«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГЕМЕНДІК БІЗГЕ НЕ БЕРДІ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыз үшін ең қастерлі де қасиетті мереке – Тәуелсіздік күні келіп жетті. Жыл сайын осы кезде өткеніміз бен бүгінімізді саралап, болашағымызды бағамдап, бар-жоғымызды түгендейміз. 28 жылдың ішінде қоғамдық өмірдің барлық саласында жүйелі жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осы тарихи уақытты, жетістіктеріміз бен табыстарымызды, құндылықтарымызды қадірлей, бағалай білу – өскелең ұрпаққа парыз. “Тәуелсіздік бізге не берді?” деген сұраққа әркім өзінше жауап береді. Осы айтулы күннің қарсаңында түрлі салада табысты қызмет атқарып жүрген азаматтардың пікірін сұрап білген едік. 

Гүлжайна ПІРІМБЕТОВА,

Бостандық орта
мектебінің мұғалімі:
– Мен – Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Еңбек ауылының тумасымын. Табиғаты әсем өңірге келіп, қоныстануыма Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бағдарламалардың көмегі тиді. Алдымен “Серпін” бағдарламасы бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде білім алдым. Оны аяқтаған соң “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында еңбек жолымды Мамлют ауданындағы Бостандық орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып бастадым.
Осындай мүмкіндікке қол жеткізіп, қалаған мамандығымызды таңдап, табысты еңбек етіп отырғанымыздың өзі егемендігіміздің арқасында деп білемін. Өткен жылы республикалық “Үздік педагог” онлайн олимпиадасына қатысып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталдым. Сондай-ақ, Болгарияның София қаласында өткен халықаралық ғылыми конференцияға ұсынған “Үштілді білім беру” атты әдістемелік мақалам топтама жинаққа енгізіліп, арнайы сертификатқа қол жеткіздім. Шәкірттерімнің жетістігімен де мақтанамын. Мемлекет жастарға мол мүмкіндік ұсынып отырғанда, оны тиімді пайдаланып, бар күшімді бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеуге жұмсасам деймін.
Гүлжанат ШАЛАҚАЕВА,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Әр отбасының басты арманы баспаналы болу десем, қателеспеймін. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен ел атанғаннан бері осы мәселені шешу бағытында ауқымды жұмыстардың атқарылуы қуантады. Әсіресе, жаңадан отау құрған жас отбасыларға қолдау көрсетілуде.
“Нұрлы жер” бағдарламасы өзіміз сияқты отбасыларға өте ыңғайлы әрі қолжетімді. Өткен жылы Тұңғыш Президент күні мерекесінің қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Береке” шағынауданынан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Жас шаңырақ үшін жеке баспанаға қол жеткізу – шексіз қуаныш. Бүлдіршіндерімен жылы ұяда береке мен сыйластыққа толы ғұмыр кешу әрбір жас отбасының болашаққа деген сенімін нығайтады. Тәуелсіздігіміз баянды болғай!
Әкімжан ТӨЛЕБАЙ,
“Jas Otan” жастар қанаты облыстық филиалы төрағасының орынбасары, “Жас сарбаз” әскери-патриоттық қозғалысы” облыстық филиалының төрағасы:
– Қазақстан үшін жастар – елдің басты байлығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі еліміздің болашағын өскелең ұрпақпен байланыстырып, үлкен үміт артып отырады. Тәуелсіздік жылдарында көп жетістікке қол жеткіздік. Дегенмен, мемлекетіміздің нығая түсуіне бұрынғыдан да мол үлес қосу үшін біз, жастар, одан әрі белсенді, білімді, бәсекеге қабілетті болуға талпынуымыз керек.
Бірнеше күн бұрын өскелең ұрпақтың өзін дамытуына үлкен мүмкіндік берген “Жастар жылының” жабылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облысы делегациясының құрамында бардым. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған табысты, белсенді жастар сөз алып, өздерінің тың жобалары, қолға алған істері, бастамалары жайлы баяндады. “Jas Otan” жастар қанаты және “Жас сарбаз” әскери-патриоттық қозғалысы” облыстық филиалдарының табысты жұмысы мен жетістіктері де атаусыз қалмады. Тәуелсіздігімізді баянды ету – әрбір жас ұрпақ өкілінің парызы. Ендеше, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп, қашан да еліміздің игілігі, дамуы үшін қызмет ету – біз үшін үлкен мақтаныш.

Дайындаған
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp