірі мен қызметін, тәуелсіздік жолындағы күресін паш етеді. Рухани құндылықтардың қайнар көзі және Қазақстан халқының тұрақты дамуының кепілі болып табылады. Бұл ретте ғалымдар, тарихшылар, этнологтар, филологтар, шығыстанушылар ауқымды жұмыстар атқаруда. Бұл шаралардың барлығы болашаққа бағдарланған. Бүгінгі өскелең ұрпақ өзінің шыққан тегін білуі керек, – деді Руслан Қанатханұлы.
Мемориалдық кешеннің директоры әрі шырақшысы Самиддин Омаров атап өткендей, ескерткіш 1999 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен тұрғызылды. Нысан республикалық маңызы бар мәдени және тарихи ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енген. Ерекше үлгімен, қайталанбас шеберлікпен салынған кесене еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген туристер мен мінәжат етушілердің, сонымен қатар шетел қонақтарының да қызығушылығын тудыратын қасиетті орынға айналған. Кесенеге келушілерді батырлардың достығы, адам нанғысыз ерлік істері таңғалдырмай қоймайды. Жұбы жазылмаған батырлар екі жүзден астам шайқасқа қатысып, соның барлығынан дін аман шыққан. Қос батыр сан мәрте майдан даласында атой салса да, жау қолынан емес, өз ажалдарынан көз жұмған екен. Бұл орайда Қазақстан тарихын зерттеген белгілі орыс тарихшысы Петр Румянцев “Материалы Семиреченской области” деген кітабында Қарасай батырдың Көкшетау уезінің Айыртау бөктерінде жерленгенін жазған. Егде тартқан шағында бабамыз қазақ жеріне бейбіт өмір орнағанын көңіліне медеу тұтып, жарты ғасырға жуық жұбы ажырамаған жан досы Ағынтайдың мекені – Көкшеге қоныс аударады. Айыртау сілеміндегі Құлшынбай төбесіне бірге жерленген қос тұлға жайлы түрлі деректерге негізделген әңгімелер жергілікті тұрғындар арасында кең тараған.
Самиддин Ниятоллаұлының айтуынша, Қарасай батырдың егiз екi ұлы – Еркін мен Төркін де осы жерде жерленген. Күмбездің айналасында тағы бiрнеше жауынгердің зираты бар. Бұл орындарға жиек жасалып, гранит сынықтарымен толтырылған. Туристер ең көп ат ізін салатын қастерлі орын болғандықтан, қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аумағы кеңейтілген. Архитектуралық жағынан қайталанбас шеберлікпен салынған бұл мемориалдық кешеннің маңайына туристерге арналған мейманхана салынған. Тақтайдай асфальт жол төселген.
Бүгіндері бірегей кешен ішкі туризмді дамытуға өзіндік үлесін қосуда. Бабаларымыздың ерлігін айдай әлемге паш етудің басқа да шаралары ойластырылған. Киелі орынға мектеп оқушылары, жас отау иелері жиі ат ізін салады. Спорттық ойындар, турнирлер, бәйгелер өткізіледі. Былтыр Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Маңайына гранит тас төселіп, екі мазардың қаптамасы жаңартылған.
Жөндеу жұмыстарының арқасында кесененің әсемдігі айшықтала түскенін байқаған азаматтар бұл күні толқып, ерекше рух алғандай күй кешкені сөзсіз. Мұнда келгендердің әрқайсысының көздерінен от, үндерінен қуаныш сезгендей болдық. Жиында облыстың және Айыртау ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Армия Әбілқайыров атап өткендей, Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі – жастар үшін тағылымы мол тарихи орын. Өскелең ұрпақ жан-жақтан қаптаған жаудан қаймықпаған қайсар ерлердің есімін ешқашан ұмытпауы тиіс. Расымен де, жауға атамекеннің ұлтарақтай бөлігін де бермеген, ұлтты жұдырықтай жұмылдырып, ентелеп келген жауды шекарадан ары қуған Қарасай мен Ағынтай қайтпас қайсарлықтың, баянды бірліктің, мызғымас достықтың символына айналып отыр.
Бұл күні салтанатты шараға Алматы қаласынан келген Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов та жүрекжарды лебізін білдірді.
– Мен ұлылардың есімі ұлықталған осындай керемет тойдың куәгері болғаныма қуаныштымын. Қарасай мен Ағынтай батырлар бүгінгі таңдағы қазақтың дүниежүзінде 9-шы орын алатын жерін қорғап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Біз бұл аманатқа адалдық танытуымыз қажет. Барша әлемге үлгілі ісіміз бен мықтылығымызды жиі дәлелдеп отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Ермахан Сағиұлы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, ата-бабаларымыздың ерліктері мен бүгінгі ұрпақ арасындағы тарихи сабақтастық сақталса, біз “Мәңгілік ел” боламыз. Мемориалдық кешеннің 20 жылдығын атап өту – сол сабақтастықтың бір көрінісі. “Қазақ елінің үш мың жылдық тарихы бар. Ал 350 жыл өмір сүрген Қазақ хандығы соның бір бөлшегі ғана. Бұл жылдардың ішінде хандық гүлденіп, нығайды. Тіпті, әлсіреген кездері де болды. Міне, Қарасай мен Ағынтай батырлардың өмір сүрген заманы Қазақ хандығының бір әлсіреген, хандардың билікке таласқан кезі болған. Сондай уақытта жерді қорғау міндетін батырлар атқарды. Қазаққа жоңғарлар шабуыл жасағанда біраз батырларымыз тұтқынға түсті. 1660 жылы Қарасай батыр бүкіл елге ұран салып, соғысқа аттанған. Сөйтіп, жаудан қазақтың бір бөлігін азат еткен”, – деді Берекет Бақытжанұлы.
Өнертанушы, мәдениеттанушы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) жанындағы халықаралық сыншылар қауымдастығының мүшесі Камилла Ли “ата-бабасын ұмытпаған халықтың болашағы жарқын” деген пікірді құптайтынын жеткізді. Ол шараға бір топ суретшіні бастап келіпті. Қылқалам шеберлері ақ қағазға кешеннің суретін түсірді. Камилла Витальевна аталмыш суреттердің 27 қыркүйек күні Петропавл қаласында өтетін көрмеге қойылып, кейін жергілікті мұражайға тапсырылатынын айтты.
Жиында республикалық мүшәйралардың жүлдегерлері, жас ақындар Жарқанат Қинаухан мен Зере Молдахмет батырларға арнау өлеңдерін оқыса, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері көрермендердің назарына “Арқа шайқасы” сахналық қойылымын ұсынды. Ал Жанат Айтбаев, Амангелді Рамазанов, Біржан Есжанов, Еркебұлан Қаріпов сияқты өнерпаздар Айыртауды әнге бөледі.
Боз кілемде балуан белдестіру, ат үстінде күш сынасу, көкпар тарту ұлттық ойындарымыз да Айыртау даласында қайта жаңғыртылғандай болды. Аудандардан келген құрыш білекті жігіттер “жүзден жүйрік, мыңнан мықтыны” анықтады. Төл ойындарымызға шөліркеп қалған ағайын спортшыларды қолдауда барынша белсенділік танытты. Жан-жақтан қиқу салып, қолпаштап отырды. Мұндай қолдауды естіген жігіттер аянып қалсын ба?!
Алдымен боз кілемге балуандар шығып, күрес десе ішер асын жерге қоятын қалың жұртты тартысты белдесулерімен таңдай қақтырды. Ашық аспан астында төселген кілемнің үстінде атой салған жиырма шақты жігіттің айқасы көрермендердің делебесін қоздырып, арқаландырып жіберді. Жанкүйерлер балуандардың әрбір әдісі мен шалт қимылына елітіп, ентелей түсті. Осылайша, шын мықтыны анықтайтын ақтық сынның да уақыты келіп жетті. Үшінші орын үшін болған бәсекеде Жамбыл ауданының намысын қорғаған Дәурен Есләмов аққайыңдық Нұрсұлтан Әбішевтен айласын асырды. Ал ақтық кезеңде жергілікті балуан Мәди Амангелді Жамбыл ауданының өкілі Дәурен Нұрғожиннің жауырынын жер иіскетіп, “Имантау барысы” атанды.
Күреске айызы қанған көпшіліктің көңілі аударыспақ алаңына ауды. Желді күннің суығына қарамастан жігіттердің жеңіске жету үшін қаны қызып, жігерленгені анық байқалды. Нәтижесінде 80 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде ептілігі асқан Жамбыл ауданының өкілі Нұрсерік Қалиев жеңімпаз атанды. Уәлиханов ауданынан келген Абылайхан Махатов екінші орынға жайғасса, үшінші орын Мағжан Жұмабаев ауданының тумасы Ақылбек Ауғалиевке бұйырды. Ал 80 килограмнан жоғары салмақта өнер көрсеткен жігіттердің арасынан Уәлиханов ауданының өкілі Данияр Махатов топ жарды. Тайыншалық Дәурен Ілиясов екінші болса, есілдік Қуат Жолдаяқов үшінші орынға табан тіреді.
Білектің күші, жүректің батылдығы сынға түсетін жаппай көкпар, тіпті, қызықты өтті. Додаға 30 шабандоз қатысты. Олардың қатарынан суырылып шығып, үш рет салым салған Уәлиханов ауданының өкілі Еркебұлан Дүйсеков өзінің мықтылығын дәлелдеді. Дода соңында бас бапкер Мұрат Естаев әрбір қазақ баласының атқа мініп, ұлттық құндылықтарды қастерлей білуі тиіс екенін айтты.
– Ертеректе аттың жалында өскен қазақ балалары жастайынан соғысқа қатысқан. 17 жасында ерлігімен көзге түскен Қарасай батыр да аттың құлағында ойнап, тұлпарының тұяғы талай жерді шалған. Бүгінгі таңда балаларды ерте жастан ұлттық ойындарға баулысақ, ұтарымыз көп болмақ, – деді Мұрат Серікбайұлы.
Түстен кейін ас беріліп, батырлардың рухына Құран бағышталды. Табақтабақ ет тартылып, қонақтар тіл үйірер сары қымыздан дәм татты. Ауылдың ақ пейіл аңқылдаған адамдары арқа-жарқа болысып, бір-біріне “Той құтты болсын!” айтудан бір шаршамады. Ақшаңқан үйлерге бас сұғып, ақ дастарқаннан дәм татпай кеткендер болмады.
Шара барысында Қарасай мен Ағынтайдың тойындай ұлағатты шаралардың саны артып, жарқын күнді аманаттаған батырлардың есімі ұрпақ жадынан өшпесін деген ақ тілектер айтылды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: Қарасай-Ағынтай батырлар мемориалдық кешенінің 20 жылдығына орай өткен “Батырлар даңқы – бабаларға құрмет” шарасынан көрініс.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.