«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

 ЖАДЫМЫЗДА СОЛ КҮНДЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыздың ертеден азаттықты аңсап, егемендік жолында аянбай жандарын пида еткені тарихтан мәлім. Соның дәлелі – бабаларымыз өз заманында қаншама ұлт-азаттық көтерілістер мен толқуларды бастан кешіп, тәуелсіз, егеменді мемлекет құруға талпынды. Осындай ұлтымыздың ұлылығын асқақтатқан оқиғаның бірі  – Желтоқсан оқиғасы. 

1986 жылы мен 39 жаста едім. Жамбыл ауданындағы Жамбыл ұжымшарында агроном болып жұмыс істеп жүргенмін. Желтоқсан айының басында ұжымшар директоры маған Алматыға екі айға оқуға баратынымды хабарлады. Сөйтіп, біздің өңірден Жұмағали Сарбаев деген азамат екеуіміз Алматыдағы жер өңдеу институтына аттандық. Қателеспесем, желтоқсан айының 17-сі болуы керек. Кешкілік бөлмемізде тамақтанып отырғанбыз, жатақханадағы кезекшілердің бірі жоғары оқу орнының проректоры келе жатқанын айтты. Еш нәрседен хабарымыз жоқ біз жан-жағымызды жинастырып, проректордың келгенін күттік. Бөлмемізге асығыс кіріп келген оқу орнының басшысы 16 желтоқсан күні басталған көтеріліс туралы баяндап, Қазақ Компартиясы Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына өзгенің келгенін хабарлады. “Бұл шешімге қарсылық танытқан жастар, қала тұрғындары кешеден бері орталық алаңды босатар емес. Биліктің шешіміне қарсы шыққандардың бәрі ертелі-кеш сотталады”, – деді де арамызда бұл митингке қатысқан ешкім жоқ па деп сұрады. Жанымдағы жігіттер бірінен соң бірі “бұл не сұмдық?“ дегендей, алаңға шыққан жастардың әрекетін құптамай, проректордың сөзін қостай кетті. Бірақ мен көпшіліктің бұл ойына қарсылық білдірдім. “Студент іні-қарындастарымның бұл әрекеттерін ерлікке балаймын. Олар дұрыс қадам жасады. Әр республиканы өз көсемі басқарсын. Ешбір ұлтқа артықшылық берілмесін деп алаңға шыққаны үшін олар неге кінәлі болуы керек?!” – деп бір ауыз пікірімді білдіргенім сол еді, проректор ашуға булығып, жауапқа тартылатынымды ескертті. Ақыры солай болды. Менің бұл әрекетім “ұлтшылдық” деп бағаланып, ауылға оралған соң 1987 жылдың ақпан айынан бастап құқық қорғау орындары тарапынан тергеле бастадым. Мен барлық жиналыстарда өзімнің судан таза, сүттен ақ екенімді дәлелдеуге тырыстым. “Егер осындай көтерілістің боларын алдын ала білсем, мен де алаңға шығар едім”, – деп өз дегенімнен қайтпадым. Билік қана емес, тіпті, ауыл тұрғындары да менен теріс айнала бастады. Туыстарымның арасында да пікірімді қостамайтындар пайда болды. Қалай дегенмен де, мен өз айтқанымнан қайтпадым. Алайда, осы бір ауыз сөзім үшін өз жерімде өгей адам секілді күн кештім. Көшеге шығудан қалдым. Тіпті, көрші-қолаң мені ауыл ішіндегі той-томалаққа шақыруды доғарды. Сол сәтте өзімді халық жауы ретінде сезініп, қатты күйзелдім. Қорлық көргенімше, сотталғаным артық еді деп, уайымға салынған күндер де аз болған жоқ. Қалай болғанда да, Жаратқаннан отбасыма, балаларыма кесірі тимесе екен деп тіледім. Ол кезде балаларым кішкентай болатын. Көшеде келе жатып, оларға біреу “сендердің әкелерің сатқын, билікке қарсы шықты” деп айта ма деп алаңдайтынмын. Сол жылдары менің жарыма да оңай болған жоқ.

Бірнеше тергеу-тексерулерден кейін ұжымшарымызда шешуші жиналыс болып, ақыры мені бастауыш партия ұйымы хатшылығынан босатты. Партия билетін билікке қайтарып, ауыл төңірегіндегі барлық жиындардан шеттетілдім.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастарға өзімше үн қосқанымды балаларым мен немерелеріме айтып отырамын. Көкейдегісін билікке ашық айтқаны үшін өрт сөндіргіш көліктердің табанында тапталған қаншама қаракөздеріміз қыршынынан кетті. Улы газға тұншықтырылып, итке таланған, аяусыздықпен зорланған қазақ қыздары мен намысы тапталған қазақ жігіттері оқиғадан соң жаппай қудаланды. Сол күндері барлық бұқаралық ақпарат құралдары қазақ жастарын ұлтшыл, бұзақы, маскүнем, нашақор деп айыптады. Толқулардан кейін бірнеше күннен соң баспасөз беттерінде шындыққа жанаспайтын түрлі хабарлар таратылды. Ұлтшыл студенттер тобы қоғамдық тәртіпті бұзды, өрт ұйымдастырып, бүлік шығарды, бейкүнә адамдарды соққыға жықты деп, алаңға шыққан қазақ жастарына неше түрлі жала жабылды.
Бүгінде Тәуелсіздіктің гүлденген шағында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова сынды алаңға шығып, намысын қолдан бермеуге тырысқан батыр ұл-қыздарымыздың есімі құрметпен аталып, Желтоқсан оқиғасы ерліктің нышаны ретінде абыроймен еске алынады.

Дүйсенбай ҚҰРМАШЕВ,
зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp