«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РУХЫМЫЗДЫ СЫНДЫРА АЛМАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздікке қол жеткізу оңай болған жоқ. Бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті. Әсіресе, Желтоқсан оқиғасының жаңғырығы жылдар алға жылжыған сайын айқындалуда. 

Мен Петропавлда мектепті тамамдағаннан кейін 1984 жылы ҚазМУ-дің тарих факультетінің “КОКП тарихы” бөліміне оқуға түстім. Желтоқсан оқиғасы кезінде үшінші курста оқып жүргенбіз. Білім ордасында кілең обком, қалком, ауком хатшыларының балалары оқитын. Бәріміз де саясатқа жүйрік, сергекпіз.

Біздегі толқулар 16 желтоқсан күні басталды. Радиодан Дінмұхамед Қонаевты қызметінен алып тастағанын, оның орнына ешкім білмейтін Колбин дегенді алып келгенін естіген соң-ақ біздің наразылығымыз күшейе түсті. Бәріміздің “Бұл не деген бассыздық, бізбен неге санаспайды?” деген сөздеріміз оттай лаулап жатты. Қонаевтың халық арасында беделі өте зор еді. Осындай адамды үн-түнсіз, ешқандай себебін айтпай, екі кештің арасында қызметінен алып тастағаны мен үшін әділетсіздік болды. Оның еңбектері мен істерін жақсы білетіндіктен, біз оны пір тұтатынбыз. Университет қалашығын тұрғызып бергені үшін де құрметпен қарайтынбыз. Осындай адамды қызметінен еш себебін айтпай қуып шыққаны қанымызды қайнатты.
Кешкі сағат сегіз кезінде студенттер жатақхананың “қызыл бұрышына” жинала бастадық. Сол жерде біреулер “ертең орталық алаңға барып, өзіміздің қарсылығымызды білдірейік” деген ұсыныстар жасады. Осы сөзді бәрі “дұрыс-дұрыс” деп қоштай жөнелді. Бірақ қыздар жағы сабақтан қала алмадық. Сөйтіп, ертесіне сабаққа бардық. Бірақ аудиторияда да сол оқиғаны талқылап, шулап жаттық. Сабақтың соңында қалалық комсомол комитетіне күнделікті тәжірибеден өтуге баратынбыз. Біз барсақ, онда ешкім жоқ. Бәрі де алаңға жиналып жатыр деген әңгіме естідік. Сосын досым Индира Мұхамеджанова екеуіміз автобусқа отырып, Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысынан түсіп, алаңға тарттық.
Біз келсек алаңға жастар жиналып қалған екен. Үлкен кісілер келіп, тәртіп бұзбаңдар деп ескертіп жүрді. Біздің талабымыз – Колбиннің кетуі, Қазақстанға өзіміздің бір адамымыздың басшы болып тағайындалуы еді. Оған ешкім жауап берген жоқ, тек алаңнан кетуімізді талап етті.
Кешке қарай алаңдағылардың қатары қалыңдай түсті. Келгендер жұмысшы жастар екен. Араларында қыздар да көп. Ән де шырқалды, айғайлар да үдеп кетті. Басшылардың “тараңдар, тынышталыңдар” деген сөздеріне жастар айғайлап, ысқырып жауап қатты, тіпті, қар лақтырып жатты.
Кешкі сағат сегіз кезінде алаңға өрт сөндіргіш машиналар келіп, үстімізге суық су шашты. Сол күні далада ызғар да күшті еді, оның үстіне су шашқаны бізді қатты ашындырды. Жігіттер жиектастарды қопарып, машиналардың шынысын сындырды. Осы кезде қақтығыс басталды. Жастар қашудың орнына қасқайып қарсы шықты. Курсанттар мен солдаттар бізге қолдарындағы тоқпақтарымен, күрекшелерімен лап қойды. Жігіттер де қолдарына не іліксе сонымен қорғанып, қарсыласып жатты.
Түнгі сағат екі кезінде жатақханаға жеттік. Келсем менің бөлмемде деканның орынбасары және тағы екі адам отыр екен. Олар бөлмелерді аралап, студенттерді тізімге алып жүрсе керек. Кіріп келген мені “қайда болдың” деп тергеуге алды. Мен құрбымның үйінде болдым деп жауап бердім. Олар мені тағы да жарты сағаттай тергеп, ештеңе біле алмай кетті. Ертесіне бізді жатақханадан шығармай қойды. Бірақ мен түс кезінде дүкенге бару үшін сыртқа шықтым. Далада бастарынан жарақат алған екі жігітті көріп, оларды жатақханаға алып келіп, жарақаттарын таңып бердім.
“Қызықтың” көкесі сосын басталды. 20 желтоқсан күні аудиторияда дәріс тыңдап отыр едім, бір уақытта есік ашылды да: “Мұқанова бар ма?” – деді қатты дауыспен. Лектор тоқтап қалды, бәрі тым-тырыс. Мен орнымнан тұрып: “Бар”, – дедім. “Бізбен жүріңіз”, – деп біреу мені факультеттің музейіне алып келді. Сол жерде КГБ-ның үш қызметкері тергеуге алды. Біреуі – майор, екеуі әскери киімсіз еді. Олар мені “Алаңға бардың ба?”, “Кімдерді көрдің?” – деп сұрақтың астына алды. Мен оларға: “Алаңға барған жоқпын”, – деп бет бақтырмадым. Сөйтсе, екі адам өздерінің жауаптарында менің фамилиямды атапты. Соның бірі – Ғ.Құсайынов деген жігіт. Ол: “Мен ешкімге қол көтерген жоқпын, нанбасаңдар мені көрген Б.Мұқановадан сұраңдар”, – депті. Мен Ғабитті көргенім рас, бірақ ол алаңда емес, автобус аялдамасында болған еді деп соқтым. Егер алаңда көрдім десем, тағы кімді көрдің деп сұрақты жаудыратындарын білдім.
Тергеушілер мені қорқытып: “Оқудан шығасың, түрмеге түсесің, бірнеше жылға сотталасың, одан да мойында. Алаңға барыңдар деп айтқан кім, кіммен барғаныңды, кімдерді көргеніңді айт”, – деп қинады. Осы сұрағандарымызға жауап жаз деп қалам мен қағаз берді. Неге екенін білмеймін, қорыққаннан ба, “жаз, жаз” деп қинағанда не жазарымды білмей, ағылшынша “yesterday” деген әннің сөзін жазыппын ғой…
Әлгіні көрген майор айғайға басты. Ұрсып, ауыр сөздер айтты. Бірақ мен де алған бетімнен қайтпадым. Осылай тергеу он шақты күнге дейін созылды. Күнде менің соңымнан келеді де тұрады. Ақырында жүйкем сыр бере бастады. “Менде нелерің бар, мен алаңға барған жоқпын”, – деп айғайлайтын халге жеттім. Тіпті, “Мені Сібірге жіберсеңдер ол жақта да көтеріліс жасаймын”, – деп аузыма келгенді айтып, қарсы шықтым. Жүйкенің жұқарғандығы бар, оның үстіне өзіңнің жазықсыз екеніңді сезіну бар, ең бастысы, жастықтың қызуы бар, әйтеуір, алған бетімнен қайтпадым. Бәрінен ауыры – менің курстастарымның менен теріс айналғаны. Олар маған өшпенділікпен қарап, “националистка” деп сыбырласатынын сезіп жүрдім. Мені комсомол жиналысына салып, сөгіс бергізді.
Бір күні кезекті рет тергеуге апарды. “Қазір алаңда болғаныңды айтатын адаммен беттестіреміз”, – деді. Сөйтіп Индира Мұхамеджанованы итеріп кіргізді. Индира маған айғайлап: “Багда, не признавайся, я им ничего не сказала”, – деп айғайлағаны ғой. Алып келген адам: “Аузыңды жап”, – деп сасқалақтап жатыр. Оның айғайынан күш алған мен де бұрынғы айтқандарымнан қайтпай, алаңда болған жоқпын деп тұрып алдым… Ақыры олар менен түк шықпасын түсінді. Оқудан да шығарған жоқ, тек комсомолдық сөгіс берді.
Таныстарымның арасынан Орал Смағұлов, Ермұхан Қуандықов сотталды. Әрқайсысы екі жылға бас бостандығынан айырылды-ау деймін, ұмытып қалыппын. Содан бері қаншама уақыт өтсе де, алаңда болған оқиғалар бүгінгідей көз алдымда.

Бағдат МҰҚАНОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp