«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМНІҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Табиғаты тамаша “Орман” шағынауданындағы “Ақ қайың” бөбекжай-бақшасы осыдан екі жыл бұрын Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында пайдалануға беріліп, алғашқы бүлдіршіндерді қабылдаған едік. 140 орынға шақталған мекеме мамандары жеткіншектерді ойнау арқылы ойлауға үйретіп, денсаулығын шынықтырып, мектепке даярлайды. Әсіресе, сырқат балаларды сауықтыруға басымдық береміз. 

Өңіріміздегі мектепке дейінгі білім беру ісін жетілдіру мақсатында бой көтерген балабақшаның құрылысына мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында “Егоровские склады” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 500 млн. теңгеден астам қаражатын жұмсады. Нысанның жалпы ауданы 2356 шаршы метрді құрайды. Екі жыл ішінде мекемеде көптеген жаңашылдықтар орын алды.

Қазіргі таңда балабақшадағы жеті топтың төртеуінде тілінде кемістігі бар балалармен жұмыс жүргізілуде. Оның нәтижесі көңіл қуантатынын айтып өткен жөн. Бөбекжай-бақшада жоғары білікті дефектолог, логопед, психолог және басқа да мамандар, тәрбиешілер қызмет атқарады. Ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы жұмыста жақсы нәтиже көрсетіп келеміз. Мәселен, тәрбиеленушілеріміздің халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық байқауларда жүлделі орындар иеленіп жүргені – біз үшін үлкен жетістік.
Балабақша ұжымы “Мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеудегі жеке тұлғалық-бағдарлық көзқарас” әдістемесі бойынша жұмыс істейді. “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауқымды жұмыстар қолға алынғанын айта кеткен жөн. Оның бір дәлелі – балабақшаның жанынан ашылған ұлттық этнобұрыш. Балаларды қазақ халқының және басқа этностардың қолданбалы және бейнелеу өнерімен, тұрмыстық заттарымен таныстыру арқылы әлемдік мәдениетті білуге ынталандырамыз. Осылайша бұл этнобұрыш бүлдіршіндердің сөйлеуі мен қиялын дамытуға да септігін тигізуде.
Білім беру мекемесіндегі педагог мамандар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, яғни “Позитивті орталық” қағидаты бойынша жұмыс істейді. Онда әр баланың психологиясына мән беріліп, мүмкіндіктері және қызығушылықтары ескеріледі. Біздің жұмысымыз мектепке дейінгі білім берудің жаңа үрдістерін енгізуге бағытталған. Нәтижесінде бүгінде оқыту мазмұны жетіліп, балалардың ынта-ықыласы артып, тәртіптің де нығайғанын аңғардық.
Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Біздің негізгі міндетіміз – денсаулығы жақсы, белсенді баланы тәрбиелеу. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы.

Алтын СЕЙІТОВА,
“Ақ қайың” балабақшасының
меңгерушісі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp